ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы құрамындағы республикалық «Көкпар» және «Аударыспақ» федерацияларының басшылық құрамына өзгерістер енді. Құрылтайшылардың жалпы жиналысының хаттамасына сәйкес, республикалық «Көкпар» федерациясының президенті болып Ділдабеков Мұхтархан Қобыланбекұлы, ал республикалық «Аударыспақ» федерациясының президенті болып Қобыландин Данияр Жаңабайұлы тағайындалды.
Бұл туралы baq.kz хабарлады.Мұхтархан Ділдәбеков "Көкпар" федерациясының президенті болып тағайындалды
2018 ж. 24 қазан
5374
0
Даңқты боксшы Мұхтархан Ділдабеков есімі спортсүйер қауымға жақсы таныс. Бірақ, екі Олимпиада ойындарында бақ сынаған, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, ХІІ Азиялық ойындарының жеңімпазы, ХІV Азиялық ойындарының күміс жүлдегері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған атақты боксшының үлкен спортқа дейін додабұзар көкпаршы болғанын екінің бірі біле бермейді.
Таныстырып өтелік, Мұхтархан Ділдабеков 1976 жылы Түркістан облысы Мақтарал ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Білімі жоғары. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ -түрік университетін тәмамдаған. «Парасат» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.
Бокс қолғабын шегеге ілген 2006 жылдан Мұхтархан Ділдабеков Шымкент қаласының №5 бокстан олимпиада резервінің мамандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, 2008 жылдан осы уақытқа дейін «Оңтүстік Қазақстан облысының бокстан олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандырылған спорт мектебінің» директоры қызметтерін атқарып келді.
Алайда, ат жалын тартып мінгеннен көкпарқұмар болған Мұхтархан Ділдабеков осы жылдар аралығында оңтүстік өңірде жиі ұйымдастырылатын жаппай көкпардың додасынан да алыс кеткен емес. Сондықтан болар, атақты боксшының көкпаршылығы туралы кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында көлемді мақалалар мен сұхбаттар аз жарияланған жоқ.
Міне, бокс жанкүйерлері мен көкпар жанкүйерлеріне аты мәшһүр болып келген Мұхтархан Ділдабеков енді Республикалық көкпар федерациясының президенті болып тағайындалды. Жұдырығы гүрзідей Мұхтархан Ділдабеков шаршы алаңда ұзақ жыл атой салып, қазақ ұлтының мерейін өсірді. Енді еліміздің көкпар тізгінін қолға алған Мұхтарханға ұлттық өнеріміздің беделін арттырып, командалық көкпар ойынын әлемдік деңгейге көтереді деген сенім артылып отыр. Бұған дейін өзі қадам басқан саласында табандылық танытып келген Мұхтархан Ділдабеков ел сенімінің үдесінен шыға білген азаматтың бірі.
Ал, республикалық «Аударыспақ» федерациясының президенті болып тағайындалған Қобыландин Данияр Жаңабайұлы жайлы мағлұмат төмендегідей.
Данияр Қобыландин 1984 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Еңбек жолын Ақтөбе облысы прокуратурасынан бастаған. ҚР Көліктік бақылау комитетінде, ҚР Президент әкімшілігінде, Алматы қаласы әкімдігінде қызмет еткен. Қазіргі кезде жеке кәсіпкер.