"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" салымшыларына жақындай түсті
2018 ж. 10 желтоқсан
3519
1
Алматыда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің екі кеңес беру орталығы ашылды. Қаржылық ұйымсалымшыларға қолайлы болуы үшін осындай тиімді қадамдарға барып отыр. Банкті халыққа тағы да жақындата түскен кеңес беру орталықтарының бірі Алмалы ауданындағы Сейфуллин даңғылы 458/1 мекен-жайындағы «Майсат» бизнес-орталығында, екіншісі Әуезов ауданындағы «Спутник» сауда орталығында орналасты.
Енді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттері алысқа бармай-ақ, іргедегі кеңес беру орталығынанбірқатар қызмет түрлерін толық ала алады.
– Қазақстандықтар арасында баспанаға деп ақша жинауда алматылықтар үлкен белсенділік танытып отыр. Қаланың әрбір 10-шы тұрғынында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі шоты бар. Алматы бойынша барлығы 170 000 депозит тіркелген. Ал 25 мың адам біздің банк арқылы баспана алды. Клиенттер қатары күн сайын артып келеді. Олардың көпшілігі уақыт үнемдеу үшін банк бөлімшелеріне емес, осындай кеңес беру орталықтарына келеді. Мұнда банк өнімдері туралы толық ақпарат алып, бірден депозит ашуға болады. Бұл уақытты дұрыс жоспарлауда айтарлықтай көмектеседі, – деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов.
Бұл күні кеңес беру орталықтарда бірінші болып банктен жинақ шот ашқандарды түрлі сый күтіп тұрды. Біріншіден, қызметтердің бәрі тегін жүргізілді. Сауда орталығына келгендер арасында сұрақ түріндегі ойындар ұйымдастырылып, сыйлықтар таратылды. Сондай-ақ танымал әнші Абай Бегей айтулы сәтке ортақтасып, салтанатты оқиғаның сәнін асырды.
Ең қызығы эстрада жұлдызы да осы банктің салымшысы болып шықты.
– Әрине, мен баспанасыз емеспін. Бірақ балалар өсіп келеді. Жарты жыл бұрын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жинақ шотын аштым. Балаларым өсем дегенше пәтерлері де дайын болады. Бұл ата-ананың балаларының алдындағы басты парызы, ең үлкен сыйы деп ойлаймын, – деді әнші.
"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" – жеке кеңесшілер желісі бар Қазақстандағы жалғыз банк. Жалпы алғанда бұл желіге банктің штаттан тыс 1 100 қызметкері кіреді. Оның 137-сі Алматыда жұмыс істейді. Бұл кеңесшілер тек Кеңес беру орталықтарында ғана депозит ашпайды. Оларды үйге немесе жұмысқа да шақыруға болады.
АЛМАТЫ
qazaquni.kz