Бүгін «Астана «ЭКСПО-2017» компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияевке түрмеде жақсы жағдай жасаған түзеу мекемесінің басшысы мен орынбасарына қатысты үкім шықты. Түрме басшысы Н.С.Əбен 3 жылға, оның орынбасары Т.О.Мұсаев 2 жылға сотталды.
Бұл туралы baq.kz хабарлады.Ермегияевке ерекше жағдай жасаған түрме басшылары сотталды
2018 ж. 22 қазан
3085
0
Үкіммен Астана қаласы №2 Байқоңыр аудандық сотының судьясы Айжан Күлбаева таныстырды.
"1974 жылы туған, Қостанай облысының тумасы Əбен Нұрлан Сапарұлы ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінің бастығы болған. Сот Н.С. Əбенді Қылмыстық кодекстің 362 бабы, 4 бөлігі, 3 тармағында қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінəлі деп тану және оған ҚК 55 бабы, 4/6 бөлігін қолдана отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындау туралы үкім шығарды. Оған мемлекеттік қызмет, құқық қорғау мен басқа лауазымдарды атқаруға тыйым салынады. Əбен полковник атағынан айырылады. Жазаны өтеу мерзімі 2017 жылғы желтоқсаннан бастап есептеледі", - деді Күлбаева.
Судья 1980 жылы туған, Қарағанды облысының тумасы, ЕЦ-166/10 түзеу мекемесі бастығының орынбасары Мұсаев Талғат Оразақұлына қатысты үкіммен таныстырды. Ол ҚК 28 бабы, 5 бөлігімен, 362 бабы, 4 бөлігі, 3 тармағымен қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінəлі деп танылды. Мұсаев 2 жылға бостандығынан айырылды. Оған мемлекеттік қызмет, құқық қорғау мен басқа лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Мұсаев майор атағынан айырылады. Жазаны өтеу мерзімі 2017 жылғы желтоқаннан бастап есептеледі.
Əбен мен Мұсаевтан экспертиза жасауға кеткен 1 млн 300 мың 287 теңге көлеміндегі процессулдық шығындар өндіріледі.
2016 жылдың маусым айында «Астана «ЭКСПО-2017» компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев пара алғаны және бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 14 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. 2017 жылдың соңында Талғат Ермегияевке жазасын өтеп жатқан түрмеде жақсы жағдай жасап бергені үшін ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінің бастығы Н.С.Əбен мен орынбасары Т.О.Мұсаев ұсталған еді. Олар Талғат Ермегияевке алкогольді ішімдік ішуге, ұялы телефон мен интернетті еркін қолдануға рұқсат беріп, шектеусіз кездесуді заңсыз ұйымдастырып отырған.