Елбасы үлгі еткен "Бөрте-Милка" кешенді фермасы туралы не білеміз? (видео)
2018 ж. 05 қазан
7517
0
Бүгін Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Аталмыш Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған.
Жиынға ҚР Парламент палаталарының төрағалары, депутаттар, ҚР Үкімет мүшелері, ҚР Жоғарғы Соты, Конституциялық Кеңесі және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, ұлттық компаниялардың бірінші басшылары, ірі қоғамдық ұйымдар жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Жолдау барысында ауыл шаруашылығын кешенді түрде дамыту мәселелерін сөз етті. Атап айтқанда, осы саладағы еңбек күшін арттыруды Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевке тапсырды. Елбасы мемлекеттің бар күшін замануи агротехнологияларды дамытуға бағыттау керектігін сөз етіп, оңтүстік өңірдегі "Бөрте-Милка" ЖШС жетістіктерін елге үлгі етті.
- "Бөрте-Милка" ЖШС инновацияларды өз жұмысында тиімді пайдалану арқылы өз өнімділігін екі есе арттырған, - деді Н. Назарбаев Жолдау аясында.
Осы орайда Президент елге үлгі еткен сүт фермасы туралы ақпаратты "Қазақ үні" ақпарат агенттігі оқырманға ұсынады.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданында орналасқан ең соңғы үлгідегі қондырғыларымен жабдықталған «Бөрте-Милка» кешенді сүт фермасы 2015 жылы құрылған болатын.
Тәулігіне 50 тонна сүтті өңдеуге қауқарлы кәсіпорын қаймақ пен айран және балаларға арнап «Бөрте Милка» йогуртының 6 түрін шығарады. Компания кешені өңірдегі жалғыз роботтандырылған сүт-тауарлы ферма болып саналады. Ферма шведтің DeLaval компаниясының ең заманауи технологиясын қолданып соғылған. Ферманың президенті - өңірге белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Нұралы Әлмаханұлы Әбішев.
Мұндағы барлық жұмысты дерлік роботтар атқарады - сиырды тазалап, сауады және тұратын орнын тазалайды. Жемделетін сиырларды салқындату жүйесі, метеостанциясы бар желдеткіш жүйесі, күндізгідей жарық жүйесі, сиырдың тойғанын анықтау камералары орнатылған.
qazaquni.kz