Абайдың басы Өскемендегі күл-қоқыстың арасында жатыр
2018 ж. 21 қыркүйек
2434
0
«Ойының осылғырлар» – демекші, соңғы жылдары жер-жерлерде аруақтармен ойнау үрдісі белең алып жүр. Қайбір жылы ойда-жоқта Өскемен халқы шу ете қалды. Халқы болғанда, осындағы ұлттық намысы бар қазақазаматтары. «Апыр-ай! Бұл не шу болды екен?», – деп біз де елеңдей қалғанбыз.
Шулатып жүрген сол кездегі Өскемен қаласы әкімдігінің шенеуніктері екен.
«Олар не істеп қойыпты?» – дейсіздер ғой. Бір қарасаң, олардың да жазығы жоқ. Олар өзара ақылдаса келіп, біздің ұлы Абай мен Михаэлистің бір кездегі достығын, олардың бір-біріне деген құрметтерін жұртқа паш етпек болған ғой. Сөйткен де, Михаэлис көшесінің Абай даңғылына келіп тұмсық тірейтін тұсындағы алаңқайға бір түнде екі алыптың ескерткішін орната қояды. Олардың ескерткішті құдайдың жарық күнінде емес, әдейілеп тұрып жеті қараңғы түнде орнатқандағы ойлары – таңертең ескерткішті көрген халыққа «сюрприз» жасап, бір шаттандырып тастау. Бар болғаны осы ғана.
«Жігіттер, мен кеше бір сұмдық көрдім…»
Жақында осы Абай атамызға қатысты тағы бір ши шықты. Ши болғанда, елге түсінікті болсын. Бір күні «Дидар» газетінің ардагер журналисі Әміренов Мұрат ағамыз редакцияға телефон шалып:
– Әй, жігіттер! Мен кеше бір сұмдық көрдім, – дейді түңілген адамның дауысымен.
Шыны керек, шошып қалдық. Әуелде, ағамыз бір қорқынышты түс көрген екен деп ойлағанбыз.
– Не сұмдық, аға? – дейміз ғой, демімізді ішімізге тартып.
– Тағы сол Абай бейшара…
– Иә, Абай не бүлдіріп қойыпты, жо-жоқ, Абайға не боп қапты?..
– Кеше аэропорт жақтағы гаражыма бара жатсам, сол жердегі бір жер үйдің қақпасының алдында шаң-шаң болып Абай атамыздың кеуде мүсіні жатыр. Үлкендігі әжептәуір. Жүрегімді қан жылатқаны сол, әлгі мүсіннің күл-қоқыстың арасында жатқаны болды, – дейді ағамыз налып.
– Мүмкін Абай емес, басқа біреудің мүсіні болар? – десек.
– Әй, енді сендер күйдірмеңдерші адамды. Осы жасқа келгенше Абайды біреумен шатастыратындай не көрініпті маған – дейді.
Бұл жолғы дауысында реніш бар секілді.
Содан салып-ұрып барсақ, расында да сол аэропорт жақтағы Семипалатинская көшесінде орналасқан 86 үйдің қақпасының алдында Абай атамыз жатыр. Жатқан жоқ, тұр екен. Тұрғанда, қалай десек екен. Кеуде мүсін ғой. Тікесінен тік қойып қойыпты. Бір қараған адамға едәуір сәтті шыққан туынды. Иә, екінің бірінің қолынан келе бермейтін-ақ еңбек.
Айналасы ағамыз айтқандай, күл-қоқыс, төгілген құм, шашылған қызыл кірпіштер. Ары-бері қозғап көрмек болып едік, ауыр екен. Үш адам қозғалта алмадық. Сөйткенше болған жоқ, ауладан үрген иттің үні естіліп, іле қақпа ашылды. Өзін Владимир Самойлов деп таныстырған азамат сол үйдің қожайыны екен. Нақтырағы сол үйдің қожайыны болған мүсінші Самойловтың ұлы боп шықты. Қанша дегенмен шығармашылық адамы ғой, сау етіп келіп қалған бізді тосырқап, жатырқамай-ақ, салдырлаған қалпы біраз әңгімесін айтып тастады. Сөз ләмінен ұққанымыз, бүгінгі билік басындағыларға аздап өкпесі бар секілді.
– Абайдың мына кеуде мүсінін 2014 жылы Шемонайха ауданының әкімдігіндегілер тапсырыс беріп жасатқан. Кейін қаржылары болмай қалды ма, әлде Абайдан айнып қалды ма, әйтеуір алмай қойды. Мұны мен емес марқұм әкем жасаған, – дейді «Қазақстанға еңбегі сіңген мүсінші» Владимир Борисович Самойловтың ұлы.
Намысты ерлер табылса, алғыстан басқа айтар жоқ
Біз бұл жерде мәселенің байыбына барып алмай мүсінге тапсырыс берген шемонайхалық атқамінерлерді айыптаудан аулақпыз. Мүсіншінің де еш кінәсі жоқ. Тапсырысты алды да, дер кезінде орындады дегендей. Кіші Самойловтың айтуына қарағанда, тапсырыс беруші мен тапсырысты орындаушы арасындағы делдал болған өскемендіктердің біразына танымал Шик Лео Богданович ақсақал екен. Келісім өзара ауызша жүргізілген көрінеді. Аяғы осылайша сиырқұйымшақтанып, нәтижесінде ешқандай жазығы жоқ Абай атамыз далада, қоқыстың арасында қалып қойған.
Лео Шик (суретте)
Біз болған жайдың анық-қанығын білмек мақсатпен Лео Шикке де, Шемонайха әкімдігіне де хабарласқан едік. Лео Шик Абайдың кеуде мүсіні жайлы бірінші рет естіп тұрғанын айтса, мамыр айынан бері Шемонайха ауданы әкімінің міндетін атқарып отырған Дмитрий Горьковой деген азамат бұл мәселенің жалған екендігін, аудан ешкімге де, ешқашан да Абайдың мүсініне тапсырыс бермегенін жеткізді.
– Сіздер көтеріп отырған мәселе өткен жылы әлеуметтік желіні біраз шулатқан. Алайда, БАҚ өкілдері мен құзырлы органдардың араласып, тексеруінен кейін Шемонайха ауданы әкімдігінің ешқандай тапсырыс бермегені анықталып, кейін бәрі сабасына түскен болатын, – дейді Д.Горьковой.
Самойловтар қақпасының алдында Абайдың кеуде мүсінінен бөлек, Михаэлистің де басы жатыр бір жерде домалап.
– Бұл ұлы адамдарды осыншама неге қорлап отырсың? – деген әзіл-шыны аралас сауалымызға:
– Біріншіден, осы көріністі ары өткен, бері өткендер көріп әкімдіктегілерге жеткізіп барсын дегем. Екіншіден, мынау Абайдың кеуде мүсінін былтыр телевидениедегілер келе жатырмыз дегесін кранмен осы жерге шығарттырған едім. Енді қайта кіргізуге краным жоқ, оның үстіне ары-бері сүйреп жүргенде бетоннан құйылған мүсін сынып қала ма деп қорқам. Өйткені, салмағының өзі 400 килограмның маңайында, – дейді мүсіншінің ұлы.
Кімнің сөзінің рас, кімдікі жалған екенін біле алмай екі ортада біздің басымыз даң болды. Қалай болғанда да тұтас бір ұлттың рухани көсеміне айналған ұлы Абайдың бұлайша қорлануына жол бермеуіміз керек қой.
Кіші Самойлов бір сөзінде бұл кеуде мүсінді жасау үшін кезінде 500 мың теңгенің шығыны шыққандығын, егер алам деуші табылса, 300 мыңға бере салатындығын да нығарлап айтып қалды.
«Атамыздың басын бұлайша қорлатып қоя алмаймыз», – деп ел арасынан намысқа шауып, мүсінді сатып алып жатқан қалталы азаматтар шығып жатса, алғыстан басқа сөз айтпас едік.
Серік Құсанбаев,