Бейбіт Қойшыбай: Мемлекеттік тілді жоққа шығаруға тырысу – ұлт тамырына балта шабу
2018 ж. 19 қыркүйек
3377
0
Сұхбат алушы «журналистика ақсақалы» деп атаған белгілі қоғам қайраткерінің «Қақ айырылған ұлт уақыт талаптарына төтеп бере алмайды» («Расколотая нация не может устоять перед вызовами времени». «Общественная позиция», 24.05.2018) деген тақырыппен білдірген пікірлері айта-айта жауыр болған мәселеге еріксіз қайта оралуға мәжбүрлеп тұр. Сұхбатты жан-жақты талдауға алудан аулақпыз. Онда көптеген орынды ой-пікір айтылатыны рас. Бірақ халықты орыстілді және қазақтілді етіп «араларын жарып тұр» деген мәселемен, қазақ тілінде сөйлеушілерге деген теріс көзқараспен келісе алмаймыз. Автордың ұлттық тіл мүмкіндіктерін ашық кемсітуіне, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын шектеген саясатты әшкерелеудің орнына, іс жүзінде соны мақұлдауына ренжиміз. Ол қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі бар екенін аузына алмайды, негізгі қолданушысы боп табылатын бір ұлт түгіл, сонымен бірге өмір сүріп жатқан күллі қазақстандықтың қақ жарылуына мемлекеттік тіл болғандықтан да жол бермейтін дәрежеде болуға тиістігіне ой жүгіртпейді. Оның орнына ұлттық қозғалысты ғайбаттайды. Бұл ретте автордың: «...көптеген қазіргі ұлтшылдар совет уақытында аузын аша алмайтын» деген жалған тұжырымы да, «...соңғы советтік жылдар мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы менің жарияланымдарымды еске түсіріңіз, біздің барлық ұлтшыл-патриоттар үн шығармай тұрғанда, мен Ресейдегі және Қазақстанның өзіндегі шовинистік жарияланымдарға қарсы жалғыз өзім жазған едім», – деп, өзін-өзі тым мардамси көкке көтеруі де құлаққа кірмейді. «Бірақ тәуелсіздіктің бірнеше жылынан соң, өз көзқарасыңды білдіру қауіпсіз болған заман туғанда, олар «ойбай!» деп айқайға басып, өлі арыстанды тепкілей бастады. Сөйте тұра, олардың көпшілігінің тірі ұсақ жыртқыштар алдында тізелері дірілдеп қоя береді! ...Мырзалар, айдаһар өліп қалған!» – деп мәселені тым қарабайырландыруы да қисынсыз. Өкінішке қарай, «айдаһар» тірі, оның өліп қалмауына мемлекеттік тілді қайткенде де өз тұғырына қондырмау үшін жанталасып жүргендер нәр беріп тұр. Ал солардың қатарында «барша саналы ғұмырында орыс тілді» болған «журналистика ақсақалы» секілділер тұрғанына осы сұхбатты оқығанда анық көзіміз жетті. ХХ ғасырдың басында қазақтардың «бет-әлпеті этностық кейпін, діні мұсылмандық қалпын сақтаса да, жаны, ділі кәдімгі орыс мұжығына айналуын жүзеге асыру» жайындағы отаршылдар ту еткен арманның орындалғанын ХХІ ғасырдағы тәуелсіз ел азаматы паш етіп отырғанына күмәніміз қалмады. Демек осындай қандастарымыз қазақтың ұлттық мемлекетін шындап қалыптастыруға қарсы тұрушылар қатарын арттыра түскен. Ондайлармен күресу орайында біз бұдан 17 жылдай ілгеріде былай пайымдаған едік (кезінде «Діл» газетінде жарияланған):
