Сәкеннің Сталинге хаты: "Алашорда әлі де қауіпті"
2018 ж. 26 қазан
14200
0
Ерте ме, кеш пе жарияланбай қалмайтын бұл хат төл тарихымыздың бір қызық дерегі. Төменде алғаш рет баспа бетін көргелі отырған Сәкен Сейфуллиннің Сталинге жазған бізге белгілі жалғыз хаты. Сәкеннің бұдан соң Генсекке бас ұрғандығы туралы бізде басқа дерек жоқ. Ал, бұған дейін Сталинге ештеңе жазбағанын Сәкеннің өзі жазады.
Хаттың біздің архивтегі нұсқасында Сталиннің оны оқыған-оқымағандығы жөнінде белгісі жоқ. Әдетте қойылатын кеңселік тіркеу белгілері қойылмаған. Хаттың жазылған мерзімі де көрсетілмеген.
Хаттың жазылу мезгілі – Сәкеннің қорғануға мәжбүр етілген кезі. Ол 1922 жылдың қазан айынан бастап басқарған Қазақ АКСР-і Халық комиссарлары кеңесінің төрағалығы қызметінен 1924 жылдың қыркүйегінде босатылды. Орнынан алынып қана қойған жоқ, бұрынғы ізіне түсушілік пен қудалау өрши түсті. Хат мазмұны Сәкеннің осы қиын тұстағы көңіл-күйін айқын білдіреді.
Бұл хат 60-жылдардың бас кезінде Сәбит Мұқановқа белгілі болған. Сәбең өзінің І96І-І963 жылдары жазған «Өмір мектебінің» 3-ші кітабы «Есею жылдарында»: «Жуық арада, Москвада КПСС Орталық комитетінің қарамағында қызмет атқаратын марксизм-ленинизм институтынан Сәкен Сейфуллиннің 1925 жылы ВКП/б/ Орталық Комитетіне, қазақ ұлтшылдарымен күресі туралы жазған ұзақ хаты табылды» дей отырып, тіпті үзінді келтіреді (А., 1970, 139-140 бб). Жетекші Сәкентанушымыз профессор Тұрсынбек Кәкішев те хат мазмұнымен жақсы таныс болғанға ұқсайды. Ол хаттың жазылған күнін нақты көрсеткен – 1925 жылдың 22 мамыры. Расында да Сәкен осы тұста Мәскеуде, Кеңестердің Бүкілресейлік ХІІ съезіне (7-16 мамыр) және КСРО Кеңестерінің ІІІ съезіне (13-20 мамыр) делегат болып қатысқан еді. Т.Кәкішев хат «Қазақстандағы хал-жайды анық баяндайды» деумен шектеліп, арада бірнеше күн өткеннен кейін Сәкеннің Сталиннің қабылдауында болғандығын атап өтеді (Кәкішев Т. Сәкен Сейфуллин. А.,1976. 270-271 бб). Қайткенде де бұл хаттың әзірше бізге беймәлім өзіндік тарихы бары сөзсіз. Тарихымыздағы қандай болсын оқиға немесе құбылыстың артында нақты адамдар тұрғандығы бұрыннан-ақ белгілі жайт. Тек «коммунистік диктат» аталған заманда оқиғалар кейіпкерлерсіз жазылып, басты «герой» – жекедара Компартия болып келді. Тарихтың қозғаушы күшінің бірі субъективті фактор екендігі ойда болғанымен сыртқа шықпады, қағазға түспеді. Осы тұрғыдан алғанда Сәкеннің хаты – өте маңызды тарихи айғақ. Сәкен сынды ұлтымыздың бетке ұстар азаматтары заманының құлы болғысы келмеді. Олар заманымен алысты, отаршылдықпен алысты, қазақтың өзара бірлігі үшін алысты. Бірлік үшін күрес отаршылдықпен күрестен