Омар Жәлел: Жыл өтпей ажырасып, ай өтпей "талақ" айтатындар көбейді
2018 ж. 27 қыркүйек
5793
1
«Бүгінгі балалар ұялмайды, себебі олар ұялмайтын шешелерден туып жатыр»
(Соңы. Басы өткен санда)
Омар Жәлелұлының дәрісі
«Тіршіліктің қадырын өліп, көрде жатқан адам біледі. Тыныштықтың қадырын толғатып, бала тапқан әйел біледі» дедік. Мұқағали осыны терең түсінгендіктен «Моцарт. Жаназасы» деген өлең жазып, ол өлеңде көрде жатқан адамның аузына сөз салады:
Meн сені сүйгем Жаныммен сүйгем, Жарық Күн!
Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.
Ақ сәулең сенің аймалап мені, Жарық Күн,
Тұрған да болар үстінде мынау табыттың.
Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағың,
Сезгемін, білгем, Мен үшін бір күн тынарын.
Тастама мені, Тастама мені, Шырағым!
Шуағың түссін, Шөп болып, мейлі, шығамын.
Қомағай көңіл құмартып өткен әр неге.
Тірлікте сонау түскемін талай әуреге.
Кешкен өмір де, Көрген бақыт та, барлығы,
Жетпейді екен ғой, Бір күндік сенің сәулеңе.
Бір күндік сәуле... Бір күндік жарық мекенім!
Мәңгілік түнек - қапасқа қалай кетемін.
Келмейді-ау тілім... Өлгеннен сұра дер едім,
Тірі жандарға, Өмір дегеннің не екенін.
Өмір дегенге, Тірлікте, сірә, жетер ме ой.
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі, Бекер ғой бәрі - бөтен ғой,
Өмір дегенің - бір күндік Сәуле екен ғой!..
Тамшыдай ғана, нұрына міне, зарықтым.
Өмір осы екен, сырына міне, қанықтым.
Жаса сен Мәңгі! Жаса сен Мәңгі! Жарық Күн! ..
Табытпын, табытпын, табытпын...
Сонда кәзіргі кездегі күнделікті өмірде көп кездесетін ұрыс-керіс, төбелес секілді жағымсыз нәрсенің бәрі неліктен? Өмірді түсінбегендіктен! Тіршіліктің мәнін түсінбегендіктен... Бүгінгі таңда әрбір отбасыдағы ең үлкен проблема – осы. Яғни, біздің жастарға біз айтып отырған ақыреттік сана берілмейді деген сөз. Мен ана бір жолы Қазақстан мұсылмандарының
діни басқармасы (ҚМДБ) Астанадағы «Комфорт» қонақ үйінде өткізген жиналыста мынадай ұсыныс айттым: «Сіздер жаңадан үйленген жас жұбайларға арнап курс ашыпсыздар. Дұрыс-ақ! Бірақ, ондай курсты олар үйленбей тұрып ашу керек! Бір ай ма, екі ай ма оқытып, содан кейін қолдарына «некелесуге дайын» деп сертификат беру керек. Жоқ, сіздер күлмеңіздер! Біз әр адам машинаның руліне отыру үшін алдымен оған жүргізуді үйретіп оқытамыз ба? Оқытамыз! Жол қозғалысының ережелерін жаттатамыз ба? Жаттатамыз! Ал, жастарға некелескен соң қалай өмір сүру керектігін неге оқытпаймыз? Неге үйретпейміз? Үйретпейміз, оқытпаймыз, содан барады да олар үйленгеннен кейін бір жылға жетпей жатып-ақ апатқа ұшырайды. Бір отаудың шаңырағы күйреп ортасына түскен апат емей немене?! Екі адамның үміті үзілді. Сенімі сетінеді. Екі тараптың құдалары бірінің бетіне бірі қарай алмайтын қарабет болып қалды. Орталарында бала туып үлгерсе – ал, оның пайда болуынан оңай ешнәрсе жоқ - ол бала тірі жетімге айналды. Бұның аты Апат емей немене?! Біз соның алдын алуымыз керек. Ол үшін не істеуіміз керек? Ол үшін оқытуымыз керек. Мүмкін, үйленеміз деп жүрген ол екі жас адам бір-бір жұп емес шығар, бір-біріне сәйкес емес шығар? Бір бірінің сыңары емес шығар? Мүмкін, олар құмарлықтың соңында жүрген шығар? Олар сүйеміз деп ойлайтын шығар?