«ТІЛ ТУРАЛЫ. Алматыдағы орыс тілді газеттер беттерінде әлсін-әлсін қазақ мүддесіне кереғар мақалалар шығып жататыны белгілі. Сондайлардың бірі тәуелсіздіктің он жылдығын тойлау қарсаңында жарық көрді. Қасиетті желтоқсан айында. Он жылдықтан он күн бұрын. «Орыс тілінің жабағысы мен қазақ өркениетінің арбасы» (М. Сытник. «Лошадка русского языка и телега казахской цивилизации». «Мегаполис», 5.12.01.) деген тақырыппен. «Ғимарат әзірге аман», «Қаусаған ваза», «Орыс тілінсіз басқару жоқ», «Ұлтаралық келісім орыс тілінсіз мүмкін емес», «Орыс тілі – идеология мен ақлақтың негізі ретінде», «Мемлекеттік тіл – бұл тым байыпты мәселе» деген тақырыпшалармен. Төрешіл, арандатқыш рухымен. Мәңгүрттікті, құлақкесті құлдықты бейнелеген безендірмесімен. Қысқасы, ұлыорыстық әсіре ұлтшылдықты асқақтатқан, орыстың баршамыз сыйлайтын ұлы тілін қазақ тілін кеміте отырып дәріптеген жұмыс. Сонымен, газеттің қос бетінде далиып жатқан осынау үлкен мақала мемлекеттік тәуелсіздіктің он жылдық мерейтойы мен отар баскөтеруінің қасіретті де салтанатты он бес жылдығы аталып жатқан шақта, яғни елге қастерлі ұғымдарды елемеушіліктің көрінісі ретінде жарияланды. Мен солай қабыладым. Мен – қатардағы қазақ азаматы.
Мақаласында «қазіргі Қазақстан үшін өте өзекті мәселе ретінде тіл проблемасын» көтерген автор бірден қазақ және орыс тілдерін аса қатерлі біріне бірін қарсы қою тәсілін ұстанған. Ол «Мемлекеттік тілдің 4 басты функциясын орындауына қай тіл қабілетті?» деген сауалымен қазақ «мемлекеттігінің біртұтас іргетасының төрт бұрышы және тірегі» болып табылатын «1) ғылым және білім беру, 2) заң, 3) ұлтаралық келісім, 4) идеология және ахлақ (мораль) функциялары» тек орыс тілінің арқасында қызмет атқарып тұрғанын дәйектемекке тырысады. Қазақ тілінің функциясы келмеске кеткен көшпенді өркениеттің дамуымен тарихи байланысты болған дейді осынау қазақ тілінің «білгірі».
Бейнелі түрде сөйлеуге де машыққан бұл «ғұламаның» ойынша, қазақ тілі құдды «Еуропа өркениеті келер алдында дәуір үстелі үстінде тұрған көне ваза» секілді екен. Бар болғаны кеңес өкіметінің 70 жыл басқарғанында вазаны жаңа көлем кере түсіпті де, ақыры сонау құнды ескерткіш жарылып тыныпты. Енді қазақ тілі сол күл-талқаны шыққан вазаның жарықшақтары секілді, ғылыми әдебиетте шашырап жатса керек. Қазақша мәтіндегі 10 сөздің таза қазакшасы тек 5 сөз екен. Қалғаны орыс терминдері көрінеді. Қазақ тілі – мәннің құлы, қызметшісі ретінде әр ғылымға тек 50 пайыз ғана қызмет көрсетуге қабілетті екен. Тұрмыстағы қарым-қатынаста 10 қазақ сөзіне үш орыс сөзі келеді, себебі оған ғылыми терминологияның керегі жоқ, ал тіл көлемі орташа 1000 ұлт сөзі ғана болып шықты. Ғаламат білгірлік!
Енді бұған автордың ең бастапқы негізі санскрит болған орыс тілінің көне грек, көне рим, көне еврей және византия тілдері кірген «ғылыми еуропалық тіл» екенін дәлелдегенін, сондықтан орыс тіліне тиісті мемлекеттік мәртебе беру керектігін ұсынатынын қосыңыз. Орыс тілінің жабағы торысы қазақ өркениетінің сықырлауық арбасын қараңғы ауылдардан еуропалық қалаларға алып шығыпты. Алайда, міне, қазақ ұлтының кейбір жақсылықты білмейтін адамдары өздерінікін дұрыс деп есептейді, сонда, тым болмаса, осы жабағыға мініп әлдебір ілімнің мәнін түсінуге дейін көтеріле алғанын, сөйтіп өзінің интеллектін дамытуға жеткенін парықтаса-шы. Артына қарамай, орыс тілі жағына түкіретін көрінеді.
