The New York Times: Қытайда соңғы бірнеше жылда жүздеген концлагерь салынды
2018 ж. 08 желтоқсан
3389
1
Қытайдағы саяси лагерьлерге қамалған мұсылмандар қытай тілін үйреніп, әнұранын жаттап, Коммунистік партияны мадақтайтын эсселерді жазуға мәжбүр. Басты мақсат — исламға деген көзқарасты түбегейлі жою.
Бұл туралы Newsasia.kz ақпарат агенттігі The New York Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаназа намазы кезінде дауыстап сүре оқығаны үшін ұсталған 41 жасар Абдусалам Мұхамет АҚШ-тың әйгілі басылымына қапаста көрген қорлығы туралы бар шындықты айтып берді.
— Бұл экстремизммен күрес орталығы емес. Ол жерге түскен адамның керісінше өшпенділік сезімі оянады. Олар ұйғырлардың (мұсылмандардың — ред) тарихи жадын жоюда, — деді Мұхамет.
Хотанның ар жағында, Такламакан шөлінде орналасқан саяси лагерьде тұтқында болған Абдусалам, соңғы бірнеше жыл ішінде Қытай мұндай лагерьді жүздеп салып тастағанын тілге тиек етті.
Басылымның жазуынша, 2014 жылы үкіметке қарсы экстремистік шабуылдар күрт көбейгеннен кейін Қытай Коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпин барлық мұсылмандарды партия жақтастары ету үшін жаппай репрессияларға жол ашқан.
— Жаппай тұтқындаумен қатар, халық арасында бір-біріне арыз жазып, ұстап беруге мәжбүрлеу шаралары да жүргізілуде. Тіпті, тұрғындардың жеке үй-жайларына бақылау камераларын орнату фактілері де бар, — делінген мақалада.
(Суретте Қытайдың Хотан қаласындағы полиция форпосты)