Теңге тағдырына тек қана қазақ жауапты
2019 ж. 02 ақпан
9015
0
Бір кездерде әлем бойынша абыройы асқақтаған, жетпіс жылдан аса одақ көлемінде қолданылып келген рубль атты ақша кеңестік одақ ыдырағаннан соң кебекке айналып, құнсызданып құлдырағанын өз көзімізбен көрдік. Көпшіліктің қамын қарастырған әлеуметтік жүйені талқандаған капиталистік құрылым үстемдік етіп, ширек ғасырдан бері дүниежүзін жаулап, дәуірі жүріп тұрған қазіргі доллардың бағамы сол уақытта бір рубльдің қасында 70-80 тиын деңгейінде ғана бағаланатын. Бастан бақ таямын десе қиын емес екен, ресейліктер сақтап қалған сол ақшаның да айтарлықтай құны қалмады. Жығылып жатып сүрінгенге күлетіндей күйге түскен біздің де төл теңгеміздің орыстың рублінің жолын құшқанына куә болып отырмыз...
Егемендік алып, тәуелсіздік туын көтерісімен дербес мемлекеттіктің негізгі нышанының бірі саналатын өз теңгеміз айналысқа енгенде бәріміз де өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай жүрегіміз жарыла қуанғанымыз әлі есімізде. Төл теңгеміз тұрмысымызды түзейтініне сеніміміз мол еді. Өйткені, капиталдың басты белгілерінің бірі болып есептелетін қаржы еліміздің экономикасы мен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына тікелей әсер ететіні айтпаса да белгілі.
Теңге туралы әңгіме бастаған соң оның тарихына қысқаша шолу жасай кеткеніміз артық емес шығар. 1993 жылдың 12-қарашасында Қазақстан президенті ұлттық валюта енгізу туралы жарлыққа қол қойып, үш күн өткенде Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге тұңғыш рет айналымға енгізілді. Төл теңгемізге үлкен үміт артып, қуаныштары қойнына сыймаған тұрғындарымыз 1993 жылдың 15-қарашасында ұзын-сонар кезекте тұрып, қолдарындағы ескі сабан ақшаны жаңа төл валютамызға айырбастай бастады. Ұлттық банк бастапқыда 1 теңгені 1000 рубльге бағалаған болатын! Неге екенін, одан кейін еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері мен мемлекетаралық қатынастарды алға тартқандар 1 теңге 500 сом деп бекітіп берді. Бұны сыртқа жалтақтау демеске амал жоқ.
Алғашқы төл теңгеміз Ұлыбританияда басылып шықты. Қажетті заманауи жоғары технологиялы жабдықтар сатып алынған соң, теңге өз елімізде шығатын болды. Қазір банкноттар Ұлттық банктің Алматыдағы «Банкнот» фабрикасында, ал монета Өскемендегі «Монета» сарайында шығарылады. Сөйтіп Қазақстанда «Ұлттық валюта күні» атты жаңа мереке пайда болды. Әрине, ол біз үшін өте маңызды күн болып есептеледі.
Ұлттық банкнот бедерінде әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр мен Абылайхан сияқты қазақтың ұлы ойшылдары, күйші-ақындары мен хандарының бейнесі болды. Кейіннен 2006 жылы теңгеміздің кескіні түбегейлі өзгеріп, ұлттық валютадан тарихи тұлғалардың бейнесі алынып тасталды. Жаңа банкноттарда қорғаныс қабаты күшейді. Себебі, оңай олжаға кенелгісі келетіндер валютаны қолдан жасаудан тайынбайтыны белгілі. Әділін айту керек, қазақ валютасы ерекше дизайнымен түрлі байқауларда топ жарып, ең үздік банкнот атағын иеленіп келеді. Дегенмен, валюта әдемі безендірілуімен ғана емес, өзінің құндылығымен, жоғары бағамымен бағаланатыны аян. Оның сатып алу қабілетінің жоғарылығы алдымен есепке алынуы тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда, өкінішке орай, біз мақтана алмаймыз. Төл теңгеміздің құндылығын арттырып, халықаралық сауда-саттық қарым-қатынастарда оның қолданысын көтердік деуге де келмейді. Оған теңге бағамының бүгінгі тұрақсыздығы мен құнының төмен құлдырауы нақты дәлел.