«Мегаполис» авторы осылай күйінеді. Оның ілім өтіп кеткен санасының пайымдауынша – өркениетті елде ұлт тілі тек өз ұлты үшін ғана дейтін негізгі демократиялық принцип жұмыс істейді, қазақ тілі қазақтар үшін, корей тілі – корейлер үшін, түрік тілі – түріктер үшін, т.с.с. Ал Қазақстан халқының 80 пайызы баршаға ортақ орыс тілінде сөйлейтіндіктен... Ар жағын өзіңіз біле беріңіз. «Үкімет Қазақстан қауымының 80 пайызын қазақ тілін жетік білуге үйретпекші, – деп қайран қалады автор, – ал тілді 10 жылда да сапалы игере алмайсың». (Тіл туралы алғашқы заңның қабылданғанына он жылдан аз-ақ асты, бұл оны игеру қажеттігін түсінудің өзі үшін де жеткіліксіз мерзім екен ғой!) Орыс тілі 400 жылдық қуатты да қатты еменге тең, ол 100 ұлт пен түрлі тарихи дәуірлердің жинақталған тілі. Одан да бәрің орыс тіліне көш. – Бекер деп көр, тастай логика. Ұлы орыс тілін жоққа шығарамын деп ұлып қалып жүрме.
«Қырғызия президенті Ақаевты үлгі ретінде келтіру орынды, – дейді «Мегаполис» авторы, – ол орыс тілінің мүмкіндіктерін парықтап, өз халқын ағарту мен игілікке бастауда – Қырғызияның мемлекеттік тілі орыс тілі болды». Осы жерде еріксіз еске салуға тура келеді – Қазақстанда шығатын «Мегаполис» пен оның қазақстандық авторы алғыс сезімін білмейтін арсыздық пен тегін білмейтін ивандардың жолына түсіп отыр: Қазақияда мемлекеттік қазақ тілімен қатар жүретін ресми тілдің конституциялық шекпенін орыс тілі киіп алғалы қай заман! Ал осынау оқымысты автор мен ақылгөй «Мегаполис» айтсыншы – мемлекеттік тіл мен ресми тілдің қандай айырмашылығы бар екен? Латынның үкіметтік, лауазымдық деген мағынадағы «ofis» деген сөзінен шыққан, орыстікі болып кеткен «официальный», қазақша «ресми» деген сөзбен айқындалып тұрған тіл іс жүзінде екі арасына теңдік белгісі қойылып, заңдық тұрғыда мемлекеттік тіл болып тұрған жоқ па? Бірақ бұл қазақстандық «Мегаполис» газеті мен оның қазақстандық авторына аздық етеді, оларға орыс тілі міндетті түрде жалғыз да дара мемлекеттік тілдің дәл өзі болуға тиіс. Сондықтан да олар орыс тілінің мәртебесін баяғыда-ақ мемлекеттік тұғырға көтеріп қойған өз президенті Назарбаевқа алғыс айтуды, оның ісін басқаларға өнеге етуді ойына да алмайды. Оның орнына, қазақ елбасы Н. Назарбаевтан өнеге алып, өз елінде тағы бір тілге мемлекеттік мәртебе берген қырғыз елбасын жаңалық ашқандай дәріптеп, әр заманалық жаңалықтың алдында жүретін Нұрсұлтан Әбішұлының өзіне үлгі еткісі келеді.
Мақаласының қорытындысында автор «қазақ халқының Шоқан Уәлиханов, Ибрай Алтынсарин және Ибрагим Құнанбаев секілді, XIX ғасырда орыс мектептерінде оқыған және қазақ халқын орыс тілін үйренуге шақырған ұлы адамдарын еске алған жөн» болмағын айтып, мынандай сөздермен: «Ұлы Абайдың: «Орыс тілі – бұл әлемдік мәдениетке есік ашатын кілт», – деген сөздері біздің қоғамымыздың әр адамының жүрегіне жетсін», – деп ұран тастайды.
