Тасымалдау саласын түгелдей тексеру керек
2019 ж. 19 қаңтар
5848
1
қымбат билеттерді қайтарған сәтте, бұл комиссиялық алым өзгеріссіз қалды. Яғни, қызметті пайдаланбасаңыз да 1000 теңге алынып қалынады. 3 мың 500 теңгелік билетті қайтарғандарға 1000 теңге айыппұл салу туралы ереже былтыр енгізілген еді. Осы арқылы заңсыз билет саудалап жүрген делдалдардың жолын кеспек болыпты-мыс. Айыппұлдан кейін билеттен бас тартқандар саны 30 пайызға азайған дейді тасымалдаушылар. Десе де «Қазақстан темір жолы» 3 мың 500 теңгеге дейінгі билеттерге толық жеңілдік жасап отырған жоқ. Егер арзан билетті тура жол жүретін күні, уақыт аз қалғанда қайта өткізсеңіз, комиссия ұсталады. Сүйінші сұрағандай болған «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының бұл жаңалығы жұртты қуантып, басындағы бөрігін аспанға атқызды деуге келмейді. Байқап отырғандарыңыздай тек қана арзан билетті кері өткізсеңіз ғана бір мың теңгелік айыппұлдан құтылады екенсіз. Ауыз толтырып айтқан, жасаған «жақсылықтары» естіген адамның еріксіз күлкісін тудырары сөзсіз. Соның өзіне қабырғалары қайысып, қолдары мен дауыстары қоса дірілдеп әзер барғаны көрініп тұр. Онда да мыңдаған жолаушылардың жанайқайынан кейін айыппұлдан бас тартуға мәжбүр болған. Бұл не деген тойымсыздық десеңізші. Егер адам осы қызмет түрін пайдаланбаса, билетті алдынала өздеріне өткізіп берсе неге ол айыппұл төлеуі керек? Аталмыш айппұлдың түрін олар қандай заңға сүйеніп салып келді? Осы ережені біздің заң шығарушы орган – Мәжіліс бекітіп беріп пе? Бұл адам құқығын бұзудың өрескел түрі емес пе? Мысалы жолаушы жол жүрер алдында ауырып қалуы мүмкін, немесе туған-туысқандарының біреуі қайтыс болса, билет алып қойып едім деп бәрін тастап міндетті түрде пойызға асығуы керек пе? Санаға сиымсыз құйтырқы ережелерді ойлап табуға келгенде біздің кәсіпкерсымақтар алдына жан салмайды. Бір ғажабы, оларға ешкім ештеңе демейді. Осы тектес заң бұзушылықты тексеруге тиісті прокуратура, жемқорлыққа қарсы күрес сабаздары, толып жатқан біздегі құқық қорғаушылар қайда қарап отыр? Заңсыз айыппұлды қалталарына басқан тасымалдаушыларды тексеріп, тәртіп орнату солардың міндеттері емес пе? Әлде бұл үшін де Елбасының арнайы тапсырмасы керек пе? Халықтың не себепті құқық қорғаушыларға, тексеру органдарына сенімсіздікпен қарайтынын осы жерден-ақ көруге болады. «Тексергендерінен не пайда, қалталарын қампитып, жемқорлардың жетегінде кетеді» дегендердің сөзінің жаны бар деп қаласыз осындайда. Өткенде ақпарат құралдарынан тасымалдау саласындағы теміржолшылардың «Қарызға белшеден баттық, жағдайымыз өте мүшкіл» деген көз жасына толы хабарын көріп қалғанымыз бар. Жол жүру билеттерінің жыл сайын қымбаттап жатқанын айтпаған күннің өзінде, пойызға билет табылмай жұрт сенделіп жүргенде, қосымша айыппұлдарды қалтасына басып жатқан кәсіпорын қалайша қарызға батады? Көліктің бұл түрін қолданушылар саны жылдан жылға артып келе жатқаны да жасырын емес. Бұл қып-қызыл