Естеріңізде болар, теңге алғаш айналымға түскен 1993 жылы қарашада 1 АҚШ долларының бағамы 4 теңге 70 тиын деп белгіленген-ді. Бұл теңгеміздің құнды валюталар қатарында болғанын көрсетеді. Бірақ алғашқы бір жарым айдың ішінде-ақ теңге шамамен 12 есе құнсызданып, бір доллардың бағасы 54 теңгеден асты. Бұдан кейінгі төрт жыл бойы теңге баяу, бірақ әлсін-әлсін құнсызданып, 1998 жылы долларға шаққандағы бағамы 84 теңгеге жетті.
Біртіндеп салмағын жоғалтып келе жатқан теңгеміз 1999 жылдың сәуірінде ең ірі девальвациялық құнсыздануға ұшырады. Қазақстанның премьер-министрі болып тұрған Нұрлан Балғымбаев пен Ұлттық банк басшысы Қадыржан Дамитов теледидардан теңгенің еркін айырбас бағамына өткенін хабарлады. Сол кезде Балғымбаев теңгенің еркін айырбас бағамына өту көрші елдердің экономикалық саясаты мен сыртқы факторлармен негізделген мәжбүрлі шара деп түсіндірді. Мұнайдың иісін алты айлық жерден сезетін Балғымбаевтың қаржы саласын қаншалықты жақсы білетінін дөп басып айта алмаймыз. Бұл шешімді билік басындағы саясаткерлер мен қаржыгерлер бірігіп қабылдаған болуы керек. Теңгені еркін айналымға жіберудің соңы қайда апарып соғарын бірқатар сарапшылар айтып жатты.
Сөйтіп, теңге бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 64,6 пайызға құнсызданып, бір долларға шаққандағы құны 138 теңге 25 тиын болып қалды. Бұдан кейін теңгенің арзандау қарқыны бәсең жүріп, 2002 жылы бір АҚШ долларының бағасы 156 теңгеге табан тіреді.
Екінші девальвация 2009 жылдың ақпанында болды. Бұл кезде төл теңгеміздің құны 25 пайызға түсіп кеткен еді. Бірнеше сағат ішінде айырбас пунктерінде доллар құны 138 теңгеден 170 теңгеге дейін өсті, ал кейін теңгенің долларға шаққандағы бағамы 150 теңге деңгейінде орнады.
Араға бес жыл салып, ұлттық валютамыз тағы құлдырады. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы 155,5 теңгеден 185 теңгеге дейін өсті. Ұлттық банк теңгенің бұлайша құлдырауын әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы ахуалмен түсіндірген еді.
2015 жылдың тамызында қазақстандықтар бүгінгі таңдағы төртінші әрі соңғы девальвацияға куә болды. Ұлттық банк теңгені еркін айналымға жіберіп, жаңа ақша-несие саясатын бастады. Бұл жаңалықтан кейін теңгенің биржалық бағамы бір тәулікте 26%-ке түсіп, доллар 255 теңгеден сатыла бастады. Теңгенің төмен құлдырауы одан кейін де жалғаса берді. Рас кейбір кезеңде теңге күш алып, көтерілген күндері болды. Онда да қысқа мерзімге және бағасы сәл ғана артқан-ды. Ал, қазіргі жағдай бойынша теңгенің долларға шаққандағы бағамы 380 теңгеге жетіп жығылды. Бұл біздің теңгеміздің ширек ғасырда басынан өткерген тауқыметті тарихының бір көрінісі ғана. Байқап отырғанымыздай, теңгенің маңдайына жазылған тағдырға таңғалып, қызығатындай емес, керісінше жаның ашиды. Егер теңгеге тіл бітсе: «Ей қазақтар, мені осынша сүмірейтіп сорлы ететіндей сендерге не жазып қойдым?» дейтіні айдан анық.
