БАСТЫ МАҚСАТ – ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУ
2018 ж. 06 қазан
3649
0
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады. Биылғы ҚР Президенті Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған.
«Қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы негізгі басымдыққа айналуы тиіс. Жалпы Ішкі жалпы өнім, инфляция, барлық макроэкономикалық көрсеткіштер өздігінен-ақ цифрлар. Бұл цифрларға қазақстандықтардың өмірін жақсарту үшін қол жеткіземіз. Барлық әкімдер мен министрлерге мұны барлық уақытта есте сақтап, бастарында ұстауларын өтінемін», – деді Елбасы. Мемлекет басшысы дәл осы көрсеткіштермен барлық деңгейдегі бүкіл басшылардың қызметтеріне сәйкестігі мен дербес жауапкершілігі бағаланатындығын баса айтты.
Елбасы өз жолдауында Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. Олардың қатарында мұғалімдер, дәрігерлер, құқық қорғаушылар және өзге де мемлекеттік қызметкерлер бар. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлінетін болады. 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет.
Білім саласында да атқарылар жұмыстар көп. Үш ауысымдағы мектеп мәселесін түбегейлі шешу мен «Педагогтар мәртебесі» туралы заңды қабылдауды тапсырды Елбасы.
Президент құқық қорғау саласына да жаңа реформалар керектігін айтып, бұл туралы Қ. Қасымовқа тапсырма берді. «Сот жүйесіндегі мамандарды сапалы түрде жаңарту қажет. Осыны ылғи айтамыз. Судья қызметіне мықты заңгерлер келуі қажет. Бірақ ондай үрдіс байқалмайды. Тәуелсіздігімізге 27 жыл болды. Баяғы судьялар отыр. Мен оларды жаман деп айта алмаймын. Бірақ өздеріне жүктелген мәселелерді шеше алмай жатыр», – деді Н.Назарбаев. Елбасының айтуынша, халық әлі күнге дейін Президентке хат жазып, өз мәселелерін шешуді сұрайды. Демек, олардың проблемасы сотта шешілмейді.
«Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы. Бұл - қазақстандықтар сапалы азық-түлікті пайдалануға тиіс деген сөз. Бүгінде халықты сапасыз әрі денсаулыққа және өмірге қауіп төндіретін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерден қорғайтын тұтас саясат жоқ», – деді ҚР Президенті. Сондықтан тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетін құру керектігін ұсынды.
Мемлекет басшысы жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиістігін атап өтті. «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын», – деді Елбасы.Нұрсұлтан Назарбаев реформалар мен негізгі стратегиялық құжаттардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізіп, бағалау үшін қажетті өкілеттіктер бере отырып, Президент Әкімшілігінде Ұлттық жаңғыру кеңсесін құруды тапсырды.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz