"Қазақ үні" мақаласынан кейін ергежейлі ескерткіштер алынып тасталды
2018 ж. 23 қыркүйек
2550
0
Қыркүйектің 8-і күні "Қазақ үні" ақпарат агенттігі белгілі журналист Мылтықбай Ерімбетовтың "Сайқымазақ ескерткіш орнату – қазақ ұлтын қорлау" атты мақаласын жариялаған болатын.
Онда Алматыдағы Қалқаман ықшам ауданының бірінші ауруханасы қасындағы (бұрынғы Әуезов, қазіргі Әшімов көшесі мен Ер Жәнібек көшесінің қиылысы) «Жібек жолы» мейрамханасының алдында қазақ батырларына орнатылған ергежейлі ескерткіштер туралы жазылған болатын.
- Басқалар күлмесін десеңіз бабаңыздың тас мүсініне де құрметпен қараңыз. Бұл тікелей қазақ ұлтын қорлау деп түсінемін. Түрікті тауып, өзінің белі мен аяғын, кеудесін өлшетіп тұрып айтып едім, өзімді күлкі қылды. Сөйтіп, жел диірменмен алысқан Дон Кихот кейпінде үйге қайттым. Ескерткішің батырың Санчо Панчо сияқты. Б. Байбек осыны алдырып тастаса тиіннен де тиімді тындырымды, тыныш жұмыс болар еді. Түріктің ақшасы кетсе топчанда тұрған ішкі алаңқайға қоя салуға болады. Көшеде тұрғаны ұят. Осы ескерткіштердің сапасын кім тексерді? Кім рұқсат береді? Қай мекеме? - деп жазған болатын М. Ерімбетов.
Бүгін Мылтықбай Ерімбетов редакциямызға хабарласып, аталмыш мейрамхана сиқы жоқ екі ескерткішті алып тастағанын хабарлап, "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің редакциясына алғысын білдірді.
Алдағы уақытта қазақтың тарихи тұлғаларына орнатылатын әрбір ескерткіш пен мүсіндер сын талқысынан өтіп, қоғамдық пікірдің ескерілуі арқылы орнатылса деп тілейміз.