Осыған дейін болған бас банкирлердің бәрі және кейбір экономист мамандар, сарапшылар теңгенің құлдырауын әлемдегі мұнай бағасының құбылуымен байланыстырып келді. Рас, экономикамыз негізінен шикізатқа негізделген соң олардың айтқан дәйектерінің алар орны бар. Бір жақсысы елімізде жерасты қазба байлықтары мол. Бірақ оның да шегі бар емес пе? Бұрынғы одақ құрамында болған қазба байлықтар қоры аз мемлекеттер сонда қалай күн көріп отыр деген сұрақ туындайды осындайда. Табиғи ресурстары мол ресейліктерді есепке алмағанда, Прибалтикадағы және өзге де өзімізбен көршілес жатқан мелекеттердің төл валюталарының бағамына назар аударып көрелікші. Ауыл шаруашылығы саласы мен басқа да кәсіпорындарын жоғалтпай, керісінше қайта жарақтап дамыта білген Беларусьтің бір рублі – 2,15 долларға, молдавандардың бір лейі – 17,11, латыштардың бір латы – 0,61, түркімендердің бір манаты – 3,49, эстондардың бір кроны – 3,94, қырғыз сомы – 68,70 долларға бағаланып келеді. Әзірбайжандардың манаты біздің теңгемен деңгейлес. Бір долларға шаққанда 8 375.67 сумға құлдыраған өзбек ақшасы ең соңғы орында екен. Өзбекстанға бір барғанымызда олардың бір бума ақшасын айырбастап алған бір жерлесіміз «Мынау ақша емес сабан ғой» дегені бар. Әрине, біздің теңгемен салыстырғанда солай көрінуі мүмкін. Ал, Беларусь немесе Латвиядан келген қонақтар жаңағыдай біздің теңгемізді сабанға теңесе не дейміз? Осыған қарап неге біздің теңге төмен құлдырап кетті деген сұрақ туындауы заңды.
Бұған мамандар мен сарапшылар әртүрлі болжаулар айтып жүр. Мысалы, «Казкоммерц Секьюритиздің» сарапшысы Нұрлан Рахымбаев доллардың біздің елімізге тым еркін енуіне оның әлемде үстемдік етуімен, орыс рублінің әлсіреуімен және ел ішінде долларға деген сұраныстың тым жоғары болуы, сол сияқты бұрындар сырттан алған қарыздарды қайтаруға байланысты деп топшылайды. Маманның айтқанын жоққа шығаруға болмайды. Сырттан белгілі бір пайызбен қарыз аламыз, оны қайтарғанда тағы доллар сатып алуымыз керек. Сонда бір қарыз үшін екі рет шығынданамыз. Өз валютасын әлемдік айналысқа салған америкалықтар жер бетінде үстемдік құрып отырғаны ақиқат. Оларға өз валютасының осы айналымы арқылы қыруар пайда әкелгені қолайлы. Сөйтіп басқа елдерді өзіне табындырып, алдымен экономикалық сосын саяси үстемдік құрады. Оны біз саяси себептер тауып, қит етсе өзге елдерге экономикалық санкция жариялап жатқанынан-ақ байқап отырмыз. Ал шындап келгенде оған ондай құқықты кім беріпті? Америка да өзге Франция, Германия немесе басқа да елдер сияқты мемлекет, сондықтан, бұны экономикадан бұрын әлемге үстемдік етсем деген үлкен саясат деп ашық айтқан жөн.
Доллардың бізге еркін енгені соншалық өткен жылдарда ішкі есеп айырысудың өзі америкалық валютаға айналып кетті емес пе? Осыны дер кезінде байқап, ішкі есеп айырысуды тек қана теңгемен жүргізу керектігі туралы заң шықты. Бұл өте дұрыс болды. Өйтпегенде, бүгін теңгемізді өзгелерден бұрын өзімізден іздеп таба алмайтын күнге жетер едік.
