Кәрібай Мұсырман: Тәуелсіздік күнін атап өтпей, Жаңа жылға әзірлену көңілге қонбайды
2018 ж. 06 желтоқсан
3571
1
Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман Тәуелсіздік күні өтпей Жаңа жыл мерекесіне дайындықты бастамау керектігі туралы айтты. Халық қалаулысының сөзінше, Тәуелсіздік күнінің маңыздылығын көрсету бойынша жергілікті атқарушы органдар түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек.
Бұл туралы депутат newsasia.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне айтып берді.
— Тәуелсіздік мерекесін атап өтпей жатып, Жаңа жыл мейрамына әзірлену көңілге қонбайды. Өйткені, Тәуелсіздік күні — ең ұлық мерекеміз, ресми түрде жалғыз ұлттық мерекеміз. Шыршаны кімдер орнатып жатыр? Жекеменшік фирмалар ма, әлде мемлекеттік мекемелер ме? Бұл жөнінде идеологиялық мекемелер, жергілікті атқарушы органдар түсіндіру жұмыстарын алдын ала жүргізулері керек деп ойлаймын. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов дұрыс істеді. Жаңа жылды мерекелеуге Петропавл қаласының бюджетінен қаржы бөлгізбей, бұрынғы жасанды шыршалар мен әшекейлерді пайдалану туралы нұсқау берді. Ешкім қарсы болған жоқ. Ысырапшылдықты осылай доғару қажет, — деді Кәрібай Мұсырман.
Еске сала кетейік, осыған дейін «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев барлық қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнін елдік мерекесі ретінде лайықты деңгейде атап өтуге шақырған болатын.