Ақжусан Иманғазықызы "Шертпе күй" фестивалінің Гран-приін иеленді (фото, видео)
2018 ж. 28 қазан
4286
1
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен, Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен 25-26 қазақ күндері Талдықорған қаласында «Шертпе күй» республикалық фестивалі басталды. Салтанатты шара Астананың 20 жылдығына арналған. Дүбірлі додадаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 16 мен 45 жас аралығындағы 30-дан астам шертпе күй шебері қатысып өз өнерлерін паш етті.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Шертпе күй" фестивалінің басты мақсаты - еліміздегі талантты күйшілерді қолдау, шертпе күй өнерін дамыту болып табылады. Сайысқа Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, дәулескер күйші Жанғали Жүзбай төрағалық етті. Сонымен қатар, "Құрмет" орденінің кавалері, танымал күйші Мұхамеджан Тілеухан, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, күйші Біләл Ысқақ, күйші, күй зерттеушісі Мұрат Әбуғазы, Тәттімбет атындағы республикалық күйшір конкурсының бас жүлдегері Қайрат Айтбаев секілді саңлақтар қазылық етті.
Фестивальдің салтанатты ашылуы қарсаңында өткен арнайы баспасөз мәслихатында сөз алған қазылар алқасының төрағасы Жанғали Жүзбай: – «Жалпы «Шерпе күй» сайысы бұрын да бірнеше мәрте өткен. Ал, республикалық деңгейде, ұлтымыздың ұлы мұрасы ретінде тұңғыш рет ұлықталып отыр. Қазақтың қанын да, жанын да, салт- дәстүр, әдеп-ғұрпын бір ауыз сөзсіз түсіндіретін ерекше құдірет ол – күй. Күй өнері тек қазаққа ғана тән баға жетпес асыл мұра. Бүгінде Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін ірге тепкен халқымыздың арасында шерпе күйдің орындаушылық негізін салып, мектебін қалыптастырушы Байжігіт, Бейсембі, Тәттімбет, Қожеке, Сүгір сынды ұлы күйшілердің есімі кең тараған. Біз ата-бабадан жеткен сол мұраны кейінгілерге жеткізушілерміз. Бүгінгі рухани жаңғыру аясында қолға алынған күй фестивалінің киелі Жетісу жерінен басталуының өзі зор қуаныш. Мен барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін» –деді.
Фестивальдің салтанатты ашылуында Алматы облысы әкімінің орынбасары, дәстүрлі әнші Ақан Әбдуәлі сөз сөйлеп, баршы жиналған қауымды күй мерекесімен шын жүректен құттықтап, сайыскерлерге сәттілік тіледі.
Сайыс екі кезеңнен тұрды. Бірінше кезеңде күйшілер Байжігіттің "Көкбалақ", Тәттімбеттің "Бес төре", Тоқаның "Бастау қосбасар", Аққыздың "Мұңды қыз" күйлерін орындап, өз шеберліктерін көрсетті. Нәтижесінде 24 сайыскердің ішінен 12 күйші келесі кезеңге жолдама алды.
І. Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында өткен дүбірлі доданың екінші кезеңінде 12 күйші өзара мықтыны анықтап, сайыс бағдарламасына енген Сүгірдің "Бес жорғасын", Әбікен Хасеновтың "Қоңырын", Төлеген Момбековтың "Салтанатын", Нұрғиса Тілендиевтің "Арманын" және Бейісбайдың "Шыңырау" күйлерін тартты.
Қазылар алқасының бір ауыздан қабылдаған шешімі нәтижесінде Бас жүлде Астана қаласынан келген танымал күйші Ақжусан Иманғазықызына берілді. Бірінші орынды түркістандық Серік Пазылов, екінші орында атыраулық Айнұр Сакупова мен Шығыс Қазақстаннан келген Сырым Нұрмолдин еншілесе, жүлделі үшінші орынды Павлодардан келген Ертіс Сайырхан мен алматылық Мағауия Самал қанжығаларына байлады.
Фестивальдің бас жүлде иегеріне Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының атынан арнайы диплом мен "Алтын домбыра" мүсіні, сонымен қатар, 1 000 000 теңге қаржылай сыйлық табысталды.
Еске сала кетейік, Ақжусан Иманғазықызы - танымал күйші. Оның орындауындағы күйлер Қытайдың Халық радиосының алтын қорында сақталған. Француз музыкатанушысы Гсавье Аллездің бастамасымен Парижде шыққан Тәттімбет күйлерінің дискісіне Ақжусанның орындауындағы Тәттімбеттің бес күйі енген.