ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ ҚАЗАҚ ОТБАСЫЛАРЫНА БАРЫП, АЛҒЫС АЙТТЫ
2019 ж. 03 наурыз
4126
2
Шымкентте Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында басталған апталық бүгін «Ықылас күні» атауымен жалғасын тапты. Бұл күні саяси депортация қасіретін бастан өткізген этнос өкілдерінің бүгінгі буыны, қиын-қыстау жылдары пана болып, қолдау көрсеткен қазақтардың бүгінгі ұрпақтары тұратын шаңырақтарға барып, ақеділ алғысын білдіреді. Мәселен, түрік этносының өкілі Тұрымбек Османов бүгін кезеңде ата-бабалары пана тапқан Ақылбек Ахметбай ақсақалдың отбасына барды.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.Зұламат жылдары бауырына басып, айырықша қамқорлық танытқаны үшін риасыз ризашылығын білдірді. Жанына қалалық корей, грек, иран этномәдени бірлестіктері мен «Ынтымақ» этносаралық бірлестігінің жетекшілерін ерте барған ол үй иесіне достықтың белгісі ретінде арнайы сыйлық тарту етті.
- Солақай саясаттың салдарынан біздің ата-бабаларымыз 1944 жылы Грузияның Ахысқа аймағынан қазақ жеріне қоныс аударды. 8 баласымен Шымкенттің маңындағы Қызылсай ауылына тап болған біздің бабаларымыз яғни Османовтар әулетін сол кезде Ахметбай ақсақал қабылдап, қоржын тамының бір бөлмесін ұсынды. Өздерінің басындағы қиын жағдайға қарамастан бір үзім нанымен бөлісіп, аштықтан, аурудан титықтаған халықты аман алып қалды. Осындай мейірімділігі үшін қазақ халқына шексіз ризашығымды білдеремін , - дейді түрік ақсақалы Т. Османов.
Қайтпас шағынауданында тұратын қос әулеттің ұрпақтары бүгінде өсіп-өнген. Бір туған бауырлардай өзара тығыз қарым-қатынаста өмір сүреді.
Алғыс айту мекерекесін асыға күтетіндердің бірі - шешен этносының өкілі Разван Амачев. 1944 жылы шешен-ингуш халықтары қазақ жеріне депортацияланғанда Равзан ақсақал 14 жаста болған. Шешен этносының қазақтардан көрген жақсылығын немерелеріне үнемі айтып отырады.
Мереке қарсаңында өздеріне қамқор болған Тоғыс ауылындағы Рыскелдиевтердің отбасына арнайы барып, шынайы алғысын жеткізді. Осы күні қалалдағы 16 этномәдени бірлестіктердің төрағалары да Шымкенттегі Қуатбек Қабылбековтың, Қуат Сүйеубаевтың, Өлмесхан Жаныбековтың отбасыларына барып, қазақ халқының жасаған жақсылығын еске алды.