өтірік. Жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмаса өздері кінәлі. Көрсететін қызметтерінің сапасы төмен екенін жолаушылар жақсы біледі, амалдың жоғынан пайдалануға тура келеді. Бұл туралы «Қазақ үні» газеті ( «Темір жол бойындағы түйткілдер» №17, 2018 ж.) жазған болатын. Бірақ одан нәтиже шығады деп үміттенудің қажеті жоқ. Бүгінгі күні үкімет орындарын қоса алғанда жеке кәсіпкерлер БАҚ-та жарияланған сын материалдардан қорытынды шығармақ түгіл, оны құлағына да қыстырмайды. Мұндай мақалалар журналистің жеке басының қамын емес, жұртшылықтың пікірін білдіретіні баршаға аян. Өкінішке орай, оны елеп жатқан ешкім жоқ, әркім өз бас пайдасымен әлек болып кеткен біздің қоғамда. Халықтың қиналып жатқаны ешкімге әсер етпейді. Бұл аталған кемшіліктер бір ғана темір жолға ғана қатысты емес. Тасымалдаудың тағы бір түрі, біздегі авиабилеттердің құны ұшақтың өзінен де биік ұшып, аспандап кеткен. Бұл жерде де билетті қайта тапсырсаңыз белгілі бір пайызын ұстап қалады. Оған қоса әуе көлігінің қызметі де оңып тұрған жоқ. Өз басымыздан өткен бір жағдайды айта кетейік. Досымыз қайтыс болып Астана қаласына шұғыл ұшуға тура келгені бар. Асығып жүріп аңдамаппыз, «Скат» компаниясының ұшағына билет алып, үйге келіп қарасақ «кешіккені үшін» деген «қосымша қызметі» үшін 5 мың теңге ақша ұстап қалыпты. Ұшақ ертеңінде ұшуы керек. Сонда біз қалай кешігіп жүрміз? Ол аздай ұшар алдында әуе көлігі техникалық ақауларына байланысты бір сағаттан аса әуежайда тұрып алды. Ұшақтың ұсқынынан шошыған кейбір жолаушылар отырмай үйлеріне қайтқанына куә болдық. Досымызды жерлеуге үлгеру керектігінен жанымызды шүберекке түйіп, ұшаққа отырғанымызды әлі де ұмыта қойған жоқпыз. Міне біздегі тасымалдау қызметінің сиқы осындай. Соған қарамастан билеттерінің құны удай қымбат. Осыдан барып не үшін, қандай қызметі үшін қомақты қаржы алады деген заңды сұрақ туындайды. Әрбір адамға орта есеппен жылына кем дегенде бір-екі рет алыс жолға шығуға тура келеді. Кейбіреулер қалааралық автобус көлігін пайдаланады. Тасымалдың бұл саласында да түйткілдер көп. Техникалық себептерге байланысты аударылып немесе автобустардың өртеніп кеткені жайындағы хабарларды телеарналардан жиі естіп-көретін болдық. Демек тас жолдың да қаупі мол деген сөз. Тасымалдау саласы тұрғындар үшін ауадай қажет екені белгілі. Олардың қызметін күнделікті пайдаланып та жүрміз. Қызмет барысында шығындары бар екені де рас. Бірақ, әр нәрсенің мөлшері мен шегі болуы керек. Жұрт олардың қызметіне тәуелді екен деп еш негізсіз бағаны көтеріп алу – тойымсыздықтың белгісі. Егер әрбір сала өзі шығарған өнімі мен қызметінің бағасын ойына келгенінше көтеріп алса не болмақ? Табанының бүрі кеткен теңгеміздің құны одан әрі құлдырай бермей ме? Тұрғындарымыздың сатып алу қабілеті нашарлап, тұрмысы да әлсірейді. Сондықтан, бүгінгі әңгімемізге арқау болған тасымалдау саласының барлық түрлеріне тыңғылықты тексеріс қажет. Бұған құқық қорғау орындары не дер екен?..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz