Шенеуніктер халық үніне қашан құлақ түреді?
2018 ж. 02 қараша
3431
1
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ӘКІМІ БАУЫРЖАН БАЙБЕКТІҢ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ ҚАЛДЫБАЙ ҚАЗАНБАЕВТЫҢ НАЗАРЫНА
Қоғам болып қауымдасып өмір сүрген соң әрбір адам халқына, еліне қызмет етуге міндетті. Аула сыпырушы, етікшіден бастап түрлі лауазымдағы әкімдер де өз елінің көркейе түсуіне, өз жұртының тұрмысын жақсарту үшін аянбай еңбек етуге тиісті. Бұл қоғамда қалыптасқан бұлжымас қағида, ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін ереже. Өкінішке орай, осы бір заңдылық үнемі сақтала бермейді, тіпті өрескел бұзылады. Түрлі заң бұзушылықты басқа емес, таянғанда тіреу, жығылғанда сүйеу болар деп барша халық сенім артқан мемлекеттік қызметшілер тарапынан жиі байқап жүрміз. Біреулері пара алып жемқорлыққа салынса, екіншілері жайлы орынға жайғасып алып, халықтың мұң-мұқтажына, шырылдаған жанайқайына құлақ түрмейді. Сонда олар халық есебінен айлық алып, құзіретті кеңседе не бітіріп отыр?.. Алматы қаласы Алатау ауданында орналасқан «Ұлжан» ықшамауданы еліміздің тәуелсіздігімен түйдей құрдас, іргетасы сонау 1991 жылы қалана басталған-ды. Қалалық бюджетте көк тиын жоқ кезде, зейнеткерлерге ақша тауып бере алмай жатқан жылдардың қиындығын тұрғындар талай тартқан болатын. Жол, су, мектеп, емхана, балабақша жоқ күндерді де басынан өткерді. Оқушылар «Айнабұлақ», «Доржник» сияқты 5-6 шақырым жердегі көрші орналасқан ықшамаудандардағы мектептерге жауында батпақ кешіп, қақаған аязда жаяу барып оқыған-ды. Қазіргі күнге шүкіршілік айтуымыз керек. Ел еңсесін көтеріп, экономикамыз шарықтап кете қоймаса да қалыпты жағдайға келді. Бюджеттен халықтың тұрмысын көтеру үшін жылына қыруар қаржы бөлініп жатыр. Бірақ, халықтың сол ақшасын белгіленген мақсатта жұмсап, толық игере алмайтын күйде қалдық. Оны Мәжіліс депутаттары да айтып, Үкіметіміз де мойындап отыр. Оған қоса қаржы жолай тоналып, осы іске жауапты лауазымдылардың бірқатары істі болып, түрмеге қамалғанын да жақсы білесіздер. «Жоққа жүйрік жетпейді» дейді халық даналығы, ал Үкіметтен арнайы бөлініп, қолдарына ұстатқан қаржыны ұқсата алмауды қалай түсінуге болады? «Ұлжан» ықшамауданында қазір мектеп, балабақша, емхана жұмыс істейді. Орталық көшелерде асфальт төселгенмен көптеген қосалқы көше тұрғындары осы күнге дейін жауын жауса, батпаққа батып, құрғақ күндері шаң жұтумен келеді. Ол аздай төселінген асфальт жолды да су мен кәріз жүйелерін жүргіземіз деп қазып іске алғысыз етті. Бұл жұмыстар өткен 2017 жылы ерте көктемде басталған болатын. Білек сыбанып келген мердігерлердің бастапқы қарқындары тұрғындарды кәдімгідей қуантып тастаған-ды. Жылдың соңына дейін құрылысты жоспарға сәйкес аяқтап тапсырамыз, бәрін ойдағыдай орындаймыз деген ұрандарына ұлжандықтар имандай сенген-ді. Бірақ, «үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады» демекші, жоспарлары жолай бұзылып, құрылыс аяқсыз қалды. Су мен кәріз жүйесі әлі де пайдалануға берілген жоқ. Әкімдіктегілердің айтуынша, жоспарлағанда 500 үй есепке кірмей қалыпты. Сол себепті бөлінген ақша барлық жұмысты толықтай атқаруға жетпей қалған. Бұл қалай болғаны, құрылыс жұмыстарына тапсырыс берген мамандар айналдырған 2 мың үйдің санына жете алмағаны ма? Сол себепті қазылған жолдар осы күнге дейін қалпына келтірілмеген. Ой-шұңқырлы жолдармен көліктің жүруі қиындап кеткен. Былайша айтқанда, әкімдіктегілер артық қыламыз деп тыртық қылып тынды. Осы да және басқа да қордаланған мәселелерді аудан, қала шенеуніктеріне айта-айта жалыққан тұрғындарға енді телеарна арқылы жанайқайларын білдіргеннен басқа жол қалмаған секілді. Аудан мен қала басшыларына жету де оңай емес, түрлі сылтаулар айтып қабылдамайды. Сондықтан, алдында