ТӨМЕНДЕГЕН ТАРИФТІҢ ТҮРІ ОСЫ МА?
2018 ж. 26 желтоқсан
2722
1
ҚР Ұлттық экономика министрлігі коммуналдық тарифтердің төмендеуіне қатысты нақты мәлімет жариялап, одан тұрғындарымыз қаншалықты пайда көретінін есептеп те үлгеріпті.
Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, ағымдағы жылы 20 желтоқсанға дейін бірқатар өңірлерде коммуналдық тарифтер төмендетілді. «Мәселен, Ақмола облысында жылудың бағасы бір шаршы метрі үшін 116,1 теңгеден 73,4 теңгеге түсті. Сол сияқты Жамбыл облысында сумен жабдықтаудың құны бір текше метрі үшін 52,3 теңгеден 40,8 теңгеге арзандады. Бұдан бөлек, электрэнергия, газ бен суды бұру қызметтері де біршама төмендеді. Ал келесі жылдан бастап барлық аймақтардың тұрғындары коммуналдық тарифтердің арзандағанын байқайтын болады. Осылайша, Алматы қаласында орташа ауданы 60 шаршы метрді құрайтын екі бөлмелі пәтердің қазіргі төлемақысы 14 483 теңге болса, келесі жылдан бастап аталған төлем 13 128 теңгеге төмендейді. Сөйтіп, бір айда 1 353 теңге үнемделеді. Сол сияқты Астана қаласында екі бөлмелі пәтердің коммуналдық төлемдері 10 666 теңгеден 9 604 теңгеге дейін түседі», – деді С.Жұманғарин Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында. Оның сөзіне қарағанда, Шымкент қаласында пәтердің иелері 1 340 теңгені үнемдесе, Ақтөбенің тұрғындары 1 068 теңгені өздеріне қалдыра алады. Өскемендіктер – 313 теңгені, тараздықтар – 806 теңгені, оралдықтар – 1 035 теңгені, қызылордалықтар – 865 теңгені, ал Петропавл қаласының тұрғындары екі бөлмелі пәтердің коммуналдық қызметтерін 383 теңгеге аз төлейді.
Осы тектес мәліметпен танысқан тұрғындар «Төмендеген тарифтің түрі осы ма?» деген сұрақтарын тура қойып жатыр. Бір қарағанда тариф сәл төмендегенмен, бұл әлі де тым жоғары баға, шын мәнінде күлкілі жағдай. Бізде шығарылған өнімнің өзіндік құны мен жеткізу қызметінің нақты бағасын есептеп шығаратын мамандар қалмаған ба? Қосымша құнның да шегі болатынын ұмытқан сияқтымыз. Бұл кәсіпкерлердің тәбетін тыюға берген Елбасының тапсырмасын орындадық деп есеп беру үшін ғана жасалып отырған айла-шарғыға қатты ұқсайды.
qazaquni.kz