Соңынан бастайық. Иә, Ұлы Абай: «Орысша оқу керек», – деді. «Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті» деді. Орыстың «тілін білсең – көкірек-көзің ашылады» деді. Орыстың «залалынан қашық болу» үшін, «пайдасына ортақ болу» үшін – «тілін, оқуын, ғылымын білмек керек» деді. Барыңды салып, «балаңа орыстың ғылымын үйрет» деді. Себебі орыстың «тілін, өнерін білген кісі онымен» тең таласа алады, «аса арсыздана жалынбайды» деді. Орыстың тілін, оқуын, ғылымын меңгерсек – «...ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз зорлығына көнбес едік» деді. Яғни отаршылдардың озбырлығына олардың өз заңын жете білу арқылы төтеп берер едік дейді. Патша заманында, Ұлы Абай уақытында, орыстың заң дегендері қазаққа келгенде тертеге айналып кете беретіндігіне күйінгендіктен туған ой. Сондықтан да Ұлы Абай орыстың тілін «қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек», – деді. Міне, Ұлы Абай осыны өсиет еткен. Қазіргі тәуелсіздік дәуірінде де бұл өзекті, зәру мәселе. Бірақ бұдан оны міндетті түрде мемлекеттік тіл ету керек деген ұғым тумайды. Оның мемлекеттік тілмен ресми түрде қатар қолданылғанының өзі отаршылдар тіліне деген құрметтің құрметі.
Ұлы Абай мынаны да ескерткен: «осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді». Өйткені, отарлық езгі халық қараңғылығын қоюлата түскендіктен, өйтіп-бүйтіп, шала-шарпы орысша сауат ашқандар қазақтың өзіне сор болған. Орыс өкіметінің мақсаты да сол – орысша оқытқандарын отар қолшоқпарлары етіп ұстау болатын. Соны көрген Ұлы Абайдың күйігіне күйік қосылды. Ақыры дүниеден мезгілінен бұрын өтті. Отаршыл орыс билігі бұратаналарға орыс мәдениетін олардың көзін ашу үшін емес, орыстандырып, кәдімгі мұжыққа айналдыру үшін тасымалдайтынына көзі жеткен Шоқан, Ыбырай сынды ұлы адамдар да дүниеден түңіліп өтті. Алайда қазақстандық «Мегаполис» пен оның қазақстандық авторы оған неге тереңдесін.
Отаршыл орыс үкіметінің арамзалықтарынан большевизм билігінің жәдігөйлігі есепсіз асып түсті. Түркілер жеріндегі кеңес өкіметінің орнауы оларды билікке жолатпаудан басталды. Одан, көшпенді қазақты 1917–1919, 1920–1921 және 1931–1933 жылдарғы геноцидтерімен үш бірдей ұлттық апатқа ұшыратумен жалғасты. Қазақ соғыс жылдары сол кезгі жалпы санының 20 пайызын майдан далаларында құрбан етті, ал одақ бойынша мұндай орташа көрсеткіш барлық халықтардың 10 пайыздайы еді. XX ғасырдың ортасындағы тың игеру науқаны – XIX ғасырдың соңындағы мөлшерінің жартысына да жетпей қалған, большевизм қансыратқан қазақты жаңа қоныс аударушылар араларында одан сайын тарыдай шашты, тілін де, ділін де жоғалтқызды.
Патшаға да, Кеңеске де қазақтың өзін емес, жерін көркейту қажет болған-ды. Мұстафа Шоқайдың дәл басып айтқанындай: «Қашан да орыс солдатының соңынан орыс мұжығы ілесіп отырады. Басып алынған жерде орыс билігі орнаған соң-ақ, пүшәйман халықтың жері тартып алына басталады. Британия халықтар одағы құрылымындағы басты фактордың бірі – еркін сауда байланысы болса, орыс халқының әдеті басқалардың жерін басып алумен қоймай, оны орыстың жеріне айналдырып жіберуді көздейді. Сол себепті де осындай жолмен біріктірілген мемлекет ішінде ұлттардың ерікті түрдегі тең құқықты одағын құруға ешқандай орын қалмайды». Сондықтан да Столыпиннің ұраны – қазақ даласын орыс переселені күшімен игеру, Хрущевтің ұраны қазақты коммунизмге орыс тілімен апару болды. Осындай екі жағдайда да қазақтар отар құлдары деңгейінде тұрды.