жеңіл емес-тін. Неге десеңіз, оң мен теріс, әділдік пен қиянат, жаңа мен ескі, артқа тартушылық пен алға тартушылық, жікшілдік пен туысқандық, бірігуге деген үрдіс бөлінуге деген ұмтылыспен қатар жүрді. Мақсат бір болғанымен оған апаратын жолдардың әр алуандығы тағы бар. Әр тұлғаның өзіне тән түйсік-сезімі, дүниетанымы айрықша әлем екендігі және бар. Біз мұның бәрін ежіктеп жатуымыздың сыры – тарихымыздың аса күрделі, қарама-қайшылыққа толы екендігін жадына сақтай отырып, өткен жолымызды бағалауға келгенде мейлінше абай болуға, Сәкеннің хатындағы аттары аталатын 36 адамға қатысты жазылғанды парасаттылық танытып, байсалды ой елегінен өткізуді оқырмандарымыздан қатты өтінеміз. Шындықты танимыз десек, тарих кейіпкерлерінің қайсынікі жөн, қайсынікі бұрыс екендігіне билік айтуға асығыстық жасамасақ екен. Жастайымыздан ата-әкелеріміз құлағымызға құйып келген «Әруақ риза болсын» деген ұлағатты ұмытпайық. Білмегеннен білген артық. Оның үстіне біздің білетінімізден әлі білмейтініміз көп екені анық. Сондықтан, даттау да, мақтау да орынсыз, құжатты түсіністікпен қабылдауымыз керек. Ұлы Мұхтар Әуезов «Сәкен жолы әр адымын санап басқан кісінің жолы емес, ылдиы бар, өрі бар – шын өмір жолы, ыстық қанды нағыз ақын жолы» деп жазған еді «Шыншыл, тәкаппар ақын» атты мақаласында. Бұдан артатын объективтіліктің өзін күту қиын. Салыстыру үшін Ғаббас Тоғжановтың «Біз үшін сыншы да партия, сот та партия. Ал, Сәкеннің көзқарасын талдауды, оған қағаз шығындауды қажет деп таппаймын… Сәкен де, Ілияс та, Бейімбет те 1925 жылға дейін шын коммунист болған жоқ. 1925 жылға дейін қазақтан адал лениншіл-коммунист болған адамды біз білмейміз» (ҚР ПА. І4І-қ., І-т., 2763-іс, 74-п.) дегенін келтірсе де болар. Дәл осы тұста (1925 ж. 23 маусымы) Әлихан Бөкейханов Мәскеуден Орынбордағы Ахмет Байтұрсыновқа жазған хатында былай дейді: «Меңдешұлы жолдас» Бөкейханұлы «Еңбекші қазаққа» мақалалар жазады» – деп шағымданыпты. Бұл шағымы 15-маусымда Орталық комитет жанындағы Баспа бөліміне түсіпті. Мені әлгі шағым бойынша онда отырған татарлар тиісінше тезден өткізді. Мәскеу коммунистері: «Қазақтар – ұлтшылдар» деп жалпыға жар салып, айқайлап жүр. Мен олардан: «Айтып жүргендерің не?» деп сұрасам, олар: «Өздерің-өздеріңе шағым жасап жүрсіңдер, яғни, оны жазған – өз қазақтарың» деп айтады» (Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы. А., 1995. 398-б). Өшіріп тастау қолымыздан әсте келмейтін тарихи шындықтың осы бір көрінісінен дұрыс сабақ алайық. Арада бірнеше айдан кейін Мәскеуден Қазақстанға аты өшкір Голощекин жіберілді. Онымен бірге қазаққа «Бөлінгенді бөрі жейдінің» кері келді.
