ЖЕМҚОРЛАРДЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР
2018 ж. 28 қыркүйек
2220
0
Астана елімізде жемқорлыққа белшеден батқан басты қала болып шықты. Қылмыстың осы түрі бойынша сараптама жүргізген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілдері осындай мәлімет таратты.
Биылғы өткен 8 айда ел аумағында жемқорлыққа қатысты 1393 дерек анықталған. Қалтаға басқан ауызбастырықтар көлемі 5 мыңнан бастап 30 миллион теңгеге дейін, ал ұрланған ақша көлемі 10 мыңнан 3 миллиард теңгеге дейін барады. Соның ішінде, жыл басынан бері бір Астананың өзінен 112 жемқорлық дерегі анықталған. Оның себебі, қалада басты мемлекеттік органдар көп шоғырланған. Қостанай мен Түркістан облыстары да бұл көрсеткіш бойынша алда келеді. Ең аз көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында.
«Осы қысқа мерзімде сыбайлас жемқорлыққа қатысты құрылыс саласында – 157, білім беру – 110, жер телімі – 101, ауыл шаруашылығы саласында 95 іс қозғалды», – деді Ұлттық бюро орталығында өткен баспасөз мәслихатында аталған ұйымның ресми өкілі Жанна Бастарова. Оның айтуынша, жыл басынан бері 511 тексеру жүргізіліп, 100 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Дегенмен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда заңбұзушылықтар саны азайғаны байқалады. Яғни, 230 мыңнан 100 мыңға дейін төмендеген. Үстіміздегі жылы мемлекеттік органдардың 5 лауазымды тұлғасы жұмыстан босатылып, ӘҚБтК 465-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар жөнінде 257 хаттама жасалып, 123 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Жауапкершілікке тартылғандардың 52% – мемлекеттік қызметкерлер, 41% – мемлекеттік органдарға бағынышты ұйым қызметкерлері, ал 7% – әскери қызметшілер. Бұл жағдайлардың басым көпшілігі Алматы (17%), Қостанай және Қарағанды (9%) облыстарына тиесілі екен.
Сонымен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұл сараптамасы нені көрсетеді? Біріншіден, жемқорлық атаулы мемлекеттік органдарда орын алатыны осы ресми деректерден-ақ бірден көрініп тұр. Оған мемлекеттік қызметкерлердің жылдар бойы орын алып келе жатқан қылмыстарынан жүздеген мысалдар келтіруге болады. Адал қызмет көрсетеді деген мамандарымыздың халық сенімін ақтамақ түгіл, мемлекет қаржысын ұрлап, бұқараның емес жеке басының қамын күйттегендеріне көз жеткізіп отырмыз. Екіншіден, сала бойынша және жергілікті жерлердегі басшылар қарамағындағы мамандарды дұрыс таңдамайтынын, оларға деген бақылаудың жоқтығын аңғаруға болады. Тіпті сол басшыларының өзі жиі-жиі заң бұзатыны да жасырын емес. Бұның бәрі бұрыннан айтылып келе жатқан белгілі жағдайлар. Бірақ, қанша айтылғанмен жағдай түзелер емес. Миллиардтап жеген қылмыскерді миллиондап айыппұл төлеткізіп сот залынан босатып жіберетін заңды да бекітіп бердік. Бір жағынан қылмыскерлерге өзіміз жағдай жасап беріп отырмыз деуге болады. Сондықтан, халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын, мемлекеттің қорғаныс қабілетін әлсіретуге тікелей апарып соғатын жемқорлар мен парақорларға қарсы қолданатын біздегі заңдарды әлдеқайда қатаңдату керек сияқты.
qazaquni.kz