ШАРЫҚТАЙ БЕР, ШАРДАРА! (фото-видео)
2018 ж. 02 қараша
6774
1
Нағыз туризмнің өрісі мен жемісі ретінде дамытатын өңір – Шардара!
Қызылдың етегінде, теңіздің жағасында өткен думан
Халықаралық «Сафари-Шардара» фестивалінен репортаж
Ауқымды шарадан көріп-білгенімізді, алған әсер, көкірекке түйген ой-пікірімізді қаз-қалпында баяндап отырмыз. Халықаралық фестивальдің өтетіні туралы алыс-жақынға сауын айтылып, хабар таралғаннан-ақ ерекше думанды тамашалауға асықтық. Басталатын күні таң атысымен таныс іздеп, көлік күтіп уақыт ұстамай, айтулы шараның өтетін алаңына таксилетіп жеттік. Қызылқұмның қиясы мен жалдары алдымыздан құшағын жайып, теңіздің жағасы ерке самалымен қарсы алды. Жағасында жарқылдап, жарқын қақтық.Туған жердің әр күні жаныңа ыстық, жарқын ғой, бірақ бүгін ерекше құлпырып, ұзатылатын сұлудай сыланып кетіпті. Әсіресе, алтын шуақтарға көмілген айнадай аппақ айдынның майда толқындары сылқ-сылқ күліп, кемерді жағалап, жарды сүйіп, тіл жетпес бұла қылық танытып, әдемі әуен, әсем сыр шашады. Жарасымды-ақ! Асығып жолға шыққан қонақтарға құрметі мен қошаметі сияқты. Беліміз бесіктен шыққаннан суын кешіп, құмын кесіп өскен өз топырағымыздың қазіргі ғажайып тұлғасына, ынтық ықыласына таңырқап әрі риза болып тұрмыз. Сәт сайын ағылған халықты көріп қызығасың. Бірін-бірі құттықтап, құшақ жая амандасып, мәре-сәре. Күзет те осында, ізет те осында. Ізет демекші, қарсы беттен келіп, қасымызға тоқтаған көлемді көліктен халқымызға қаламымен, батыл пікірлерімен танылып, еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген, Халы0аралық Сергей Есенин атыдағы сыйлық - "Алтын Күз" орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, республикалық «Қазақ үні» газетінің президенті, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, шардаралық бауырымыз Қазыбек Иса түсіп: – Ұстазымыздың жолын кесіп кеткеніміз жарамас, аттан түсіп, амандасқанымыз жөн болар! – деп сыпайы күліп келіп, қос қолын ұсынып, кең құшағын жайды. Лезде қоршап алған көпшілік аптал азаматтың сыпайы мінезі мен көргенді қызметіне алғыс айтып, риза болысып жатыр. Несін жасырамыз, мектепте сабақ пен тәрбие берген, арман сапарына қолымыздан ұшырған сүйікті шәкіртіміздің ізетін көріп, бір сәт қобалжып та қалдық. Қазыбекті айналасындағылар Қазыбек бише аялап, қолдан қолға тигізбей, лезде жоғарыға әкетті. Несі бар, жерлестері болар ұлдың белін буып, құрметтеп, ардақтап жатса, ұстазға одан артық мәртебе бар ма?! Жолың болсын, Қазыбек, әрдәйім қазағыңның алақанында жүр! Қаз-қатар тігілген алып күмбездей зәулім, ақ шаңқан киіз үйлер де дархан даланың ажарын ашып, кеңқолтық қазақтың кіршіксіз пейіліндей көз тартады. Өңірдегі әр ауданның өнерпаздарымен, қол өнері шеберлерімен, мемлекеттік қызмет өкілдерімен жатсынбай әп-сәтте араласып кеттік. Олар туризмді дамыту осы саланың жемісін арттыру, өнер мен көркемөнерді, ұлттық спорттың түрлерін жақсарту бағытына арналған іс-шаралармен таныстырып жатыр. Жерлесіміз, жас кезінде Бейсенбек Бибосыновтан сабақ алған Күлзипа Шорабекованы көріп, шұрқыраса қалдық. Халықтың «Балапан қаз» әнін шебер орындау арқылы көпшілікке балапан шағынан танылған әнші қызымыз қазір Алғабас ауданындағы Мәдениет үйінде қызмет етеді екен. Төркін жұртына жолы түскеніне қуанулы. – Шардара керемет өзгеріп кетіпті! – дейді перзенттік сүйіспеншілікпен. Ән мен өнер жолында табыс пен абырой, отбасына бақыт тілеп қимай қоштастық Күлзипамен. Теңіз бетіндегі ақ желкендер олардың толқындармен алысып көрсеткен өнерлері айрықша әсерге бөледі. Көрмеге қойылған шеберлердің бұйымдары, ауылшаруашылығы өнімдері талайды таң қалдырды. Әсіресе, жүзім шоғынан түйілген пирамида жұрттың назарын ерекше тартты. Оның саясында суретке түсушілер көп болды. Жарысқа дайындалған қос өркешті ақ нарлар мен қоңыр түсті үлектер көптен бері көзге түспеген соң ,айналасының қызығына айналды. Ауыздығымен алысқан арғымақтар да арқаңызды қоздырады. Бір кезде бүркітшілер шықты ортаға. Елдің көзі әйгілі Айшолпанда. Ол – мұхиттың арғы бетіндегі Американы саяшылық өнерімен қайран қалдырған қазақ қызы. Жұдырықтай қыздың қазақи жүзі, әдепті қимылы, қанға сіңген сабырлылығы сүйсінтті. Туған ұлтының ортасына, атамекенінің ыстық топырағына, жусанды беліне, суының бойына табанының тиіп, құрметіне бөленгеніне дән риза екені балбұл жанған жүзінен айтпай сезіледі Бұрын-соңды болмаған фестивальді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ашып, қатысушылар мен қонақтарды құттықтады. Облыс әкімі халықаралық фесивальдің мәні мен маңызына қысқаша тоқталды. Осындай ауқымды шараларды алдағы жылдары да жалғастыруды дәстүрге айналдыру қажет екенін айтты. Мұнан кейін түйелер мен ат жарысы басталып, теңіз жағасы айқай мен қиқуға көмілді. Мотожарыстар мен қуатты көліктердің қалың құмда құйғытқан мәнері мен жылдам қимылдары көрермендерін тәнтті етті. Облыс әкімінің аудандағы спорт жеңімпаздарына тапсырған сыйлықтарын көпшілік орынды деп тапты. Қолдап, қол соқты. Әйгілі өнерпаздар мен жергілікті әншілердің салған әні мен биі, тартқан күйлері таңдай қақтырды. Қысқасы, бұл күні өткен тамашаның барлығын шағын жазбада айтып жеткізу қиын. Айтпақшы, ұмытып барамыз, көркемөнер иелерінің байқауын тамашалап жүріп, бір бұрыштағы кішкентай суретшінің ықыласы мен ынтасына қайран қалдық. Аты-жөнін сұрап,танысқымыз келгенімен, оның ойын бұзып, уақытын ұстауды дұрыс көрмедік. Байқатпай, сырт еткізіп, телефонмен суретке түсіріп алдық. Егер, баспасөзге, желілерге жас суретшінің бейнесі жарияланып жатса, оның болашағына атаған жақсы жоралғымыз, ақ жолтай тілегіміз деп қабылдаңыздар. Иә, көптен күткен халықаралық фестивль де аяқталды. Күзіміз қарасып, жүзіміз жарасып үлкен думанды шығарып салдық. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, аталмыш іске өңірдің барлық азаматтары атсалысты дегенмен, шардаралықтар ұйымшылдық пен бірліктің, қонақжайлылықтың үлгісін көрсеткеніне көзіміз жетті. Бұрын-соңды болмаған думанның ұйытқысына айналған азаматтың бірі, әйгілі спортшы бауырымыз Арман Қарсыбаевпен айтулы шараның арасында тосын жолығып қалып, табыс тіледік. Көпті көрген,талай-талай додаға қатысып, топ жарған, ауылдың ғана емес, қазақтың атын шығарып жүрген айбынды азамат: – Көке, алаңдамаңыз, бәрі дұрыс болады, әлі мұндай шараның талайын ұйымдастырамыз, – деп көңлімізді көтеріп, ағынан ақтарылды. Біз де Арманның арманына қосыламыз. Шардарамыз шаттық пен берекенің мекеніне айналсын, ағайын! Мәңгілік елдің гүлденуі мен жаңғыруына жүрегіміз бен жігерімізді, тілегімізді қатар жұмсайық. Нұрғали ИбрайымШАРДАРА Орта Азиядағы ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА айналады
Түркістан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевтың лебізі Құрметті қонақтар мен Шардара ауданының тұрғындары! Сіздерді облыстың туристік әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отырған «Safari Shardara» фестивалінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел дамуының даңғыл жолын айқындап берген «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында туризмді дамытуға айрықша назар аударғаны тегін емес. «Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет» деп Елбасымыз атап өткендей, болашақта Қазақстанда туризм өңірлік ғана емес, жаһандық сипат алуы керек. Ол үшін, яғни, еліміздегі туризмнің өркендеуі үшін тарихи және туристік орындарымызды лайықты дамыта білсек, мемлекеттік бюджет толығып, әлеуметтің әл-ауқаты көтерілер еді. «Safari Shardara» фестивалі Қызылдың құмы мен Шардара су қоймасының жағалауы өңірімізде туризмді дамытуға мол мүмкіндік бар екенін көрші елдерге де насихаттайтын шара болмақ. Фестивальдің мақсаты – өңірдің туризм әлеуетін көпшілікке таныту екенін айттық. Біз осы іс-шара арқылы шағалалы Шардарада желкенді қайық спорты мен ат пен түйе жарыс, құсбегілік сынды ұлттық спорт түрлері мен өзге де ата кәсіптерімізді жаңғыртуды көздеп отырмыз. Бұл – өңіріміздің бизнес аxуалын жақсартуға және Елбасының «Руxани жаңғыру» бағдарламасында айтылған туған жерге тағзым етумен қабысып тұр. Біз Түлкібаста «Қызғалдақ», Бәйдібекте «Қымызмұрындық», Жетісайда «Қауынфест» фестивальдарын ұйымдастырдық. Ауқымды іс-шаралар арқылы ауданның болашағы үшін маңызды брендтерін елге әйгілі етуді мақсат тұттық. Биыл игі бастамаларды бастап бердік, енді іскер жігіттер, жергілікті кәсіпкерлер, ауданның атпал азаматтары осы ойларды жалғастырып әкетіп, ары қарай дәстүрлі шараға айналдыруы тиіс. Шардара – тарихи әрі шежірелі мекен. Ғалымдардың пайымдауынша, аудан орталығы Шардара қаласының атауы парсы тілінен аударғанда «төрт қақпа» деген ұғымды білдіреді екен. Яғни, ертеде бұл жер тоғыз жолдың торабы керуен жолдарының түйіскен жері болған. Шардара ауданы потенциалы жоғары, туризмді дамытуға лайықты бірден-бір аймақ. Шағалалы өңірде туризмді дамыту мақсатында Шардара су қоймасы жағалауындағы орман қоры санатындағы жалпы көлемі 255 гектар жер учаскесі елді мекен санатына ауыстырылды. Енді осы аумаққа инфрақұрылым тарту жұмыстары басталмақ. Бұл мақсат жүзеге асып, ауданға инвестиция тартылғанда 60-тан астам нысан бой көтереді деп жоспарлап отырмыз. Нақтырақ айтсақ, таяу жылдары теңіз жағалауының бойынан 20-дан астам қонақ үйлер, яхт-клуб пен мейрамханалардың, 3 балалар лагері мен аквапарктің, 2 аңшылар және балықшылар үйінің, басқа да қызмет көрсету нысандарының құрылыс жұмыстары басталады. Осы арқылы Шардара Орта Азиядағы туризм орталықтарының біріне айналады. Қадірлі қауым! Биыл Түркістан облысы құрылып, ел тарихында елеулі оқиға болғаны өздеріңізге белгілі. Таяуда Түркістан облысына сапар жасаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев екі тарихи Жарлыққа қол қойғаны баршаңызға мәлім. Оның бірі – экономикалық аймаққа қатысты болса, екіншісі – Түркістан қаласын дамытудың кейбір мәселелері туралы Жарлығы болып табылады. Енді қасиетті қалада туризмді кешенді түрде өркендетуге барынша көңіл бөлінеді. Мұндай шешім облысымызға келетін шетелдік туристердің санын еселеп арттыруға мүмкіндік береді. Биылдың өзінде Түркістанға 907 мыңнан астам турист келіп, өткен жылмен салыстырғанда 57,2 пайызға өсіп отыр. Жақында облыс орталығына 1 миллионыншы турист келеді деп күтілуде. Ата-бабаларымыз ежелден саят құрып, жүйрік жарыстырып, құсбегілікті жоғары бағалаған. Теңіздің қадірін білген. Осынау ізгі қасиеттерді жаңғыртатын бүгінгі іс-шара баршаңызға ұнайды деген ойдамын. Шардараның жағалауы шетел туристерін қызықтыратын орынға айналуы тиіс және осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Құрметті, шардаралықтар және қала қонақтары! Сіздерді тұңғыш рет өтіп тұрған «Safari Sardara» фестивалімен шын жүректен құттықтап, баршаңызға бақ-береке, мықты денсаулық тілеймін!Азат Перуашев: Шардараның «SAFARI SHARDARA – 2018» шарасын өткізуі зор қолдауға лайық
Түркістан облысы
Шардара ауданы әкімі
Болатбек Қыстауов мырзаға
Қадірлі Болатбек Дүйсенбекұлы! Қасиетті Түркістан атын иеленген облыстағы шежірелі Шардара ауданы елімізге белгілі ерекше табиғатты өңір. Тарихы мен мәдениеті, өркениеті мен дамуы қатар ұштасқан киелі де шежірелі мекен. Ерекше табиғаты бар бір ауданда әйгілі қызыр қонған Қызылқұм, сыры терең Сырдария, Шардара даласы мен шағалалы теңізі әдемі үйлесіп жатуы – Алланың тамаша тартуы деп білу керек. Осындай керемет өңірде елімізде тұңғыш рет өтіп жатқан «SAFARI SHARDARA 2018» фестивалының өтуімен құттықтаймын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті Жолдауында спортты дамыту үшін нақты тапсырмалар бергені мәлім. Сонымен қатар ел туризмін дамытуға баса назар аударып келе жатқаны да белгілі. Сондықтан, Шардара ауданының туризм мен спорт саласын қатар қамтыған, ұлтық спорт түрлері мен саятшылық өнерді дамытуға арналған осындай ел назарын аударатын дүбірлі шара өткізіп жатуы зор қолдауға лайық деп білеміз. Бұндай спорттық жарыстар бір реттік қана емес, жыл сайын өткізіліп тұрса, бұның ел үшін де, жер үшін де маңызы зор болар еді. «Ақ жол» партиясы еліміздегі осындай туризмдік –спорттық бағыттағы шараларды бұрыннан қолдап-қуаттап келе жатырғанын жақсы білесіздер деп ойлаймын. «SAFARI SHARDARA 2018» фестивалы қанатын кеңге жайып, халықаралық деңгейге көтеріле береді деп сенеміз. Дүбірлі бәйгеге қатысып жатқан дүлдүлдер жеңіске жете берсін деп, Ақ жол тілейміз! Құрметпен, Азат ПЕРУАШЕВ, «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты 26 қазан 2018 жылШАРДАРА ШАРТАРАПҚА ТАНЫЛУДА
Нағыз туризмнің өрісі мен жемісі ретінде дамытатын өңір – Шардара!
Шағылы мен шағалалы шалқыған теңізі жарасқан, сыры терең сұлу Сыры мен қызыр аралаған Қызылқұмы қатар жатқан, сағым ойнаған сақара сайын даласы бар – Шардара өңіріндей тартымды табиғаттар табысуының әдемі үйлесімі әлемде басқа еш жерде кездесе қоймайтын шығар...
Осы Шардарада 26 қазанда елімізде тұңғыш рет «SAFARI SHARDARA» халықаралық фестивалы болды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілетін фестивальде автокөліктердің құмдағы жарысы мен композициялық «Rock racing» шоуы ұйымдастырылды. Шудалары желкілдеген түйелердің теңіз жағалауының шағылын аспанға атқан жарысы, ат үстіндегі саятшылардың бүркіт салуы, теңіз бетіндегі ақ желкенді қайықтардың қатар жүзуі, ескек есу мен балық аулау сайысы, жағалау волейболы, қазақша күрес, акробатикалық ойындар, мотобайкерлердің мотокросс өнерін жағалауға сыймай кеткен қалың елдің тамашалауының өзі бір ғанибет! Түркі әлемінің ордасы Түркістаннан шыққан мотобайкерлер еліміздің көқ туын желбіретіп, Шардараға келіп кіруінің өзі бір керемет көрініс болды. Ал жол талғамайтын жиптердің 20 шақырымға аламан жарысын айтып жеткізу қиын! Бір жақта қол күресі жүріп жатты. Айтпақшы, қол күресінен әлемдік құрама Шардарада екенін оқырман қауым жақсы білетін болар. Өйткені Шардарадан 18 әлем чемпионы, 52 Азия чемпионы шыққан! Шардарадағы шараға барлық ауданнан өкілдер қатысып, киіз үйлерін тігіп тастады. Түрлі қолөнер мен жергілікті өнімдер жәрмеңкесі қатар болып жатты. Әйгілі әнші-сазгер Марат Омаров бастаған өнер жұлдыздары әсем ән мен тәтті күйлерімен, тартымды билерімен елді риза етті.
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, биыл әр аудан өз табиғатына лайықты фестивальдар өткізген. Мысалы, осының алдында ғана Жетісай ауданында «Қауынфесть» шарасының дәмі әлі таңдайда жүр... «Түлкібаста «Қызғалдақ», Бәйдібекте «Қымызмұрындық» фестивальдарын ұйымдастырдық. Ауқымды іс-шаралар арқылы ауданның болашағы үшін маңызды брендтерін елге әйгілі етуді мақсат тұттық. Биыл игі бастамаларды бастап бердік, енді іскер жігіттер, жергілікті кәсіпкерлер, ауданның атпал азаматтары осы ойларды жалғастырып әкетіп, ары қарай дәстүрлі шараға айналдыруы тиіс»- дейді «аудандар байымай, облыс дамымайды» деген ұстаным ұстанатын облыс басшысы.
Бұдан байқағанымыздай, «Ұйымдастыра білген ұтады» дегендей, іскерлік пен идеологиялық қабілетті қатар ұштастыра білген, руханиятқа қамқор рухы биік қайраткер Жансейіт Қансейітұлының басшылығымен, қасиетті Түркістанның атын иеленген өлке жаңа қарқынмен жарқырап келеді.
Туризмді дамытуға және ұлттық спортымыз бен саятшылық өнерімізді дамытуға арналған халықаралық фестивальда облыс әкімі Ж.Түймебаев Моңғолиядан келген әлемге әйгілі болған бүркітші қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпқызына миллион теңге сыйлық тапсырды. Сонымен қатар Шардара ауданы спорт бөлімі мен әлемнің 9 дүркін чемпионы (5 рет жасөспірімдер арасында, 4 рет ересектер арасында) Нұрдәулет Мырзаханұлы Айдарханға шетелдік темір тұлпар мінгізді.
Қасымыздағы жолбасшы бауырымыз Тұрсан Қабылов Нұрдәулет інісін құттықтап үлгеріпті. «Шынымен ешкімнен жеңіліп көрмегенсің бе?»-деп сұраған екен, Нұрдәулет: «Иә, ешкімнен жеңіліп көрмегенмін. Тек әкеммен қол күрескенде ғана қалай екенін білмеймін, жеңіліп қала беремін» деп жауап беріпті. «Әкесі менің кластасым ғой. Иә, ол да қара күштің иесі болатын» деп, мен де бірден Алматыда ешнәрседен хабарсыз жүрген Мырзахан досыма телефон соғып, Әлем чемпионының әкесін құттықтап қойдым.
Аудан әкімі Болатбек Қыстауовқа «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың «Сафари Шардара» халықаралық фестивалына Ақ жол тілеген құттықтауын тапсырып, елдің сұрауымен «Шардара» жырын оқып бердім.
Халықаралық фестивалға бірнеше елден қонақтар, жарысқа қатысушылар келді. Әсіресе, кеше ғана дүниеден өткен белгілі ғалым, академик Әбдімұса Қуатбеков ағамыз негізін қалаған Шымкенттегі Халықаралық «Достық» университетінің студенттері фестивальдың көркін қыздырды.
Шетелден келгендер Шардараның тамаша табиғатына таңғалып жүрді. Қазақстандықтардың өздерінің кейбіреулері де: "Бізде де осындай керемет жер бар екен ғой» деп қояды. Иә, өзім де, өткенде ғана жазда «Алтын жағажайда» екі-үш күн болғанда «Шардараның табиғаты Анталиядан артық болмаса, кем емес» деген мақала жазып кеткенмін. Міне, нағыз туризмнің өрісі мен жемісі ретінде дамытатын өңір осы – шалқыған Шардара!
Шардараның туризм ордасы боларлық керемет келбетін көрсететін «SAFARI SHARDARA» халықаралық фестивалы екі жыл сайын өткізілетін болады.
Киелі Түркістан өлкесі түлеп, шағылды да, шағалалы Шардара шартарапқа танылып, шарықтап, шалқып жатыр.
Қызылқұмы құлпырса маң даланың,
Шалқып жатқан теңізге таңғаламын.
Сафаридің сапары сәтті болып,
Аты әлемге танылсын Шардараның!
Қазыбек ИСА,
Астана – Шардара – Астана
Qazaquni.kz