Назарбаев Президент және Парламент сайлауының қашан өтетінін айтты
2018 ж. 29 желтоқсан
6537
1
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Президент және Парламент сайлауы қашан өтетінін айтып берді. Сұхбат барысында журналист «қос сайлау мерзімінен бұрын өтуі мүмкін» деген сөздің тарағанын айтты, - деп хабарлайды baq.kz.
«Барлық мерзім анықталған, барлығы белгілі. Соған қарамастан, егер бізде аулада, балалар алаңында жөндеу жұмыстары басталса болды, «сайлау таяп қалды» деп ойлайды. Парламент бойынша айтсам, оларды мерзімінен бұрын сайлайтындай ешқандай мәселе жоқ. Олар өздерінің заңнамалық рөлін атқарып келе жатыр. Кеше ғана жылды қорытындылады. Біз ұсынып отырған жаңалықтар, жаңа бағдарламалар, бағыттар заңнамалық жағынан жақсы қамтамасыз етіліп келе жатыр. Біз Конституцияға өзгеріс енгіздік. Елімізде 7 партия қызмет етіп келеді. Қазір партиялық тізім бойынша жер-жерлерде мәслихаттар сайланады. Сондықтан, Парламенттің мерзімі - 2021 жыл. Осы уақытта сайланады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының айтуынша, президент сайлауы 2020 жылдың желтоқсанында өтеді.
«Әлі екі жыл бар. Біз нені айтып жүрміз? Жақындағанда тағы сөйлесеміз», - деді Мемлекет басшысы.