Сүймесе де «сүйеміз!» деп былжырап,
Қасақана, қаратүнек тұнжырап,
Қанша адамды алдаймыз біз өмірде,
Сондықтан да қанша сәби жүр жылап...
Жұматай ақын осылай дейді.
Сүймейміз ғой біз... Сүймейміз біз, құмармыз!
Неліктен біз ғашық емес, құмармыз? – дейді Жұматай.
Бұл – екінші проблема. Бірінші проблема – ол қазақ отбасындағыларда ақыреттік сананың жоқтығы. Өйткені, неке – біріңе деген адалдық, тазалық, жауапкершілік. Сен біреудің мәпелеп отырған қарқаралы қызын әйелдікке алдың ба – енді сен Алла-Тағаланың жауап бересің. Себебі, сен оны аманатқа алдың! Бірақ, өкінішке қарай біздің жастарымыз осы неке деген адам өміріндегі ең маңызды, ең жауапкершілігі күшті қасиетті ұғымның философиясының байыбына бара алмайды, тереңіне бойлай алмайды. Сол себепті жыл өтпей жатып ажырасу. Тіпті ай өтпей жатып «талақ» дейтіндер пайда болды. Орысша айтқанда әйелді қолындағы қолғап секілді ауыстырады. Ал, адамның тағдыры ешкімнің басын ауыртып, қабырғасын қайыстырмайтын болып алды.
Бүгінгі қазақ мектебіндегі балаларға білім беретін, білімнен бұрын тәрбие беретін мұғалімдердің 47 пайызы – жалғызбасты әйелдер! Балаларының әкесі жоқ әйелдер... Мектепте төбелестен жеңілмейтін бір бала бар екен. Бірақ, қарсыласының біреуі «сенің әкең жоқ!» десе сылқ етіп құлайды екен...
Сіздер қараңыздаршы, ойлаңыздаршы, бүгін біздің эгоистігіміз қандай – «өзім үшін бала туып алдым!» дейді. Ал, бала қалай өседі? Ол ертең құрбы-
құрдастарына кімнің баласымын деп айтады? «Әкең қайда?» десе не жауап береді? «Іссапарға кеткен» дей ме? Бітпейтін-қоймайтын қандай іссапар ол?..
Міне, сондықтан отбасының күйреуіне бірінші себеп – бізде ақыреттік сананың жоқтығы. Алла-Тағаланың атын айтып некелестің бе – ол әйел енді сенің аманатың. Шариғат бойынша қыз бала тұрмысқа шыққанға дейін ата-анасының мойнындағы аманат. Тұрмысқа шыққаннан кейін ол аманат енді ерінің, күйеуінің мойнына өтеді. Неке дегеніміз – осы. Сен некелестің ғой? Сен Алла-Тағаланың атын атап уәдеңді бердің ғой? Молда сенен «пәленшенің қызын әйелің етіп алуға келісесің бе?» деп сұрады ғой? Сен сол кезде: «Иә, келісемін!» деп уәде бердің ғой? Иә, иә, сен мас болып тұрсың, бақыттан басың айналып тұр... Түсінеміз. Бірақ, уәдеңді бердің ғой? Қазақ: «Айтсаң – уәдеңе жет! Уәдесіз – Құдайға шет!» дейді.
Біз Алла-Тағаланы ауызға алып, уәде береміз. Демек, біз өзімізді мұсылманбыз деп санаймыз ғой, дұрыс па? Ал, мұсылмандық бірінші кезекте неден байқалады? Мәшһүр-Жүсіп атамыз: «Мұсылманшылықтың басты, бірінші белгісі – уағдаға опалы болу» дейді. Уағда, яғни, уәде. Опа деген нені білдіреді? Опа - берген сөзіңе адалдықты білдіреді. Айтқан сөзде тұрмайтын адамды кім деп атайды? Дұрыс, «опасыз» деп атайды...