Доллар неге соншалықты үлкен сұранысқа ие? Өйткені біз көптеген тұтыныс тауарлары, оның ішінде кейбір азық-түлікті де сырттан сатып аламыз. Тауарларын экспорттаушы елдер оның құнын әрине, дүниежүзілік айналымда тұрған америкалық доллармен алғысы келеді. Содан барып долларға деген сұраныс артады. Оны болдырмау үшін алдымен сол сырттан сатып алатын тауарларды өзіміз өндіруіміз қажет. Ол заттар өзімізде шығарылса, сырттан қымбатқа сатып алудың қажеті қанша? Соған орай доллардың да қажеттілігі өзінен өзі азаяды. Оны тек қана сыртқа саяхатқа шыққандар ғана қажетінше айырбастап алуы мүмкін. Онда да қай елге баратыныңызға байланысты. Өйткені, әрбір мемлекет өз елінде өзінің ақшасын пайдаланғанды талап етеді.
Демек, теңгенің құлдырауының басты себебінің бірі – отандық өндірісте жатыр деп айтуға болады. Басқасын қойып бір ғана мұнайды алайықшы. Одан жанармайлар, басқа да тұтынатын тауарлардың бірнеше түрін шығаруға болады. Сол кезде оның пайдасы шикізат күйінде сатқаннан ондаған есе өседі. Қаншама жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың тұрмысы жақсарады. Сол сияқты, өзге де қазба байлықтарды өңдеу, тіпті аграрлық мүмкіндігі мол ел ретінде ауыл шаруашылығын, басқа да өндіріс салаларын дамытуға міндеттіміз. Өкінішке орай, бұл бағытта бізде айтарлықтай қарқын жоқ. Осы жағына баса назар аударуымыз керек.
Бұл жерде атақты қаржыгер болудың да қажеті жоқ. Адам капиталы, өндіріс, жаңа технология мен техника сияқты экономиканың төрт тіреуінің бірі саналатын қаржы саласына сыртқы және ішкі саясаттың араласқаны айтпай-ақ көрініп тұрған жоқ па? Жекеменшік банктердің шынайы иесі қатардағы қарапайым қойшы емес, ықпалды адамдар. Сондықтан, бас банкир оларға үкімін жүргізе алмайды. Бағамның бір түсіп, бір көтерілуінен ақша жасайтындар да бар. Теңгенің құнсыздануына басқа да себептер жетерлік. «Теңге үшін неге соншалықты күйіп-пісіп кеттіңдер, оны бізден ешкім тартып алайын деп жатқан жоқ қой» дейтіндер де табылар. Ешкім тартып алмайды, құнсыз валюта кімге керек? Керек болса ол тек қана қазаққа қажет. Америкалық Сэм ағай мен корейлік Ким көкеге теңге күйіп, күлі көкке ұшса да бәрібір, олардың өз валютасы бар. Өз ақшаларын қорғау үшін олар бар жанын салады, түрлі құйтырқы әдістерді қолданып, керек болса өзгелерді арандатуға дейін барады. Ал, біз ше?
Алдында біз теңгеміз еліміздің туы мен елтаңбасы секілді мемлекеттік нышандандарымыздың бірі дедік. Ол рас, оның үстіне теңге әрбір тұрғынның тұрмыс, күнкөріс тірегі. Көк байрағымыздың тұғыры қандай биік болса, теңгеміздің де маңызы мен құдіреті сондай деп бағалауға міндеттіміз. Сыныққа айтар сылтауды сырттан келер ықпалға, құны күнде мың құбылып тұратын доллар мен мұнайға жауып, солардың ығында жүруіміз керек пе? Біз де төл теңгемізді қорғауымыз керек қой? Соның жолдарын қарастырып, бір нақты әрекетке көшетін уақыт жетті емес пе? Теңгенің болашағы мен тағдырына тек қана қазақ жауапты екенін естен шығармайық...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz