Азат Перуашев: Жастардын жұмыссыздығы – әлеуметтік әділетсіздіктің нәтижесі
2018 ж. 01 қазан
2921
1
«Жастардын жұмыссыздығы – біздегі экономикалық саясаттың кемшілігі мен әлеуметтік әділетсіздіктің нәтижесі» - бұл туралы Мәжілістегі жұмыспен қамту саласының проблемалары мен даму перспективаларына арналған парламенттік тыңдауда «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев мәлімдеді.
«Бүгінде, жұмыспен қамтудың жағдайы қатты шиеленіскен. Көптеген дарынды жастар елде орын таппай, шетке кетуге мәжбүр. Бұл біздін экономикалық саясатымыздың кемшілігі және әлеуметтік әділетсіздіктің нәтижесі. Өкінішке орай, жауапты органдар осыны шешудің орнына, керісінше, өздерінің солақай әрекеттерімен оны мүлдем күрмеп тастады», - деп атап өтті депутат.
Ол жұмыспен қамту мәселесін шолақ шешпей, оны кәсіпорындар мен ұйымдасқан жұмыс орындарын ашу, индустрияландыру және заманауи экономиканың талаптарына сай мамандар даярлау арқылы іске асыруды дұрыс деп есептейді.
«Бұл сұрақтарды тек кешенді, жүйелі саясат арқылы ғана шешуге болар. Ол үшін мектептерде кәсіптік білім беруді жаппай енгізу, дуалды оқытуды дамыту, яғни тиімсіз кәсіптік оқу мекемелерін қаржыландырудың орнына нағыз өндіріспен айналысатын кәсіпорындарға өндірістік оқыту және жас мамандардың тұрмыс жағдайына қолдау көрсету, субсидиялауды ынталандыру қажет деп санаймыз», - деді парламенттік тыңдауда сөз сөйлеген «Ақ жол»жетекшісі.
Еске сала кетейік, кезінде «Ақ жол» фракциясы Білім министріне мемлекеттік тапсырыс пен экономиканың сұраныстары арасындағы сәйкессіздік туралы сауал жолдаған еді.
Сонда бірталай түйткілді мәселені көтеріп, ең алдымен білім сапасының нашарлығы мен экономикалық сұранысқа ие емес мамандар шығаруды доғару керектігін ашық айтты. Елге тек заңгерлер мен қаржыгерлер ғана емес, өндірісшілер, IT-мамандар, робототехниктер, биотехнологтар қажеттігіне баса назар аударған болатын.