Ел экономикасының өсімі 4 пайыздан асты - Назарбаев
2019 ж. 30 қаңтар
5455
0
Қазақстан экономикасының барлық саласында жақсы қарқын байқалады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы 2018 жылдың көрсеткіштері экономиканың барлық саласында жақсы деп айтуға болады. Соның арқасында халыққа әлеуметтік қызмет көрсететіндей жағдай болды. Атап айтсақ, экономиканың өсімі 4 пайыздан асты. Бұл жалпы дүниежүзілік орташа өсімнен жоғары. Негізінен саудада 7,6, көлікте 4,5, өнеркәсіпте 4 пайыздан астам өсім бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы ел экономикасының басқа да салаларында жақсы қарқын байқалатындығын атап өтті.
«Инфляцияның өткен жылғы көрсеткіші 5,3 пайызды құрады. Солай деп жоспарланған едік. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 17 пайыздан асты. Бұл да жақсы көрсеткіш деп айтуға болады. Аталған экономикикалық көрсеткіштердің барлығы халық тұрмысын жақсарып, нақты табысының артуына өзінің үлесін тигізеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы кеше 5 облыс әкімімен кездескенін еске салып өтті.
«Есептерін тыңдадық. Өңірлерде де істеліп жатқан шаруа аз емес. Барлығы біздің бағдарламаларды орындау үшін атсалысып, жұмыс істеп жатыр», - деді Елбасы.