«ЖЫЛ АДАМЫ - 2018» АНЫҚТАЛДЫ
2018 ж. 26 желтоқсан
13965
9
«ЖЫЛ АДАМЫ - 2018» АНЫҚТАЛДЫ
«ҚАЗАҚ ҮНІ» республикалық қоғамдық-саяси газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының
«ЖЫЛ АДАМЫ – 2018»
таңдаулылары анықталды!
«Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының 2018 жылғы «Жыл адамдары» сараланды. Еліміздің еңселі болуы үшін еңбектеніп жүрген ел азаматтарының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын атап өту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан осынау жоба аясында оқырмандар қалаған тұлғасын таңдай алды.
Дауыс беру телефон сауалы, смс, электронды пошта хабарлары және әлеуметтік желі арқылы өткізілді. Арнайы құрылған Сарапшылар алқасы 2018 жылдың үздіктерін анықтады.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 27 жылдығы мен Астана қаласының 20 жылдығына орай таңдалған «Жыл адамы – 2018» байқауының жеңімпаздарымен таныс болыңыздар!
Жылдың басты оқиғасы – Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуі
Жыл жетістігі – Латын графикасындағы қазақ әліпбиінің қабылдануы
Жыл датасы – Астана қаласының 20 жылдығы
Жыл жазушысы – Мархабат Байғұт. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мархабат Байғұт шығармалары оқырман қауымға кеңінен танымал. Жазушының "Қазақ үні" порталы мен газетінде де шығармалары тұрақты жарияланып келеді. Оқырман қауымның биылғы жылдың үзік жазушысы ретінде Мархабат Байғұтты таңдағаны, халықтың өз жазушысын іздейтіндігін көрсетеді.
Жыл ақыны – Ғалым Жайлыбай мен Сұраған Рахметұлы.
Қазақ поэзиясында өз өрнегі бар Ғалым Жайлыбай биыл оқырман қауымға "Қара орамал" атты іргелі туындысын ұсынып, әдебиет сүйер ортаның ыстық ықыласына бөленді. Швециядағы Еуразиялық Шығармашылық Гильдиясы және Herdforshire Press баспасы ұйымдастырған VI-Еуразиялық ашық әдеби байқауда, поэзия номинациясы бойынша ақынның «Қара орамал» поэмасы үшінші орын алды. Сонымен қатар, ақынның Қарағанды, Жезқазған қалаларында 60 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.
Дарынды ақын Сұраған Рахметұлы биылғы жылы Астанада шығармашылық кешін өткізіп, халық алдында есеп берді. Елорданың төрінде өткен кеш өзінің көркемдігімен, мәнді сарынымен көпшіліктің көңілінен шықты.
Жыл саясаткері – Алик Шпекбаев
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру саласындағы елеулі жетістіктерге жетіп отыр. 2018 жылы Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мен жемқорлыққа қарсы күрес бағытында бірқатар елеулі жұмыстарды атқарды. Жемқорлықпен күрес бойынша жұмыстарды жетілдіру мақсатында "Болашақ" бағдарламасы бойынша тәлім алған біліті мамандарды қызметке ала отырып, Агенттік жұмысын жақсартты.
Жыл депутаты – Берік Дүйсембінов пен Шаймардан Нұрымов
Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов биылғы жылы бірқатар батыл бастамалар көтеріп, ел мүддесін қорғайтын депутаттық сауалдар жолдады. Оның ішінде Астана іргесіндегі ауылдарды дамыту мәселесі, ақын Мағжан Жұмабайұлының дәстүрлі оқуларын ұйымдастыру, жылқы шаруашылығын дамытуды қолға алу, сонымен қатар, қос азаматтықты қолдағандарды жауапқа тарту бойынша өзекті мәселелерді Мәжіліс төрінде көтерді. Сонымен бірге, депутат биыл "Құрмет" орденінің иегері атанды.
Мәжіліс депутаты Шахмардан Нұрымов Қазақстанның латын әліпбиіне өтуін қолдап шықты. Ол таяудағы Мәжілістің жалпы отырысында ұйғырлар да латын әліпбиіне өтетінін мәлімдеді.
Жыл сенаторы – Асқар Бейсенбаев.
Сенатор экономикалық заң жобаларында ұлттық мүддемізді, әсіресе, ұлттық өндірісшілерді белсенді қорғап жүр. «Жер қойнауы туралы» кодексте, «Стандарттау туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдар қаралғанда өз ұстанымын анық танытты.
Жыл министрі – Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Қайрат Әбдірахманов.
Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен биыл Рухани жаңғыру аясында көптеген игі шаралар істелді. «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетінің халықаралық форумы төрт елде - Сеулде, Лондонда, Берлинде және Нью-Йорк қалаларында өтті. Сонымен қатар ел күнтізбесінде жаңа мереке - Домбыра күні енгізіліп, Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлттық домбыра күнін кең көлемде атап өтуге мұрындық болды. Астанада алғаш рет аталып өткен Домбыра күніне еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан астам күйші келіп қатысты.
Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытайдағы қазақтар мәселесімен айналысып, бұл күрделі мәселені назарда ұстап отыр. Сыртқы істер министрінің білікті жұмысы нәтижесінде Қытайдағы бірнеше қандасымыз қапастан босатылды.
Жыл әкімі – Амандық Баталов.
Алматы облысыны әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Талдықорған қаласындағы «Жетісу» саябағы жаңғыртылды. Жетісу өңірінде саябақтар, бірқатар өндіріс орындары, ал Талдықорған қаласында Астана даңғылы салтанатты түрде ашылды. Елбасының Жарлығымен Райымбек ауданы бөлініп, Райымбек және Кеген аудандары құрылды. Бұл шекаралық аймақта ораласқан тұрғындардың көптен күткен тілегі еді, сондықтан да жақсы жаңалықты облыс тұрғындары ерекше қуанышпен қарсы алды. Бұл жаңалық шекаралық аймақ экономикасының дамуына жаңа серпін беріп, халықтың болашаққа деген сенімі нығайып, ел туған жерге қайта орала бастады.
Жыл ректоры – Такир Балықбаев.
Қазақ жоғары оқу ордасының қарашаңырағы ҚазҰПУ-дің 90 жылдық мерейлі мерекесін лайықты деңгейде аталып өтті. Университетті халықаралық деңгейде таныта білген Такир Оспанұлының ғылым саласындағы ерен еңбегі елге белгілі. ҚазҰПУ ректорын биылғы жылы Елбасы Н. Назарбаев қабылдап, атқарған жұмыстарына алғысын айтты.
Жыл қаржыгері - Ләззат Ибрагимова
"Тұрғын үй құрылыс жинақ" банк АҚ басқарма төрайымы болып Ләззат Ибрагимова келгелі баспана алушылар саны күрт көбейді. Биылдың өзінде 38 мың адам баспаналы болу бақытына ие болды. Бұл отбасы мүшелерін қосқанда 150 мыңдай адам болып шығады. Банктің капиталы да өсіп, триллион теңгеге жуықтады. Сондықтан да қаржыгерлер арасында Ләззат Еркенқызы көп дауысқа ие болды.
Жыл қайраткері – Сәбит Байдалы мен Талғат Қатау.
Биыл жазда ауыр науқастан қайтыс болған марқұм Сәбит Байдалы ағамыз «Ақ жол» партиясы Орталық Комитетінің хатшысы болып жүріп, Алаш мұрасын насихаттауға үлкен үлес қосты. Ол бастамашы болған «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты республикалық байқаудың биылғы алтыншы жылғы қорытындысы жоғары деңгейде өткенімен ерекшеленді.
«Жыл Адамдарының» ішінде ең көп дауыс жинаған Талғат Қатауов қазақтың қасиетті қара жерін қорғауда екі жылдай үздіксіз жан аямай күресіп келеді. Махамбет пен Исатай батырлардың ескерткішін, әкім-қаралармен қырқысып жүріп Орал қаласының сыртынан, қақ ортасына көшіртті! Денсаулық министрлігінің 16 жасқа толған қыздарымыздың ата-анасының рұқсатынсыз-ақ түсік жасауы керек деген, мектеп оқушыларына тегін мүшеқап таратайық деген ұсыныстарына атой салып қарсы шықты. Ол Орал қаласы әкімдігінің алдында қатар желбіреп тұрған Халықтар Ассеблеясының туы Қазақстан Мемлекеттік туынан жоғары екенін байқап, «Рәміздер заңына» жүгініп, Ассаблея туының биіктігін төмендетті. Орал қаласындағы ондаған көше атауларын қазақшалауға мұрындық болды. Мұғалімдер мәртебесі мен мүгедектер теңдігі үшін күресуде.
Жыл режиссері – Сергей Дворцевой.
Шымкент қаласының тумасы Сергей Дворцевойдың биылғы жылы жарыққа шыққан "Айка" фильмі Канн фестивалінде "Үздік әйел рөлі" номинациясында жеңімпаз атанды. Германияда өткен кинофестивальде 40 елдің атынан қатысқан 190 фильмнің ішінде Гран-приге ие болды. 2018 жылдың 17 желтоқсанында Қазақстанның атынан ұсынылған "Айка" фильмі "Оскар" сыйлығының шорт парағына - бестікке "Шет тілдегі үздік фильм" аталымы бойынша еніп отыр.