Жұмажан Сүлеймен,
Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қызметкері, тарих ғылымының кандидаты
Орталық Комитеттің Бас хатшысы Сталин жолдасқа
Қырғызияның Халком Кеңесінің бұрынғы төрағасы С.Сейфуллиннен
Баяндау хат
Қырғызияның қазіргі саяси жағдайы мені Сізге төмендегіні қысқаша баяндауға мәжбүр етеді: Алдымен – өз басым туралы. Мен өзім туралы немесе қырғыз қызметкерлерінің ішкі күресі жайында бүгінге дейін ОК-тегі Сіздерге жазып та, айтып та көрген емеспін. Мұның себебі – жікшілдік турасында кінә тағылып, айыпталудан қауіптендім. Үнсіздік менің қателігім де болуы мүмкін. Енді мен бұл туралы Сізге білдіруді қажет деп шешіп отырмын. Бірақ Сізден бір нәрсені – мұның бәрін мен Халық Комиссарлар кеңесінің төрағалығынан алынған соң жазып отыр, бірдеңені сұрайын деп отыр деп ойламауыңызды ғана өтінемін. Мен ешқашан да ештеңені сұрап көрген емеспін, мұны менімен бірге 1917-18 жж. бері жұмыс істеген жолдастарым да растай алады. Істің мәні мынада: 1917-18 жж. Кеңестер үшін белсенді күрес жүргізген мені және бірталай қызметкерлерді, сол 1917-18 жж. қалай болғанда да Кеңеске қарсы және большевиктерге қарсы күресіп, партияға 1920 ж. кірген қырғыз жолдастар ұнатпайды және қырын қарайды. Осы күнгі біздің партиялық жолдастарымыздың «шығыс кекшілдігі» оларға басынан кешіргендерін ұмыттырмайды. Олар біздің 1917 ж. бастап Бөкейхановтың1 жетекшілік етуімен большевизммен күрескен қырғыз ұлтшыл-алашордашылармен қас дұшпан болғанымызды кешіре алмай келеді. Өйткені, бұл жолдастардың бәрі дерлік Бөкейханов, Тынышбаев2, Досмұхамедовтердің3 не жақын достары немесе бас июшілері болғандар. Ал, осы аттары аталған үш субъектілер Сізге, әлбетте, таныс болар (Бөкейханов – Шығыс Алашорда өкіметінің төрағасы, Тынышбаев – Қоқанд Республикасы өкіметінің төрағасы, ал, Досмұхамедов болса – Батыс Алашорда өкіметінің төрағасы). 1917 ж. патша құлатылғаннан кейін Қырғызияның әр бөліктерінде қырғыз газеттері жарық көре бастады. Ал, бұған дейін Қырғызияда жалғыз «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы шығып тұрған еді. Мәселен, Ақмолада патшалық құлаған соң «Тіршілік» газеті, Семейде «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналы, Ташкентте «Бірлік туы», Ордада «Ұран», Орынборда ескі «Қазақ» газеті, кейінірек Қызылжарда «Жас азамат» газеттері шыға бастады. Және де осы газеттердің маңына қырғыздардың азды-көпті зиялылары шоғырланып, топтасты. Мінекей, бұл басылымдардың бәрі, ақмолалық «Тіршілік» газетінен басқалары, большевиктерге, Кеңестерге қарсы жорыққа ашық аттанып, үзбестен антибольшевиктік үгіт жүргізді, большевиктердің көсемдері туралы пасық өсектер таратты, ұлттық-реакциялық «Алаш» партиясының идеяларын өрістетті. Тек қана жалғыз «Тіршілік» газеті қырғыз кедейлерінің мүдделерін қорғады және ұлттық-реакцияшыл «Алаш» партиясына қарсы шықты. «Тіршілік» газетін басқарғандар: 1. Дүйсенбаев4 – Керенский кезінде түрмеде отырған, Колчак тұсында қуғында қаза тапты. 2. Мен. 3. Асылбеков5 – словактардың көтерілісі кезінде түрмеге жабылды, қамаудан қашып шығып, Қиыр Шығыстағы Қызыл партизан жасақтары қатарында шайқастарға қатысты. 4. Серікбаев6 Колчак түрмесінде қаза тапты. Тағы басқа да жолдастар болды. Ал, қазіргі біздің партия бойынша жолдастарымыз болғандар, бізге қырын қарайтындар, ол кезде жоғарыда аталған большевизмге жаны қас газеттердің төңірегінде жүрді немесе әртүрлі қалаларда мекендегенімен, әлгі газеттерге шын мәнінде қолдау көрсетіп жазып тұрды, сөйтіп қалай болғанда да большевиктермен белсенді күрес жүргізді, көсемдер туралы өтірік, жексұрын лақаптар таратты. 1917 ж. Ақмолаға, большевиктермен шайқасуға атты әскер жасақтау үшін, ақша жинау үшін Алашорданың уәкілдері капитан Абылайханов7 пен дәрігер Сеитов8 келгенде, біз бүкіл халықтың өкілдері қатысқан үлкен-үлкен митингілер мен жиналыстар шақырып, оларға айқын түрде қарсы шығып сөйлеп, екі күн ұдайы сөзталасынан кейін жұрт біздің соңымызға еріп, Алаш уәкілдерін қуып жіберді. Сонымен біз бір топ орыс жолдастармен бірлесіп Ақмоланың Совдепін ұйымдастырдық. 1918 ж. көктемінде төралқасының құрамында біз де болған Ақмола Совдепі Қырғыз Автономиясын құруға дайындық жасау жөнінде Мәскеудегі Наркомнацтың жеделхатын алған кезде семейлік «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналында «Алаштың» орталық басшыларының Мәскеудегі өздерінің уәкілдері Досмұхамедовтер арқылы қырғыздарға автономия алып бергендері жөнінде қуанышты үндеуі пайда болды. Біз Ақмолада бұл жайында шұғыл арада қырғыз еңбекшілерінің уездік съезін шақырып баяндама жасадық. Съезд біз ұсынған – Алашордашылар алған автономия қырғыз еңбекшілері үшін қажеті жоқ делінген қаулыны бірауыздан қабылдады. Орыс патшасының уряднигінің орнына хан уряднигінің қойылуын қырғыз еңбекшілері мүлде қаламайды. Біздің ұсынуымыз бойынша съезд Сталин жолдастың атына Алашорданың автономия алуына өзінің наразылығы мен қарсылығын білдірген мәлімдемесін жіберді9. Сонымен бірге мен алашордашылар туралы, олардың қандай адамдар екендігін жазып Сібір Совдепіне баяндама хат жібердім. Мұның бәрі, әрине, алашордашыларға тіпті де ұнай қойған жоқ. 1918 ж. Сібір мен Оралда Кеңес өкіметі құлағанда алашордашылар шаттанып шыға келді. Жер-жерде өз өкіметін орнатып, жасақтары мен милициясын құрып, тіпті әскери мектебі мен оқу командаларын ұйымдастырды, қырғыз большевиктерін тұтқындаумен болды. Бұйрықтары мен хабарлары өздерінің орталық газеттерінде жарияланып тұрды (Шығыс Қырғызияда семейлік «Сарыарқа» газеті, Батыс Қырғызияда Ойыл қаласында)10. Бұл кезде мен де, менің кейбір қызметтес жолдастарым да абақтыларда отырдық, ал, алашордашылар өкілдері «большевиктерді жою жөніндегі» комиссиялардың тергеулерінде жоғарыда аталған құжаттар мен «Тіршілік» газетінің жеке сандарын алға тартып, бізге қарсы, әсіресе «Тіршіліктің» жетекшісі ретінде маған қатты шүйлікті (Ақмоладағы Алашорда мүшелері, Нұралиндер)11. Қырғыз большевиктері заңнан тыс деп жарияланды (Алашорда өкіметінің №4 бұйрығы. «Сарыарқа» газеті). Олар шаттанып