ғана «Алматы» телернасын шақырып мұңын шаққан ұлжандықтар енді «Астана» телеарнасын шақырып тағы да жиын өткізді. Бұл жолы БАҚ өкілдерінің келетінін естіген шенеуніктер ықшамауданға өздері де төбе көрсетті. Алматы қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Әбіл Алдияров пен Алатау аудандық әкімдігінің өкілдері бұл жолы тележурналистердің қатысумен тұрғындармен кездесуіне тура келді. Бірақ, жақын арада одан ештеңе өзгере қоймасы белгілі болып отыр. Бұзылған жолдарды келесі жылы жөндейміз деп әдеттегідей уәде беріп құтылды. Сөйтіп, құрылысты тағы бір жылға созды, ал адамдар болса күзгі жауын маусымында батпақ кешіп жүр. Осы кездесуде болған әңгіме «Астана» телеарнасы арқылы көрсетілді. Бұл жерде аудандық және қалалық әкімдік мамандарының жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмағаны айтпаса да түсінікті. Біріншіден, жұмыс көлемін дұрыс есептеу қажет еді. Екіншіден, жұмысты атқаратын мердігерлерге бақылау жүргізілмеген. Қатаң бақылау болғанда мұндай жағдай орын алмас еді. Осыған қарап бізде жұмысты атқаруға ұсыныс білдірген үміткерлерді саралайтын тендер дұрыс өткізілмейтінін байқауға болады. Дәлірек айтсақ, тамыр-таныстық, бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол берілуі мүмкін. Ең бастысы, қомақты қаржы бөлінсе де атқарылған жұмыстан нақты, түпкілікті нәтиже жоқ. Содан барып тұрғындардың наразылығы туындап, дау-дамай басталады. Халық бостан босқа шуылдамайды. «Ұлжан» ықшамауданында бұдан да басқа мәселе жетерлік, соның кейбіріне тоқтала кетелік. Тұрмыстық қалдықтарды шығару «Ұлжан» тұрғындары үшін тұрақты мәселеге айналғалы екі-үш жылдың жүзі болды. Бұрындар жылдар бойы дұрыс жұмыс істеп жүрген «Қарлығаш» кәсіпорнын қысымға алған біреулер оны шеттетіп бақты. Алдымен Айтқожанова дегеннің компаниясы қоқыс шығару жұмысын тартып алмақшы болды. Олармен соттасып әділдікке жеттім бе дегенде «Сапаров» деген екінші бір кәсіпорын көлденеңнен шыға келді. Бұдан да басқа бес бірдей ықшам ауданның қоқысын шығарып жүрген бұл монополист компания енді «Ұлжан-1,2» ықшамаудандарын да өзіне алмақ ниетпен шабуылға шықты. Осы жұмыстарды реттеп отыруға тиісті Экология және табиғи ресурстарды пайдалану басқармасы мен Алатау аудандық әкімдігі бұл дауды шеше алмады. Ал «Сапаров» кәсіпорыны өз ықпалын күшейте түсті. Бұрындар әр үйде нақты тұратын адам санына ақша алса енді тіркеуде тұрған адамдардың бәрі үшін ақша талап етіп тойымсыздыққа салынды. Мысалы бір зейнеткердің үш баласы болса солардың бәрі оның үйінде тіркеуде тұрады. Үш баласы бала-шағасымен бір үйге қайтып сияды. Олардың екеуі пәтер жалдап жатса, солар үшін де ақша төлеуге міндеттелді. Мұндай ережені кім ойлап тапқаны белгісіз, санаға сиымсыз екені анық. Сонда пәтерде тұратын балалары қоқысын әкелерінің үйіне әкеліп жүргені ме? Бұл бассыздыққа шыдамаған тұрғындар Алматы қаласы әкімінің орынбасары С.Мәкежановтың қабылдауында да болды. Бір жұмада мәселе шешіледі деген басшының уәдесі бір жылға созылды. «Сапаров» кәсіпорнына шамасы жетпеді ме, әлде әдеттегідей салғырттыққа салынды ма қоқыс туралы дау-дамай осы күнге дейін бесеңдейтін түрі жоқ. Бұл туралы біздің газет былтыр жазған болатын. («Қазақ үні» газеті, «Кәсіп – күштінікі, бизнес – білектінікі ме?» 15-қыркүйек, 2017 ж.) Сын мақаланы қала әкіміне жібергенмен, оған жауап ала алмадық. Соған қарағанда біздің әкімдер БАҚ пен халық үніне құлақ түруден мүлдем қалған сияқты. Биыл жаңадан тендер өткізіп, өзге «Горкомхоз» деген кәсіпорынды жібергенмен, одан жеңілдік болмады. Бұл жеңімпаз кәсіпорында дұрыс техника да болмай шықты. Сонда олар тендерді қалай ұтып алып жүр? Соған қарағанда тағы бір мықты өзінің таныстарын тыққаны немесе біреудің атынан бұл жұмысты өзіне алғаны