Жыл актері – Самал Есләмова. Самал Есләмова "Айка" фильмінде басты рөлі үшін әйгілі Канн фестивалінде «Үздік әйел рөлі» сыйлығын алып, үлкен марапатқа ие болды. Бұл сыйлыққа ол ТМД елдері ішінде тұңғыш рет ие болып отыр.
Жыл әртісі - Бақтияр Адамжан. "Астана Опера" театрының үздік солисі Бақтияр Адамжан биылғы жылы ХХ ғасырдың ұлы хореографы атанған Роллан Петидің қойылымында өнер көрсетіп, Италияны бағындырды. Қойылым шілденің 28-күні Римнің Сполето театрында сахналанды. Өнердегі жетістіктері үшін ол ҚР Президентінің мәдениет саласындағы Стипендиясына ие болды.
Жыл сазгері – Кеңес Дүйсекеев.
Қазақтың әйгілі композиторы Кеңес Дүйсекеев “Жалаңтөс батыр” симфония поэма-картинасының, “Жыл мезгілдері” романстар циклінің, “Мәди”, “Аққу Жібек” мюзиклінің, “Алдар көсе” опереттасының, симфония-концерттер, аспаптарға арналған концерттер, камералық оркестрге шығармалар, соната, рапсодия, вариациялар және 200-ден астам әндердің авторы.
Жыл әншісі – Димаш Құдайберген мен Сая Махамбет.
Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген биылғы жылы Лондонда, Ресейде жеке концерттерін беріп, халықаралық деңгейде өзін мықты вокалист ретінде мойындатты. Сонымен бірге, АҚШта өткен үздіктер шоуында Қазақстан атынан қатысып , ел мерейін асқақтатты.
Сая Махамбет биылғы жылы әнші Ресейде өткен «Пироговский рассвет» халықаралық эстрадалық орындаушылар конкурсында қазақ қызы Сая Махамбет Гран Приді ұтып алды. Ресейде осымен 8-ші рет ұйымдастырылған «Пироговский рассвет» байқауына 11 елден (Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Украина, Беларусь, Болгария, Франция, Куба, Армения, Польша, Чехия) өкілдер қатысты. «Конкурс ережесі бойынша қатысушылар алдымен іріктеу кезеңінен өтті. Сая байқауда екі ән орындады және екеуін де өте жоғары деңгейде алып шықты.
Жыл суретшісі – Жеңіс Кәкенұлы.
Белгілі суретші Жеңіс Кәкенұлы үшін де биылғы жыл жемісті болды. Ол Астананың 20 жылдығына «Астана –суретшілер көзімен» атты көрме ашты. Оған 50-ге тарта кескіндеме, графика және фотографиялық шығармалар қойылды. Сонымен бірге Жеңіс Кәкенұлының құрастыруымен «Астана –суретшілер көзімен» атты елорда суретшілерінің картиналары топтастырылған кітап-альбом шығарды.
Жыл заңгері – Динара Құйқабаева.
Қытайдан келген қандасымыз Сайрагүл Сауытбайдың ісіне төрағалық еткен Панфилов аудандық сотының судьясы Динара Құйқабаева бұл күрделі істі жан-жақты зерттеп, тамыздың 1-күні қандасымызды Қазақстанда қалдыру туралы шешім шығарды. Бұл шешім қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болды.
Жыл ұстазы – Жанғали Жүзбай.
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай шертпе күй өнерінің шебері ретінде өзін әлдеқашан мойындатқан тұлға. Шертпе күйдің төрт мектебін тұтас меңгерген күйші бүгінде шәкірт тәрбиелеп, жас таланттардың жолын ашуда. Биылғы жылы Жанғали Жүзбай "Қазақстанның Білім беру ісінің құрметті қызметкері" марапатына ие болды.
Жыл журналисі – Бейсен Құранбек пен Сәуле Әбілдаханқызы.
Белгілі тележурналист Бейсен Құранбектің халық хабарына айналып кеткен «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасы «Қарекетке» айналғаны белгілі. «Қарекет» қазір әр салаға бөлініп, ел назарын аударып, маңызды мәселелерді көтеруде. Қорытындысын жұма күні Бейсен Құранбектің өзі салмақты сараптайды.