жүргенде біздің жолдастарымыздың біразы түрмелерде қиналды, өзгелері бой тасалап кетті, мен болсам, бірнеше жолдастарыммен бірге Ақмоланың абақтысында кісенделген күйде жаттым, ал, біздің «Тіршілік» газетіміз басып алынып, талқандалды. Тұтқынға алынған қырғыз большевиктерінің бәрі, қашып құтылғандарын есепке алмағанда, не атып тасталынды немесе азапталып, өлгенше қиналды. Ұлы күрестің осы бір ауыр мезетінде бүгінгі коммунистер, партияға 1920 ж. мүше болып енгендердің түгелі дерлік шаттыққа толы Алашордада қызмет етті, Дутов, Толстов, Колчак және Анненков12 сияқты генералдардың қанатының астына кірді. Бұлармен Алашорда тығыз байланыс орнатты. Алашорданың жасақтары мен аталған генералдардың отрядтары қызылдарға қарсы бірлесіп шайқасты. Ал, контрреволюция жеңіліске ұшырап, генералдар біржолата талқандалған шақта және ақыр аяғында, 1920 ж. туғанда, революцияның кешегі жауларының көбі, Бөкейхановтың өз басының, Досмұхамедовтер мен Тынышбаевтардың да мақұлдауымен РКП қатарына кіре бастады. Әрине, соңғы кіргендердің партиядағы үлес салмағы 1917-18 жж. аман қалған санаулы қырғыз коммунистерінен басым болып шыға келді. Мұнан соң лезде, іле-шала қырғыз коммунистерінің ортасында екі ағымның – оңшылдық пен солшылдықтың пайда болғаны айқындала басталды. Оңшылдар – бұлардың көпшілігі 1920 ж., ал, солшылдар – 1917-18 жж. партияға кіргендер. Әлбетте, 1920 ж. партияға мүше болғандардың да арасында, әсіресе жастар ішінде оңшыл элементтердің көзқарастарына теріс қарайтын жолдастар кездеседі. Міне, осы екі ағым бірде күшейіп, енді бірде жоғалғандай болып саябырлайды. Дегенмен, 1920 ж. бастап бізге жолдас болған оңшыл бағытты ұстанушылар болып көрінетіндерге біз де өте-мөте салқынқандылықпен қарай алмадық, өйткені, олардың істерін біз өз арқаларымызда өте ауыр сезіндік. 1923 ж. дейін біз осы оңшыл ағымға қайткен күнде де тым жол бермеуге ұмтылысымызды тоқтатпай келген едік. 1923 ж. бастап бізге оңшылдар өздерінің қисық жақтарына тартуды қойған сияқты болып көрінді де, біз оларға шын ниетімізбен сенім көрсете бастадық. Бірақ енді біз бұл жөнінде өзіміздің қателескенімізді көріп отырмыз. Оңшылдық ағымдар неден көрінеді? Бұл жолдастар, біріншіден, Қырғызияда таптар жоқ деп сендіреді, екіншіден, партияның ішкі мәселелерін партиядан тыс зиялылардың ортасына шығарып, олармен бірлесіп талқылауды шығарған, ал, соңғылар болса РКП-ға кірмеген кешегі Алашорданың басшылары. Үшіншіден, қырғыздар арасында коммунистік жастар одағын ұйымдастырудың керегі жоқ деп, оның орнына бөлек «Қырғыз жастарының одағын» құруды мақұл көреді және т.