Елбасы әкімдерге жастармен кездесуге кеңес берді
2019 ж. 31 қаңтар
2799
1
Қазақстан Президенті халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру мемлекеттің негізгі міндеті саналатынын айтты, - деп хабарлайды Ақорда.
– Ең бастысы – әлеуметтік мәселелер, коммуналдық қызметке қатысты тарифтер, аса қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасы. Мұның бәрін сіздер айрықша бақылауда ұстауларыңыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев жылу беру маусымы аяқталғанға дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ күннің жылынуына байланысты су тасқыны қаупінің алдын алу мәселелеріне арнайы тоқталды.
– Былтыр апатты жағдайлар көп болды, биыл оның қайталануына жол бермеу керек. Табиғаттың қауіп-қатерлеріне қарсы шұғыл әрекет етіп, алдын ала тиісті шаралар қабылдау қажет. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында 800-дей адам мен 280 автокөлік қар құрсауында қалып қойған. Біз адамдарды қауіпті жағдайда қалдырмауымыз керек. Төтенше жағдайлардың салдарын жою, оның алдын алуға қарағанда, бірнеше есе қымбатқа түседі, – деді Елбасы.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті азаматтардың арыздары мен өтініштерін өзара іс-қимылдың «кедергісіз» форматын қалыптастыру арқылы шұғыл қарастыру қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы еліміздегі оң өзгерістердің басты қозғаушы күші саналатын белсенді жастармен жұмыс жүргізу қажеттігіне назар аударды.
– Мен жақында жастармен кездестім. Өңірлеріңізде талапты жас азаматтар бар. Егер бір рет болса да олардың басын қосып, әңгімелессеңіздер, көптеген маңызды ұсыныстар естисіздер. Қоғамның осындай белсенді өкілдерін жұмысқа тартып, оларды өзгелерге үлгі ету керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы өңірлердегі азаматтардың жеке қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ісіне облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері жауап беретінін айтты.
– Біз құқық қорғау жүйесін реформалауға кірістік. Сіздерге полиция департаменттерінің бастықтарын тағайындап, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде міндеттер белгілеу құқығын бердік. Сіздер жергілікті жерлердегі тәртіп үшін солармен бірдей жауап бересіздер, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы көктемгі дала жұмыстарын техникамен, тұқыммен, тыңайтқышпен және жанар-жағармаймен уақтылы қамтамасыз ету, сондай-ақ бірқатар ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қарызына қатысты мәселелерді шешу қажеттігіне арнайы тоқталды.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Президент Әкімшілігіне бүгін жүктелген барлық міндеттердің іске асырылуын бақылауға алуды тапсырды.