Тәуелсіздікке қол жеткенде қазақ негізінен, күрескер жазушы Сапабек Әсіп дәл айқындағандай, қазақ резервацияларында – шөл және шөлейт аймақтарда өмір сүріп жатты. Қазақтың мемлекеттік тәуелсіздігі тарихи әділетті қалпына келтіру керек еді. Келтірмеді. Тәуелсіздік елімізді бар сала бойынша отарсыздандырудың жоспарын жасап жүзеге асыру керек еді. Істелмеді. Салдары – қилы мегаполистер мен сытниктердің ақылгөйсіп, басынуларының басылмауы.
Кеңес өкіметі Орталық Азиядағы саяси өмірге тартыла бастаған түркі халықтарын әлсіретіп, жекелеп орыстандыру мақсатымен, 1924 жылы межелеу саясатын жүргізді. Сондағы зымиян саясат бөлшектеген түркі халықтарының бірлігін қайта орнатудың тарихи мұмкіншілігі 1991 жылы туған. Пайдаланбадық.
Кеңес өкіметі аралас-құралас отырған туыс халықтардың іргесін ажыратып, дербестендірді. Қазақ республикасын Орталық Азиядағы өзге республикалармен экономикалық тұрғыда қауымдасуға да жолатпады, Ресей республикасының бауырынан шығармады. Ресей республикасының бауырындағы қазақ Отыз екінші жылы шыбынша қырылды. Ал Ресей республикасының бауырында қалудан да басқа жол, оған тарихи балама сол шақта, 1924 жылғы межелеу үстінде ұсынылған-ды. Орта Азия Федерациясын құру туралы Сұлтанбек Қожанов көтерген тарихи мәселе. Үш славян республикасы достастық құрып, Кеңестер одағының құлағанын паш еткен бетте, сол идеяға қайта оралу парыз еді. Он жылдықты тойлау күндері ресми мәлім болғанындай, сонау парызды өмірге енгізу ниеті бой көрсетті де. 1924 жылы ұлтшылдық сезімін орталық әдейілеп қытықтап жіберген өзбек пен түрікмен өздерінен қазақты оқшаулау жағында болған еді. Тар ұлтшылдыққа ұрынған. 1991 жылы сол екеуі барша Орталық Азия республикаларының бірігуін қолдады. Ұлттық мемлекеттерінің ортақ мұңын ұққандықтан солай етті. Бірақ оған енді қазақ қарсы болды.
Өте өкінішті. Мен осы орайда өз президентіме қатты өкпелеймін. Оның Орталық Азия федерациясын яки конфедерациясын құрудан қашқаны әттеген-ай дегізіп, өте-мөте қынжылтады. Түркілер жерінде ұйыспақ достастықты славян достастығына қарсы қоюшылық санатында көруі үлкен қателік болған. Мен бұған сенімдімін. Керісінше, бұл бұрынғы метрополиямен терезе теңелту жолы еді. Орталық Азиядағы жаңа тәуелсіз мемлекеттер бірігіп еуропадағы славян мемлекеттерімен тең дәрежеде қарым-қатынас жасау жолын ұстанса – қайта, қазіргі кейбір дағдарыстардың алдын алып, дамудың даңғыл жолына түсуі ықтимал еді. Амал не, болар іс болды. Тек сондағы тым асығыс тұжырымды парықтап, дұрыс жолды іздестіріп көруге әлі де мүмкіндік барын медет етесің.
«Кеңес идеологиясының пойызы тоқтауға айналды, ал жаңа идеология мен ұлтаралық саясат әлі жасалған жоқ. Ал біздің әдемі кабинеттерге ие болып алған саясаттанушыларымыз түрлі саясаткерлердің қадамдарын талқыға салумен әлек. Оларға өздерінің тікелей істерімен шұғылдану керек-ақ – жас мемлекеттің жаңа идеологиясы мен мен ұлтаралық саясатын жасап, өз концепциясын өмірге белсенді түрде енгізу керек», – дейді «Мегаполистің» авторы. Өте орынды ұсыныс. Мен мұны қолдаймын. Бірақ бұл ұсыныстың орындалар бағытын «Мегаполис» авторы мақаласының ұзына бойында нұсқағандай ұшқары бағытта емес, тарихи сабақтарды ескере отырып, тарихи әділеттілік тұғырында жасау ләзім.