байқалады. Өз ісін лайықты атқарса тұрғындар оған да келісер еді. Бір ай өтсе де бұл жаңадан келген компания жұмыстарын дұрыс жолға қоя алмай жатыр. Аула сыртында шашылған қоқыс көше тазалығына кері әсерін тигізуде. Бұл түрлі аурулардың таралуына әкеліп соқтыратыны белгілі. Екіншіден, осы жұмыс үшін тұрғындар ақша төлеп жатқан соң халықтың өзіне неге таңдау бермейді? Тендер дегенді неге күштеп телиді? Қалалық әкімдік бұл жерде бір тиын ақша шығарып отырған жоқ, керісінше өзінің тендер дегенімен кедергі келтіруде. «Сапаров» кәсіпорны жай кеткен жоқ, тұрғындардың мойнына қыруар қарыз іліп кетті. Осы күнге дейін «Алсеко» арқылы қарызды төлеңдер деген қағаздар келіп жатыр. Кейбіреулерге белгіленген оның көлемі 60-70 мың теңгеге дейін жетеді. Қарызы барларды сотқа беріп, ақшаларын өндіріп алуда. Ал «Ұлжан» ықшамауданында байлы-бақуаттылар тұрмайды. Көбісінің тұрмысы төмен, жартысына жуығы зейнеткерлер. Кәсіпорындар арасындағы бәсекелестік пен пайда үшін талас бүгінгі күннің тұрақты көрінісі екені белгілі. Ақша үшін олар ешкімді аямайды. Бізге тап болған капиталистік жүйе мен мақтаулы нарықтық қатынастардың сиқы осындай. «Екі сиыр сүйкенсе ортасында шыбын өледі» демекші, аяғында қарапайым тұрғындар сорлайды. Қоқыс туралы хикая бұнымен де бітпейді. Енді бұдан былай бұл қызметтің құны адам басына бірден 200 теңгеге қымбаттамақшы. Мысалы, бұрын адам басына 350 теңге болса енді 550 теңге талап етіледі. Бұны жаңадан келген компания қалалық Мәслихаттың шешімімен бекітілген деп түсіндіруде. Бұл да тойымсыздықтың белгісі. Бір үйде орта есеппен 5 адам тұрса айына әрі кеткенде 8-10 қап қоқыс жинайды. Тонналап қоқыс шығаратын зауыт емес қой. Әлде, бағаны соншалықты аспандататындай кәсіпкерлер қоқысты ұшақпен тасып жатыр ма? Кәсіпорынның тойымсыз тәбетін тежегеннің орнына тізгінін бос жіберген мәслихаттың бұл шешімін тұрғындар түсіне алмай дал. Өздері сенім білдірген халық қалаулылары әкімдік пен тойымсыз кәсіпкерлердің жетегінде кеткені деп бағалауда. Халық депутаттарды осы үшін сайлады ма? Оған қоса монополияға қарсы жұмыс істеуге міндетті біздің мемлекеттік мекемелер қайда? Қарапайым халықты тонатып қойып, қарап отыра бермекші ме? Байлаусыз баға мен тойымсыз тәбетке қатысты тағы бір мысал. Қазір үйлер газбен жылытылады, оның бағасы да арзан емес. Есептегіш құрал 5 жылға арналған екен. Одан кейін тұрғындар өз есебінен ауыстыруға тиісті деген «Алматыгаз» мекемесі жұртты әуре-сарсаңға салуда. Мекемеде қазір ұзын-сонар кезек, таңертең барып, кешке дейін жүресіз. Шынын айтсақ, дұрыс істеп тұрған құралды неге ауыстыру қажет. Мысалы, электер қуатын тарататын мекеме есептегіш құралдарды өз есебінен ауыстырды. Сонда газ мекемесінің оған шамасы жетпегені ме? Айналып келгенде адамдардың арқасында онсыз да қыруар пайда көріп жатқан жоқ па? Ол туралы ай сайын тексеруге келетін бақылаушылар неге алдын ала ескертпейді. Сол құралдың дұрыстығын келіп тексеру үшін 6,5 мың теңге ақша талап етеді. «Мен зейнеткер болғандықтан жаз бойы газға қыста жылыту маусымында жеңіл болу үшін ақшаны артығымен төлеп келдім. Сол ақшам босқа кеткелі тұр. Есептегіш құралдың мерзімі бес ай бұрын өтіп кеткен деп жаз бойы менен үйдің әрбір шаршы метрі үшін ақша ұстап келіпті. Сонда қалай болғаны, мен жазда үйді жылытқан жоқпын ғой», – дейді Күреңқұлақ көшесінің тұрғыны, зейнеткер Ә.Палтаева. Қаланың иесі саналатын әкімдік тарапынан бақылаудың босаңсуына байланысты кәсіпкерлер білгенін істеп жатыр. «Иесіз үйді қонағы билейді», – дейді қазақ атамыз. Соған қарағанда, қаланың иесіз қалғаны ма? Ұлжандықтардың ұлардай шулауына себеп жеткілікті. Ол да негізсіз емес. Бірақ, олардың жанайқайын әкімдіктегілер ести қояр ма екен?..Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz