Назарбаев Индонезия президентіне көңіл айтты
2018 ж. 30 қазан
2749
0
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия Республикасының президенті Джоко Видодоға көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы "Lion Air" әуе компаниясының жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
"Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болғандардың туған-туысқандары мен жақындарына, сондай-ақ барша Индонезия халқына көңіл айтып, қайғыларына ортақтастығымды білдіремін", – делінген жеделхатта.
Еске сала кетсек, бүгін таңертең Джакартадан Суматра аралына ұшып шыққан Boeing 737 MAX лайнері апатқа ұшырады. Құлаған ұшақтың бортында 189 адам болған. Оның 181-і – жолаушы, соның ішінде үш бала бар, қалған сегізі – экипаж мүшелері. Кейінірек әуе кемесінің бортында елдің қаржы министрлігінің 20 шенеунігі болғаны анықталды.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Индонезияның төтенше жағдайлар министрлігінің алдын ала ақпараты бойынша қаза болғандар арасында қазақстандықтар жоқ екенін хабарлады.