«Кеңес идеологиясының пойызы» қарқындап алға тартып бара жатқан заманда тіл мәселесі «шешіліп» қойған-ды: коммунизмге баршаға ортақ орыс тілімен бару қажет, сол үшін қазақтардың мектептері тың игеру жылдары жаппай жабылып, ең үлкен партиялық-мемлекеттік газеттің өзі аударма үнпарақ түрінде ғана өмір сүруге бейіл болып қалған. Оған ұлттық интеллигенцияның қалай қарсылық көрсеткенін түгелдеп тарихқа тереңдемей-ақ, өз басым куә кейбір жәйттерді ғана айтайын.
60-жж. аяқ шағында Алматыда ұлт мектебіне одан әрі де шектеу сала түсетін диссертация қорғалды. Академик-жазушы Сәбит Мұқановтың өзі қарсы сөз сөйлеген, бірақ бәрібір қорғалған, қорғалғаны сол – диссертант лауазымды адам болғандықтан, оның өмірге онсыз да енгізулі қағидалары одан сайын заңдастырыла түскен. Мен сол диссертацияны сынап, талдау-мақала жазған едім. (Ширек ғасырдан кейін бір-ақ жарық көрді). 70-жж. ортасында «Қазақстан пионері» газетінде пікірсайыс ұйымдастырып, тіл проблемасына жас ұландардың өздерін қатыстырдым. Содан «идеялық тазалық» үшін күресетін қырағы көздер қырына іліктім, бірақ өз ісімнің дұрыстығына сенімді болатынмын. Себебі іс-әрекеттерім маркстік-лениндік ілім деп аталатын теориялық білім шеңберінде жасалған-тын. 70-жж. соңында, Орталық Комитетте істейтін Игорь Романовтың тапсырмасы бойынша, теледидар бағдарламасына шолу жасадым. Қазақ хабарларының берілу уақыты мен тақырып ауқымының тарлығын, әсіресе балаларға арналған бағдарламалардың жұтаңдығын, орталық хабарының молдығын ескеріп, мультфильмдерді қазақшаға аударып беру қажеттігін айттым. Ол үнсіз тыңдап, жазбаша талдауымды алып қалды. Екінші қайтып маған шолу жасауды тапсырған жоқ. 1986 жылғы 25 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес Төралқасы аппаратындағы партия жиналысында 17–18 желтоқсан оқиғалары жайында сыни тұрғыда сөйлегенім үшін таяқ жеп жүрген күндерімде Игорьге бардым, сөзімнің мәтінін оқыттым. Ол түсінушілік көрсетіп, менің ой-пікірімнің дұрыстығына сенімділігімді арттыра түсті. (Ақылды жігіт, сондықтан да президенттің қасындағы маңызды қызметтерде жүр). Сонда тіл жайында былай деген едім: «Осы күндер оқиғалары, шынтуайтында, біріне-бірі мүлде қарама-қарсы түсініктерді – интернационализм мен шовинизмді, патриотизм мен космополитизмді қатардағы адамдардың бәрі бірдей ажырата алмайтынын көрсетті, олар ұлттылық деген түсінікті де ұлтшылдықтан айыра алмайды. Көпшіліктің санасында – бұлардың арасына жәй ғана теңдік белгісі қойыла салған. ...дегенмен, ойласу үшін бір дерек келтірейін. Халыққа білім беру органдарының шалалықтарына қатысты. Ешкімге құпия емес, орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілі формальды түрде, факультативті, негізінен қазақ балалары үшін ғана оқытылады Басқалардың ата-аналары, тіпті мүғалімдердің өздері де – керексіз тілді тықпаштап баланың басын қатырудың керегі не деп есептейді. Осындай тірлікпен біз жергілікті халықтың тіліне, мәдениетіне деген құрметті балалар бойына дарытуға қарсы тұрамыз, яғни іс жүзінде партия саясатының интернационалистік ережелеріне қайшы келеміз».
