Мұрат Бақтиярұлы Ұлт қайраткерлеріне арналған Үкімет қаулысын қабылдауды ұсынды
2019 ж. 14 ақпан
4039
1
Сенат отырысында (14 ақпанда) депутат Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә. Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінген:
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б.Ә. САҒЫНТАЕВҚА
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Осы депутаттық сауал жолдауға қазақ «Үш бәйтерегім» деп, бөліп жармаған, тел өскен сталиндік зобалаңның құрбандары, артына өшпес рухани мұра қалдырған қазақтың ақиық ақыны, қоғам қайраткері – Ілияс Жансүгіров, жалынды ақын, жазушы, дарынды драматург Сәкен Сейфуллин мен ауызша әңгіменің хас шебері, сатирик-жазушы Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойы себеп болып отыр.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында еліміздің рухани көшбасшыларының алдына қойған міндеттерінің ең маңыздысы – өскелең ұрпақтың ұлттық рухани дамуын қалыптастыратын шараларды іске асыру, жастарды өз Отанының тарихын, Ұлы даладан шыққан ұлы тұлғаларын білуге, құрметтеуге баулу, ұлтымыздың рухани бірегейлігін сақтау, нығайту.
Ұлт руханиятының үш арысының мерейтойларын республика, тіпті халықаралық деңгейде өткізу шаралары Үкіметтің ұлт қайраткерлерінiң, мерейтойларын атап өту туралы қаулысына да сәйкес келеді.
Қазіргі уақытта қоғам белсенділері мен бастамашыл азаматтардың ұйымдастыруымен жер-жерлерде өткізіліп жатқан шаралар «Үш бәйтеректің» рухани мұрасы мен тұлғасын тануға деген халқымыздың ынтасының зор екенін көрсетеді.
Бүгінде Ілияс Жансүгіровтың көркем мұрасы шетелдік оқырман қауымға да жол тартты, «Құлагер» поэмасының Ұлыбританияда ағылшын тіліне аударылуы туралы жаңалыққа халықтың ерекше қуанғаны әлеуметтік желілерде айқын көрінді. Дегенмен бұл тұлғалардың қаншама мұрасы жарыққа шықпай, халық игілігіне айналмай мұрағаттарда жатыр.
Осындай жағдайларды ескере отырып, Үкімет тарапынан:
Біріншіден, Ілиястану бағытындағы ғылыми-мұрағаттық, ғылыми-текстологиялық, филологиялық зерттеулер жүргізу;
екіншіден, Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы елдік брендін жасайтын ұлы мұраларының бірі ретінде Ілияс, Сәкен және Бейімбет шығармашылығының халықаралық деңгейде насихатталуына қатысты кешенді шараларды - шығармаларының шет тілдеріне аударылуын, туындыларының тұсаукесерін, ғылыми конференциялар т.б. жүзеге асыру;
үшіншіден, еліміздің жас ұрпағына «Үш бәйтеректің» мұрасын жете таныстыру үшін ақпараттық технологияларды қолданатын заманауи форматтағы, мысалы, онлайн-эссе байқауы, видеоблоктар, аудио подкасттар, т.б. түріндегі түрлі шаралар кешенін жүзеге асыру маңызды болмақ.
Бұл аталған шаралар Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Қоғамдық даму министрліктерінің жоспарларына, сол сияқты «Рухани жаңғыру» бағдарламасына енгізілуі тиіс деп санаймыз.
Жалпы осы аталған үш арысымызға, ұлт қайраткерлерімізге арналған мерейтойларын атап өту шаралар туралы Үкіметтің қаулысы қабылданса дейміз.
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, Сізден аталған ұсыныстарды қарастыруды және қолдаған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға сәйкесінше тапсырма беруіңізді сұраймыз.
qazaquni.kz