Президент «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаланы неге жазғанын айтты
2018 ж. 28 қараша
4059
0
Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан VIII Азаматтық форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаланы не үшін жазғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеңес заманында тарихтың барлығы 1917 жылғы қазан революциясынан басталады деп ойлайтынбыз. Ары қарай тарихты ешкім білмейтін. Қазақсың ба, қазақсың. Қайдан шықтың, түбің кім деген сөздерге біздің балалар жауап бере алмайтын. Ал біздің тамырымыз басқа халықтардай тереңде жатыр. Бүгінгі италиялықтар римдіктер емес. Бірақ, олар сол тарихтарын мақтан тұтады. Бүгінгі Мысырда арабтар тұрғанымен олар фарондар заманын біледі. Барлық халықтың тарихы тереңде жатыр. Ресейдің де, Ұлыбританияның да үлкен тарихы бар сияқты тек қазақтардың ғана емес Қазақстан халқының үлкен тарихы бар», - деп атап өтті Елбасы.
ҚР Президентінің атап өтуінше, Ұлы далада көптеген халықтар тіршілік етті. Олар өздерінің мәдениетін, таным-түсінігін, білімін, тілі мен ділін бізге мұра етіп қалдырды.
«Сондықтан қазақ халқы толерантты, бәріне бірдей қарайды. Бұл үлкен бақыт. Біз тарихты қазақтар осындай ерекшеміз деп айту үшін еске алып отырғанымыз жоқ. Құдай сақтасын. Біз түп-тамырымыздың қайдан шыққанын білу үшін еске аламыз. Сондықтан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала жастарға сақтардан, ғұндардан, Түркі қағанаттан басталатын Ұлы даланың тамыры тереңде екендігін айтуға деген ниеттен туындады. Біз сол үлкен тарихтың тасымалдаушысымыз», - деді Мемлекет басшысы.