Міне, «кеңес идеологиясының пойызындағы» ахуал осындай болатын. Орыс тілінің үстемдігі қолдан орнықтырылып жататын. Сол үстемдік әлі қаз-қалпында. Тек енді мегаполистер мен сытниктердін қоламтадағы шоқты үрлеп, сөне бастаған отқа май құйып отыруымен әлсін-әлсін лау ете түсіп, түрлі сипатта жанып жатады. Ал мәселені сипақтатпай, төтесінен қойғанда – тіл мәселесіндегі орынсыз дау-дамайды доғарып, тарихи тұрғыда әділ істі мойындау жөн, сөйтіп, орыс-қазағы бірігіп, мыналар секілді ойлармен нобайланатын қарапайым шараларды қабылдау әм жүзеге асыру керек-ақ:
1. Орыстың тілі мен мәдениетін қазақ әлдеқашан мойындаған, оны кері серіппек емес, пайдалана бермек. Қазақ тек оны сананы отарлаушылықты жалғастыра түсуге қолдану пиғылына қарсы;
2. Қазақтың тілін мемлекеттік тіл ретінде тән алу қажет, оны жоққа шығаруға тырысу – қазақтың ұлттық мемлекеттігінің тамырына балта шабушылық ретінде бағалануға тиіс;
3. Мемлекеттік тіл бірінші кезекте және шұғыл түрде мемлекеттік қызмет органдарында қолданылуға тиіс. 20-жылдары орысшаның исі мұрнына бармайтын қазақ ауылдарына нұсқаулар мен жарлық, қаулылар тек орысша түсетін, біртіндеп қазақ соны шала-шарпы да болса ұғатын, орындайтын, қатесі көп болса да орысша ақпарат беретін дәрежеге жетті. Лениннің орыс тілін мүқтаждық үйретеді дегені рас болды. Қазір заман бөлек, мұқтаждық болса – казақша сауатсыз шенеуніктеріңіз қазақшаны 20-жылдардағы орысшаға сауатсыз қазақтың орысша үйренгенінен әлдеқайда жылдам үйреніп алады. Ал әуелі қазақтың өзі қазақша сөйлесін деген жалпақшешейлік уағызбен жүріп, күндерде бір күн мегаполистер мен сытниктердің пиғылына тұтқындалғанымызды бір-ақ білетін боламыз;
1. Қаржы-қаражат саласы қазақылану қажет. Бұл – жүзеге асуы оңай, әрі өтімді шара. Оны жазушы Адам Мекебаев баспасөз бетінде жеріне жеткізе дәлелдеген болатын;
2. Әрине, ілеспе тәржімені, жалпы қазақша-орысша, орысша-қазақша аударманы жолға қою жедел қолға алынып, қоғамдық-саяси тіршіліктің бар саласына енгізілуге тиіс. Оған үкімет көк тиын шығармауға болады, тек ықыласын, тиісті пәрменін жария етсін, үлгі көрсетсін. Қалталылар соны қажет қаражатпен қамтамасыз етуге мүдделі болуға тиіс. Ал байлардың сол борышын түйсінуіне бірден-бір себеп болатын тітіренткіш құрал – билік буындарының батыл түрде мемлекеттік тілде сөйлеуге кірісуі екенін ұмытуға болмайды. Сырғақтатпай, алдаусыратпай, осыны қатаң талап ету керек. Бұған үкімет жауапты;
3. Қазақ тілінің қолданылу аясының тарлығы мен қоғамдық-саяси функциясының төмендігіне жанама түрде болса да өздерінің де кінәлі екендіктерін мегаполистер мен сытниктер ұғынуға тиіс. Бұл орайда да биліктегі демократиялық өкіметтің орындалмаған борышы бар: тәуелсіздікке дейінгі ізашар үкіметтің «кеңестік идеология пойызына» жарамсақтанып үстеме-отын салып отырғаны үшін, кеңестік-партиялық отарлаушылыққа септескені үшін опыну керек, қазақстандық халықтан шын ниетімен кешірім сұрау керек, сөйтіп, баршаның бірлігін қамтамасыз ететін тарихи әділ жол мұратына еңбек етуге мегаполистер мен сытниктер іспеттес ділмар біткенді бағыттау керек.
