Қарияларды қаңғыртып жібереміз бе?
2019 ж. 18 наурыз
4492
2
Құдай-ау, бізде кімдер министр, әкім, депутат болмады? Екі елі аузына төрт елі қақпақ қоя алмай, аңдамай сөйлеп жұрттың жүрегін ауыртқандар, түкке тұрғысыз «реформаларын» тықпалағандар, шала қазақшасымен халықты күлкіге қарық қылғандарды да көрдік. «Мұндай маман қалай ғана жауапты саланы басқарады, бұқараға қандай бағыт-бағдар береді?» - деген халық біздегі осы тектес кадрлық тағайындауларға да көндігіп алған секілді. Қазір оған ешкім таңғалмайтын болды. Солардың бірі, қазақшасы «қақалып» жатқан – Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсованың соңғы мәлімдемесі тағы да жұртты елең еткізді...
Көпбалалы аналарға немесе жағдайы төмен отбасыларға мемлекет трапынан жәрдемақы тағайындағанда отбасылық жалпы кірісті бақайшағына дейін тексеріп, тесік тиынына дейін санау басталды. «Күн көру деңгейінің жетпіс пайызы» деген желеу шыға келді алдымыздан. «Адам басына шаққандағы кіріс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан, яғни 20 789 теңгеден сәл ғана асып кетсе, бұл отбасы тұрмысы нашар отбасы санатына кірмейді. Себебі, тәртіп сондай» – деген болатын бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында журналистердің қойған сұрағына. Министрдің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылатындар саны қазіргі 570 мыңнан 830 мың отбасыға дейін көбеймек. Демек, осы күнге дейін 160 мыңнан астам адамдар жәрдемақыдан қағылып келген деген сөз. Бұл әлі толық дерек емес, жағдайы төмен отбасыларды түгендеу енді басталды.
Шынын айтсақ, мұндай «жарылқауды» халық түсінбей дал болуда. Елбасы көпбалалы аналардың ақпан айындағы талабынан соң өзінің тапсырмасында әрбір балаға айына 21 мың теңге жәрдемақы берілетінін жариялаған болатын. Бес балаға барлығы 16 мың теңге алып келген аналар үшін бұл кәдімгідей қомақты қаржылық демеу болары белгілі. Сонда «жетпіс пайыздық» шектеу қайдан шықты? Әлде Елбасының айтқаны аналардың талабынан тезірек құтылу үшін жасалған екұшты тапсырма болды ма? Немесе төмендегілер мемлекет басшысының бұйрығын бұрмалап отыр ма?
Санап көрелікші, отағасы айына айталық 150 мың теңге тапсын. Бұл ақша мынандай қымбатшылық кезеңде жанұясын асырауға жетпейтіні айдан анық. Берілетін 21 мың теңге тамағы бар, киімі бар, балалардың өзіне кетеді. Оның өзіне де жетпеуі мүмкін. Ал, қазір аспандап кеткен коммуналдық төлемдерді кім төлейді? Осы жағын есептеген жұрт «жетпіс пайыздық» желеумен жәрдемақыны жұлмалаған шенеуніктердің есеп-қисабына түсіне алмай жүр. Былайша айтқанда, нақты есеп бар. Бірақ қисап пен қисын жоқ.
Енді Мәжіліс депутаттарының неге дүрліккеніне қайта оралайық. Заң бойынша жағдайы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беру үшін олардың бүкіл кірісі есептеледі, оның ішінде зейнетақы да бар екен. Тек мүмкіндігі шектеулі адамдарға берілетін әлеуметтік жәрдем мен студенттердің шәкіртақысы ғана отбасының ортақ табысына жатпайтын болып шықты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың осыны айтуы мұң екен, жасы егде тартып қалғандар мен зейнеткер депутаттар бірден дүрлікті. Сонда әлеуметтік жәрдемақыға ілігу үшін ұрпақтары қартайып отырған зейнеткерлерді үйден қуып шығуы керек пе деген заңды сұрақ туындады. Онсыз да осы күнге дейін зейнетақысымен немерелерін бағып келген қариялар жылы ұясын тастап қаңғырып қалуы әбден мүмкін. Өйткені, тұрақты жәрдемақыдан қағылуға болмайды. Ал бауыр еті балалары мен немерелерін олар қартайғанда қайда тастап кетпекші? Тастағанда қайда барады? Міне, біз әдеттегідей бір мәселені шешеміз деп екінші бір түйінді тауып алдық деген осы.
Тым болмаса, қартайғанда өмір бойы еңбек етіп бұйырған қаражатымызды өзімізге жұмсайық деген депутаттар мемлекеттен зейнеткерлерге бөлек үй салып беруді сұрауға дейін жетті. Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова қазақшаға қиналмай-ақ, өзінің жатық білетін орысшасымен: – «Зачем выгонять? Надо строить дома, куда мы в старости пойдем. Это не дома престарелых. Это наши личные кооперативы. Построим, чтобы детям не мешать – уйдем жить на свои доходы», – деп салды керек болса.
Қарағұсованың бұл жолы күдік келтіретініндей бар, оны мойындау керек. Орысшаласа да ойы орынды шықты. Қарағұсованың бүгіннің өзінде бес бөлмелі баспана сатып алуға мүмкіндігі бар екеніне ешкім күмәнданбайды. Ал, қатардағы қарапайым зейнеткерлер не істейді? Олардың баспана алуға бір тиын артық ақшасы жоқ екені белгілі. Әлде мемлекеттік қызметкерлер «жетпіс пайызын» жалаулатып тексеруге келгенде көршісі мен туған-туысқандарының пәтеріне тығылып қалып немесе өз үйінен тіркеуден шығып, басы ауған жаққа қашу керек пе? Онсыз да баспана мен байлық үшін өзара соттасып жатқан ата-аналар мен балалар жетіп артылады. Бүгінгі қимылымызға қарасақ, жағдай соған жеткелі тұр. Көшеде қалған қариялардың саны бұдан кейін артпаса, енді кемімейді. Әлде көпбалалы аналар сияқты шеруге шығып олар да өз құқықтарын қорғау керек пе? Жоқ, ондай «бас аурудың» бізге керегі жоқ. Онсыз да шешетін мәселеміз жеткілікті. Сондықтан, қарияларды қаңғыртып жібермеудің де қамын қарастырғанымыз жөн...
Зейнолла АБАЖАН