«Ақ Жүніс» хабары арқылы тележурналистиканның Ақ Жүнісіне айналып кеткен Сәуле Әбілдаханқызы кейінгі кезде қоғамдық-саяси салада қайрат көрсетіп жүр. Ол қандасымыз Сайрагүл Сауытбайдың ісінде бар күш-жігерін аямай еңбек етіп, балалары үшін шекараны бұзып өтуге мәжбүр болған ананың тағдырына алаңдаған журналисттің мақалалары қоғамда үлкен пікірталастар тудырды. Сәуле Әбілдаханқызы Сайрагүлдің сотына да қатысып, осы мәселеде өзінің нақты ұстанымын көрсете білді.
Жылдың тіл қайраткері – Жұлдызай Форт, Жасұлан Иса мен Мұқағали Балқыбай.
Аты аталған үш қайраткердің Мемлекеттік тіл мәртебесін қорғаудағы үлестері аз емес. Тіл күрескері Жұлдызай Форт мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғап жүрген жандардың бірегейі. Оның әлеуметтік желіде жазған мақалалары қоғамда үлкен пікірталастар тудырады.
Естеріңізде болса биылғы жылы Мұқағали Балқыбай елорданың емханасында өзіне қазақ тілінде қызмет көрсетілмегенін айтып, бұл мәселе қоғамда үлкен дау тудырған еді. Артынша халықтың наразылығын білікті заңгер Жасұлан Иса аурухана басшылығына жеткізіп, емхана қызметкерлерінің қателіктерін тізіп берген болатын. Соның нәтижесінде емханадағы орысша жазулардың барлығы қазақшаланды. Бұл оқиғаны «Қазақ үні» порталы алғаш көтеріп, қоғам назарын аударды.Сонымен бірге, Жасұлан мен Мұқағали Астана қаласында "Жарнамадағы тіл тазалығы" акциясын өткізіп, мемлекеттік тілдің мәртебесі асқақтауына зор үлес қосып жүр.
Жыл дәрігері - Сайид Юлдашәлі
Түркістан облысы Сайрам ауданының орталығы Ақсукентте тұратын атақты халық емшісі Сайид Юлдашәлі бүгінде 90-ға жақындап қалса да, тек еліміз ғана емес, шетелдерден де іздеп келушіліер азаяр емес. Шығыс-Тибет медицинасының ғұлама білгірі, академик, медицина ғылымының докторы, профессор, фармацевт, Республикалық 1-ші дәрежелі Халық емшісі Сайид Юлдашәлі әсіресе, бүгінде жас-кәрі демей дендеп кеткен омыртқа жарығын (грыжа) емдеп, құлан таза айығып кеткендердің саны артып келеді. Олардың бәрі емшіге алғыс айтуда.
Жыл спортшысы – Юлия Галышева мен Абзал Бейсебек
Юлия Галышева биыл Пхенчхан-2018 қысқы Олимпиадасының қола жүлдегер атанып, Қазақстанға жалғыз медаль сыйлады.
Қазіргі қазақ футболындағы жарқын есімдердің бірі – Абзал Бейсебек. 15 жасынан үлкен алаңда ойнап жүрген Қазақстан құрама командасының мүшесі Абзал Бейсебек Қазақстанның 6 рет чемпионы атанды. Қазақстан кубогын бірнеше рет жеңіп алды. Польшаның да командасында ойнаған Абзал қазір Астана командасының белді ойыншысы.
Жыл диаспора үздігі – Сайрагүл Сауытбай. Қытайдан келген қандасымыздың қиын тағдырын бүгінде көзіқарақты оқырман жақсы біледі. "Қазақ үні" ақпарат агенттігі Сайрагүлдің ісіне қатысты 20-дан астам мақала жазды. Қандасымыздың ісіне қатысты алғашқы сот отырысы оң нәтиже бергенімен, Сайрагүлдің тағдыры әлі де белгісіз күйде тұр. Батыр ананың қиын тағдыры кім-кімді де алаңдатады. Алдағы уақытта да "Қазақ үні" порталы мен газеті Сайрагүл Сауытбайдың ісін мұқият бақылауда ұстайтын болады.
- Асқар Бейсебаев
- Сая Махамбет
- Берік Дүйсенбинов
- ШАймардан Нұрымов
- Такир Балықбаев
- Ақжусан Иманғазықызы
- Саурагүл Сауытбай
- Динара Құйқабаева
- Сәуле Әбілдаханқызы
- Жұлдызай Форт
- сұраған рахмет
- Юлия Галышево
- Абзал Бейсебек
- қазақ үні
- Бейсен Құранбек
- Димаш Құдайберген
- Жанғали Жүзбай
- мархабат байғұт
- Арыстанбек Мұхамедиұлы
- Жасұлан Иса
- Ғалым Жайлыбай
- Жыл адамы 2018
- Мұқағали Балқыбай