Мәшһүр-Жүсіп атамыз айтады: «Мұсылманшылықтың екінші белгісі – нәпсінің пайдасы мен зияны таласып келгенде нағыз мұсылман зиянды өзіне алып қалып, пайдасын өзге адамға беруінде» дейді. Ерлі-зайыптыларға ең керек нәрсе - осы. Мысалы, түнде бала жылады дейік. Сол кезде нағыз мұсылман еркек әйеліне «сен шаршадың ғой, жата тұр, баланы мен өзім жұбатайын немесе баланы өзім тосып келейін» деп, ұйқысын қиып, орнынан тұрады екен. Нәпсісіне зиян келіп тұр ғой? Кешегі кездесуде бір қарындасымыз маған «сізден өтініш, еркектерге айтыңызшы» деді. «Қазақ бұрын ауылда қауымдасып өмір сүрген. Еркек алаңсыз далада өз шаруасымен жүре берген. Өйткені, ауылда ене де, жеңге, абысын да, бәрі бар. Кәзіргі еркектерге қиын. Ол ененің де рөлін, жеңгенің де рөлін, абысынның да рөлін атқару керек. Бүгінгі жас әйелдің қасында да енесі жоқ. Жеңгелері де жоқ. Абысындары да жоқ. Әне сол әйел бала туып босанып, босанған соң екі күннен кейін шығарып перзентханадан үйіне келіп, омыртқасы үзіліп, тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен баласын баурына қысып емізіп, еш нәрсеге жарамай жатқан кезінде даладан келген күйеуі оған «шай қойсайшы!» дейді... Осыны еркектерге айтыңызщы» деді. Мен сол қарындасымыздың маған артқан аманатын орындап, айтқан өтінішін сіздерге жеткізіп отырмын...
Міне, көрдіңіздер ме, біз еркек болғаннан кейін өз нәпсімізді тиып, оған зиян келтіріп, істің ауырын мойнымызға алуымыз керек еді, ал, біз болсақ керісінше, бар жүкті әйелдің мойнына артып қоямыз. Сол шәйнекке отты өзіміз жағып, шәйді өзіміз қойып-ақ ішсек те болады ғой... Тіпті, әйелдердің жылына бір-ақ рет келетін 8-наурыз мерекесі күні де әйелдер жұмыс істейді.
Біз осылайша мұсылманшылықтың екінші шартын да орындамай жүрміз. Ал, қазақ не дейді? Қазақ «пайда зиянның арғы жағында» дейді.
Нәпсіңіз зиян шегуі арқылы рухыңыз пайда табады. Сізге біреу жүз долларлық бір көйлек, мың долларлық бір көйлек берді дейік. Өз кезегіңізде сіз де біреуге сыйлық жасауыңыз керек болып қалды. Сіз дайын тұрған екі көйлектің қайсысын сыйлайсыз? Әлбетте, жүз долларлықты. Өйткені, нәпсіңіз «жақсысын алып қал!» деп тұр ғой. Ал, шын мұсылман адам жақсысын сыйлау керек. Бірақ, ол қиын. Өте қиын...
Автобуста отырсыз. Жасы үлкен адам кірді. Сізге нәпсіңіз «тұрма, отыр!» дейді. Ақылыңыз: «Тұрсайшы, ұят болады ғой» дейді. Нәпсіңіз: «Тұрма, соткаңа щұқшия қал, көрмей отыр деп ойлайды» дейді. Нағыз мұсылман болсаңыз, орныңыздан атып тұрар едіңіз. «Бұл сөзді автобуста отырған жастарға айту керек екен» десіз бе?.. Мен енді бәрін тастап, автобусқа шығып лекция оқиын, ә? Солай ма? Ал, сол автобуста үлкен орын бермей отырған баланы сіз туып отырсыз... Баланы автобуста емес, алдымен үйде тәрбиелеу керек! Үйде! Сіз ақылды үйде айтсаңыз, балаңыз автобуста орын береді. Орын берген балаға үлкендер алңыс айтады: «Көп жаса! Бақытты бол! Сені тапқан анаңнан айналайын!» дейді... Сіз үйде отырып жақсы адам атанасыз. Отан – от басынан басталады! «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Отбасында тәрбие алмаған адамды автобуста тәрбиелей алмайсыз...
«Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі». Сіз күйеуіңізді үйіңізде үнемі жерге тығып отырсаңыз, ертең сіздің ұлыңыз да бір әйелдің «астына барып» түседі. «Подкаблучник» болады...
Қағазға түсірген: Өмірзақ Ақжігіт
Қазақ үні