б., осы рухта жалғастыра береді. Алашордашылар мен олардың басшыларының баспа жүзінде болсын, ауызша айтары болсын былапыт сөздеріне алдыңғылардың бірі болып мен ілігемін. Мен олар туралы 1917-18 жж. «Тіршілік» газетінің екінші редакторы және іс жүзінде газеттің жетекшісі болған кезімде, онан соң да, басқа түрде Орынбордағы ҚырЦИК органдары «Еңбек туы» және «Еңбекшіл қазаққа» да жаздым, тіпті менің орыс тіліндегі екі мақалам 1920 ж. Наркомнацтың органы «Жизнь национальностей»-де13 жарияланған еді. Әрине, мұның бәрі үшін маған кешірім жасай алмай келеді. Мен бұрынғы ауыл мұғалімімін. Жаман ба немесе жақсы ма, қырғыздың жазушысы мен ақынымын. Мінездеме үшін төменгі жайды келтірейін: өз кезінде замандастары – дворян өкілдері Некрасовтың14 ақындығын мойындамағанындай, бүгін де буржуазиялық интеллигенцияның көптеген өкілдерінің Демьян Бедныйды15 ақын деп мойындағысы келмейтіндігіндей, Алашордадан шығып 1920 ж. партияға кірген біздің жолдастар да мені ақын деп танығысы келмейді, таныған күнде де түрлі ескертулермен танығандай болады. Мен революция туралы «Қызыл сұңқарлар», «Паровоз», «Қызыл батырлар», «Қызыл жауынгерлер» мен «Аэропланмен самғаған революцияның жаршылары», үгіт сипаттағы өлеңдер жазғанымда олар мұны «ақындық емес» және «жаман» дейді де, «қырғыздарға бұл нәрселер жөнінде жазудың қажеті жоқ, лирикаға үгітті енгізуге болмайды» дейді. Ал, мен тек қана табиғаттың сұлулығы жайында жазсам, олар мұның жарайды, тіпті өте жақсы дейді. Және де маған ғана емес, менің қалам ұстаған жолдастарыма деген көзқарас та дәл осындай. Мысалға жас ақын С.Мұқанов16 туралы да олардың пікірі осылай. Енді, Қырғызиядағы жалпы саяси жағдай туралы. Қырғызияда қазір 1920 ж. партияға келгендердің, яки оңшыл ағымдағы адамдардың үстемдігі орныққан. Тек қана ОАК [Орталық Атқару Комитеті] мен ХКК [Халық Комиссарлар Кеңесі] төрағалары оңшыл ағымға ниет білдірмейтін адамдар. Сондықтан, сырттай қарағанда жоғарғы басшылықтың бәрі оңшыл бағыттағы адамдардың қолында емес сияқты көрінеді. Солай болған күннің өзінде екі кісі не істей алады, оның үстіне Халком Кеңесінің төрағасы жолдас Нұрмақовтың17 мінезінің ауырлығы, ҚырОАК-нің төрағасы Мыңбаев18 жолдастың шала сауаттылығы олардың сыртынан оңшыл ауытқушылардың жұмыс істеуіне аса қолайлы жағдай тудырады. Міне, осы соңғылардың ішкі бірлігінің беріктігі сонша, Компартияға мүше адамдар мен үлкен әрі жауапты қызмет орындарында отырғандардан бастап, аяғы Бөкейханов, Досмұхамедовтер, Тынышбаевпен, ақындар Жұмабаев19, Дулатовпен20 бітетін бір шынжырдың бауына ұқсайды. Бұл адамдарға кедергі жасамақшы болған жолдастар әртүрлі сылтаумен лауазымды қызметтерінен біртіндеп алынып, олардың орнына «өз адамдары» қойылуда. Бүгінде ГАК-тердің (губерниялық атқару комитеттері] барлық төрағалары, Орал ГАК-нің төрағасы жолдас Досовтан21 өзгелері, олардың «өз адамдары». 1. Мәселен, Қырғыз ОАК-нің хатшысы Ж.Сәдуақасов орнынан алынып тасталды. Ол 1917-18 жж. алашордашыл ағымға қарсы күрескен белсенді күрескерлердің бірі, алашордалық ұйымдарға қарама-қарсы құрылған Омбының қырғыз жастарының «Демократиялық Кеңесіне» қатысушы. 1918-19 жж. Омбы қаласында астыртын қимыл жасаған, 1918 ж. желтоқсанында Колчакқа қарсы көтеріліс шығарған большевиктермен байланыста қызмет жүргізген адам. 1919 ж. ол мені және Нуркин23 жолдасты Колчактың концлагерінен қашып шығуымызға көмек көрсеткен, Байділдин24 жолдаспен бірге қызыл партизан Әбілов пен бір орыс жолдасты жасырып аман алып қалған адам. 2. Губком хатшылығы қызметінен Х.