Дәурен Абаев: Елбасының Еуропадағы кездесуінің бәрі ел мүддесіне пайдалы болғанына сенімдімін
2018 ж. 26 қазан
2535
0
Ел экономикасын негізге алған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке тиісті тапсырмаларды жүктеп қана қоймай, өз үлгісімен кез келген уақытта әлеуетті инвесторға еліміз бен оның мүмкіндіктері туралы айта білу керектігін көрсетіп отыр.
Мұндай пікірді «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында қонақ болған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дәурен Абаевтан жүргізуші жақында ғана Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуропа елдеріне жасаған сапары туралы пікірін сұрады.
«Осы ретте Елбасының Ресей мен Өзбекстан елінің басшыларымен Сарыағашта өткен кездесуін ұмыт қалдырмауымыз керек. Кездесу мәртебесінің бейресмилігіне қарамастан, бұл келіссөздер ең ауқымды мәселелер бойынша маңызды болғаны анық. Шынында да, Мемлекет басшысы Еуропада әлемдегі экономикасы жетекші елдің басшыларымен кездесті. Ол кездесулердің бәрі де біздің елдің мүддесін алға тартуда барынша пайдалы болғанына сенімдімін», - деді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, ел экономикасына Қазақстан Президенті әрдайым басымдық беріп келеді.
«Ел экономикасының ары қарайғы өсімі инвестицияны қажет етеді. Міне, сондықтан, Мемлекет басшысы Үкіметке тиісті тапсырмаларды жүктеп қана қоймай, өз үлгісімен кез келген уақытта әлеуетті инвесторға еліміз бен оның мүмкіндіктері туралы айту керектігін көрсетіп отыр», - дейді министр.
Дәурен Абаев өз сөзінде Елбасының Финляндияға сапарының арқасында жалпы құны 500 млрд АҚШ доллары болатын 20-дан астам әртүрлі құжаттарға қол қойылғандығын жеткізді.
«Олардың ішінде көлік, логистика мен банк саласындағы келіссөздерді атап өтуге болады. Екіншіден, Азия және Еуропа форумына қатысуға байланысты: бұл шараның қазіргі уақытта мәртебесі жоғары. Ол шара елуге тарта Еуропа мен Азия елдерін біріктіреді. Сонымен бірге, Қазақстан ол шараға қатысып жатқан Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет. Ал жоғары деңгейдегі келіссөздер алдағы уақыттағы ынтымақтастықты үйлестіруге серпін береді. Сонымен бірге, саммиттің қорытынды құжатына біздің қаржылық институттардың аймақтық серіктестігі мен дінаралық диалогты бекемдеу туралы бастамамыз енді. Менің ойымша, бұл - өте жақсы нәтиже», - дейді Дәурен Абаев.
Еске сала кетсек, қазанның 17-і күні Елбасы Финляндия Президенті Саули Ниинистёмен шағын және кеңейтілген құрамда кездесу өткізген болатын. Кездесуден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Финляндия бизнесмендері 600 млн доллардың келісімшартын жасасқанын, қазақ пен финнің тарихы да, тағдыры да ұқсас, еліміздің көлік әлеуеті зор екендігін баса айтты. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы «Азия-Еуропа» форумының 12-ші саммитіне қатысқан еді.