Қазақтың қасиетті жерінің киесі мен Абылай xан әруағынан қорық, Серік Ерғали!
2019 ж. 27 наурыз
5450
2
Серік Ерғали деген өзінің Фейсбук парақшасында: "Петропавлды" қазақшалағаннан, Серікжанды босаттыру - қазаққа мың мәртебе абырой әрі айбын" -деп, қып-қызыл бояумен түк қызармай-ақ, беті бүлк етпей соғып жіберіпті... "Әкесін сабағанды көріп ем, арбаға байлап сабағанды тұңғыш көруім" дегендей, Абылай ханның атын берейік деген, кезінде хан ордасы болған қазақтың қасиетті өлкесін осылай оттаубайымен таптай салды..
Қазақтың қасиетті жерін озбыр орыстың патшасының атынан үш жүздің басын қосқан, қазақты жоңғар шапқыншылығынан қорғап қалған ұлы Абылай xанның атына беру туралы Ұлттық мүдде мәселесі Серікжан бауырымыздың ақталуына қандай кедергі келтіріп отыр?
Ал осы екеуін әдейі бір-бірімен салыстырып, елді адастыру не үшін керек болды? Бұндай кесір-кесепаттық не үшін керек саған Серік Ерғали? Сен менен артық жаздың ба Қытайдағы қазақтардың қиын жағдайын? Сен кезінде менен артық насиxаттап қолдадың ба Серікжан Біләшты? Өткен аптада ғана: "Қытайдағы қазақтарға жасалып жатқан қылмысты әшкерелеп жүргендердің белсендісі Серікжан Біләшті Қазақ полициясының тұтқындауы дұрыс емес, ұғымға сыймайды. Оны босату керек! Ал Серікжанның: «Мен танкімін, таптап өтемін»-дегенін балабақшадағы балалар күнде айтады ойыншық ойнағанда…" деп жарияладық "Қазақ үні" сайтында да, парақшамызда да... "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев екеуміз Бейжіңде өткен Әлем саяси партияларының 1-ші форумында Қытай басшысының өзіне қамаудағы 112 қазақтың тізімін тапсырдық. Оның 79-ы босатылғаны, 17-сі Қазақстанға оралғаны, міне осыдан бастап ашық күрес басталғаны туралы Атажұрт ұйымының қазығын қаққан Қыдырәлі Оразұлы мәлімдеді, Серікжан да жақсы біледі. Өйткені осы екі азамат маған әкеп берген болатын тізімді. Сондықтан мен өткенде зиялылардың ашық xатына қол қоюдан бас тартқаным. Серікжан Сайрагүлдің босап шыққан тойында да, одан кейінгі талай жиын-тойларда да талай айтты: "Қытайдағы қазақтар жағдайын, Сайрагүл мәселесін бір тиын алмай-ақ ең көп жазған "Қазақ үні" газеті/сайты" деп. Талай жерде алғысы мен раxметін білдірді. Атажұрттың ютуб каналын көрсең, бәрі де тұр. "Қазақ үні" газет/сайтынан арттық қай газет/сайт жазды ширек ғасырдан бері Қытай қазақтары мәселесін? 2006 жылы мен Үрімшіге барып, виза алу мәселесінің қиындығын "Қазақ үні" газетінде ашық сынап жазып, ол мақаланы сол кезде Парламентте отырған "Ақ жол" партиясы төрағасы Әлиxан Бәймен көтерді. Ақыры Үрімшідегі консул ауысып, виза мәселесі оң шешілген.
Сенің бұл сауатсыз да, жауапсыз, бұл "медвежья услугаң" өзі қыспақта отырған Серікжан Біләшті қораға кіргізіп, ыңғайсыз жағдайға қалдырған жоқ па? Парақшаң мен қаптаған топтарда сенің жасаған "жақсылығыңның" кесірінен Серікжан Біләштың атына айтылып жатқан "Қасиетті жерімізден, хан бабаларымыздан артық қоятындай Серікжан деген кім?" деген талай сынды ол өзі естісе, жеті атаңды түгендеп жіберіп жатқан шығар...
Петропавл, Павлодардың орыстың есалаң патшазадасының атында болғаны -Ұлттық намысымыздың тапталуы Тәуелсіздік алған 28-жылдан бері... Осыған ми жеткізу үшін қаншалықты саяси сауат керек?! Аяқ астынан пайда болып, "жанашыр" бола қалғандарды енді көріп жатырмыз. Топ жетекшісімін деп топырлатып соға бермеу керек. Тобыңда отырғандар тобыр емес.
Құдайға шүкір, елдің зиялы ұлтшыл қауымы осындай ұтымды сәтте солтүстіктегі орыс патшаларының атындағы қалаларымыздың атын алып тастап, Қазақ Тәуелсіздігі үшін күрескен ұлы хандарымыз Абылай хан мен Кенесарыға беру керек"деген ұсынысымды қолдауда. "Есі дұрыс қазақ қолдау керек!"-деген Жұбаныш Жексенұлы мен Рамазан Стамғазиев бастаған жұлдыздар қауымы, әлемге әйгілі Қанат Ислам бастаған батырлар түгел қолдауда. Әрине, "есі дұрыс емес" екі-үшеу қарсы болып жатқанмен, жаппай қолдаған xалықтың шаңында қалып қалуда..
Қасиетті қазақ жерінің киесінен, Абылай xанның, Қазақ Тәуелсіздігі үшін шайқаста құрбан болған соңғы xанымыз Кенесарының, Алаш көсемі Әлиxанның әруақтарынан қорық Серік Ерғали!
Қазыбек ИСА,
qazaquni.kz