Жүсіпбеков алынды. Ол 1917-18 жж. Омбы оқушылары ішіндегі белсенді күрескер, Ж.Садуақасов, Т.Арыстанбеков, А.Нұрсейітов, Ә.Досов жолдастармен бірге алашордалық ағымға қарсы құрылған «Қырғыз оқушыларының демократиялық кеңесін» ұйымдастырған кісі. 3. С.Шәріповты26 алдымен Ақмола губаткомы төрағалығынан, соңынан, менің талабым бойынша Жоғары соттың Қырғызиялық бөлімшесінің Алқасына мүше болған жерінен қуып шығарылды. Ол 1917-18 жж. Көкшетауда Кеңес өкіметін орнатқан санаулы ғана белсенділердің бірі. Колчаковщина тұсында жасырынып жүріп, Туркреспублика мен Қостанай, Торғай мен Атбасар арасында астыртын жұмыс жүргізді. Міне, екі жылдай болды, ол өз ықыласымен «Жеммұнайда» [«Эмбанефть»] қызмет істейді. 4. Орал губерниясында алашордашылармен белсенді түрде күрескен жас қызметкерлердің бірі Исаев27 ОАК-нің хатшылығынан алынып тасталды. 5. Ипмағамбетовты28 – сол Орал губерниясында алашордашылармен алысқан белсенді жас күрескерлердің бірін – Орал ГАК-нің хатшылық қызметінен шығарып жіберді. 6. Абдрахманов29 Орал ГАК төрағасының орынбасарлығынан шығарылды, ол да алашордашылардың қас дұшпаны болған кісі. Әрине, бұл аталған жолдастар бірден емес, әр түрлі мезгілде қызметтерінен қуылды. 1917-18 жылдардың күрескерлері жолдас Жәнібеков30, Мүкеев31, Байсалықов32 сынды, кезінде біз қолдау көрсетіп, уездер мен губерниялардан шығарып алып, басшы қызметтерге ұсынған жекелеген қазақ жұмысшыларын, қолдарынан келгеннің бәрін істеп, қайткенде де бізден аластауға тырысып бақты, сөйтіп Байсалықовты бізге қарсы қойған кезі де болды. Мені ХКК төрағалығынан алмақшы болғанда, осы жұмысшы жолдастар «жоғарылатылды». Мүкеевті ішкі істер халық комиссары етіп, Байсалықовты ҚырОАК төрағасының орынбасарлығына тағайындады, тіпті ол ҚырОАК-нің төрағасы болады деген өсекті де таратып жіберді, ал ҚырОАК мүшесі Жәнібековты орта буын командирлер даярлайтын өлкелік милиция мектебінің бастығы етіп қойды. Өздері күшейіп алғаннан кейін, Омбыдан Мүкеевке қарсы, оны 1917 ж. бір омбылық көпестің дүкенін тонауға қатысты деп айыптайтын материал тапты (ол үшін Омбыға бір кісі арнайы барып келді). Жәнібековты ҚырОАК-нен шығарып жіберді, ал, Байсалықовты ҚырОАК-нің төрағалығына жоғарылатпақ түгіл, оны төраға орынбасарлығы қызметінен алып тастады. Жәнібековке ішімдікке ұрынды деп кінә тақты, ал, олардың «өз адамдары» да арақты тәуір ішетіні белгілі. ҚырОАК-нің төрағасы болған Меңдешев те қызметінен алынды. Алғашқы кезде оның саяси жолы дұрыс болғанымен, соңғы уақытта оның бойында орыс жолдастарды дұрыс-бұрыстығына қарамай құр мақұлдау сияқты өзгеше, жанды ауыртатын бөлек бір мінез пайда болғанға ұқсайды. Мен мұны жаман дерт деп есептеймін және мұндайға қарсымын. Міне, түптеп келгенде Қырғызияда қазір оңшыл элементтер басым, ал, «Алашорда» болса қошеметтеп қол шапалақтауда. Мұның осылай екендігін дәлелдейтін үлкен маңызы бар бір кішігірім оқиғаны келтірсем де болар. Ақмешіт (Перовск) қаласында Бүкілқырғыздық 5-ші съезд болып өтті34. Жетісу мен Сырдария облыстарын өзіне қосқан соң бүкіл Қырғызия біржолата біріккендіктен бұл съезд алғашқы біріктіру съезі деп саналды. Съезд өз жұмысын бастаған соң екінші не үшінші күні маған бір жолдас: съезд мәжілісі өтіп жатқан залдағы қызыл тулардың нақ ортасында Досмұхамедовтердің Батыс Алашорда өкіметінің бетінде Құран сөзі жазылған жасыл туы тұрғандығын айтты. Мен сенбей қалып едім, дегенмен, расында да қызыл тулардың ортасында әлдебір жасыл тудың тұрғаны есіме түсті. Кейбір жолдастар наразылық білдірген соң «Алашорданың» туы алынып тасталды. Кейін айқындалғандай, оны бір орыс қызметшісі істің байыбына бармай іліп қойыпты. Ал, съездің мәжіліс залын даярлауға жоғары сауатты қырғыздар басшылық еткен еді! Съезд біткен соң Орынборға қайтып келе жатқанымызда, поезд үстінде, бұрын Алашорданың қызметкері болған ескі мұғалім, маған жақсы таныс Халық Ағарту комиссариатының қызметкері35, екі жолдастың көзінше маған масаттана былай деген еді: «Сайып келгенде бәрі біздің дегеніміздей болды (яғни Алашордаша). Съезд біздің Алашорданың жасыл туы астында ашылды. Біз негізгі тірек интеллигенция болуы керек деп санағамыз және бұл идеяны съезде толығымен өткіздік. Жұмысшылар жайындағы сөздер бос қалды. Біз өз өкіметімізді «Алашорда» деп атағанбыз. Ал, мына өткен съезде Қырғызияның болашақ астанасы Ақмешіт (Перовск) қаласының атын Қызылорда (Красная орда) деп өзгерттік. Қырғыздар үшін қызыл, жасыл, ақ түстердің ешқандай мағынасы жоқ, оларға «Орда» қалса болғаны. Енді партияға біз де кіреміз («Орда» деп байлар мен ақсүйектердің киіз үйлерін атайды, ал, кедейлер мен жарлы адамдардың үйлерін «баспана» мен «лашық» дейді). Міне, Алашорданың ұсақ оқытушы-қызметкері, бүгінде Наркомпроста істейтін адамның маған поезда айтқан сөзі осы. Шынын айтқанда ол аздап қызып алған еді («Өз идеяларының» салтанат құрғанын жуған болу керек), дегенмен де, ол мұнысымен белгілі топтық, белгілі саяси ағымның көңіл күйін білдірді. Расында да, қазір зиялы қырғыздар мен қырғыз әйелдері ортасында, партияға әлі кірмеген, немесе кезінде кіргенімен ашаршылық жылдары партиядан шығып қалған Алашорданың бұрынғы қызметкерлері мен олардың шәкірттерінің партияға кіруге деген үлкен ұмтылысы байқалады. Бұлардың әр қалалардағы кейбіреулері партияға өтуге арыз беріп те үлгерді. Бұл жағдай Қырғызиядағы Компартия үшін әлі де аса қауіпті болып табылады. Міне, қысқаша жазғанда, менің Сізге хабарлағым келген жәйттер осы. Мен өзіме ешнәрсе сұрап отырған жоқпын, маған ештеңенің керегі жоқ. Сонымен қатар, бұл баяндау хатпен бірге, мен үшін осы бір орайлы кезде, Орталық Комитетке мені саяси-экономикалық және марксистік білімімді толықтыру үшін ОК мені Социалистік академияға жолдама беруін өтініп арыз бердім36, неге десеңіз, бұл жағынан мен өзімде үлкен кемістіктер барлығын сезінемін.
Коммунистік сәлеммен С.Сейфуллин (қолы)
Қазақтан Республикасы Президенті архиві. 811-қ., 24-т., 243-іс, 7-17-п.
Дереккөз: akikat