Алматыда жарық көрген залалды мақалаға орай қатардағы қазақ азаматы осындай ой түйеді. 18 желтоқсан 2001 ж.» (Талтүске дейін. Публицистикалық хроника. – Алматы: «Мария», 2005. – 221–227-бб.).
Осы мақала алғаш жарияланғалы бері он жетінші жыл боп қалғанмен, онда нысанаға алынғандар қатарына өз қандастарымыздың да қосылуына байланысты, өзектілігі бүгін де арта түскен тәрізді. Сол себепті оны оқырмандар назарына қайта ұсынған жөн көрінді. Әрі (тілге тиек болған «журналистика ақсақалының» сұхбаты көп нәрсенің бетін ашып тұрғандықтан, мұны айтпауымызға болмайды) орысша білім алған, орыс тілінің түбін түсіретін азаматтарымыз қазақ мүддесін басқалардан әлдеқайда артығырақ және табысты түрде қорғауға тиіс деп ойлайтын едік, бұл үмітіміз ақталмайтын секілді. Сырт елге танылған шығармашылық жетістіктерін бағалап, мақтаныш тұтатын кейбір орыстілді қазақтарымыз, өкінішке қарай, қазақ мүддесін қорғаудың орнына, сол жолда күресіп жүргендерді ашық кемсітіп, орыс қауымы көзінде қорлап жүр деуге де болады. Осы орайда қоғам белсенділерінің ренішін туғызған бірер мысалды еске алған жөн сияқты. Мәселен, есімі елге кең танымал ойшыл тұлға ұлттық мүддені айрықша көтеретіндіктерінен «озықтар» тарапынан «ұлт патриоттары» («нацпатриоты») деген айдар тағылған, әрдайым ұлт мәселесін күйттейтін азаматтарды орыс тілді оқырмандар арасында көп оқылатын бір газет бетінде әйгілі жазушы Редъярд Киплингтің шығармашылық қиялынан туған маймыл тектес тобыр атымен «бандерлогтер» деп таңбалап жіберіпті. Сол газеттің келесі бір санында кинотуындысында ұлттық бітімді елемеуімен аты шыққан тағы бір танымал қайраткер: «О не дегеніңіз, Пәленше Түгеншеевич, олар сасық исі мүңкіген австралопитектердің нақ өзі ғой», – деп іліп әкетсе керек. Яғни, еліміздегі «орыс әлемінің» ту ұстаушысы болудан тайынбайтын бұл шығармашы үшін қазақ мүддесін қорғайтын патриот бар болғаны атам заманда өмір сүрген, тік жүре алатын қабілетке ғана ие жоғарғы примат, яғни маймыл мен алғашқы адам тектес сүт қоректі жануар ғана. Осы екі шығармашылдың қазақ отаншылдарына берген бағасын бұлардың да, сан мыңдаған қазақ оқырмандарының да сүйікті қаламгері санатындағы, әлдеқашан әлем азаматы боп кеткен белгілі қайраткер қолдап, мәселені «ұлт патриоттары – ақымақтар» деп қысқа қайыру арқылы, қазақтарды тұқырта қоштап жатты. (Мүмкін олар ұлт патриоттары хақындағы осы келеңсіз ой-пікірлерін ендігі өзгерткен де шығар, аттарын атамай-ақ қояйық). Қоғам белсенділері елімізге белгілі тұлғалардың ұлттық отаншылдарға байланысты айтқан осындай жағымсыз ойларына орай, саяси мәдениет деңгейін көтеру мәселесін қозғады. Бірақ бұлардың әрдайым мәдениетті болып көрінетініне, саяси мәдениет жайында сөйлесе, өздерін емес, «нацпаттарды» кінәлауда алдына жан салмайтынына шәк келтіре алмайсың, оның үстіне, іс жүзінде жария еткен бағаларында қала беретініне «Даттағы» аталмыш жарияланым кепіл болып тұр. Мәселе – олардың да, солар секілді басқалардың да ниетін дұрыстауына ықпал ету қажеттігінде. Бұл ретте әркімнің өзін-өзі тарихпен тәрбиелеуінің, әркімді қазақтың қасіретті тарихы арқылы тәрбиелеудің маңызы зор болмағын есте тұту ләзім. Егер әлгі азаматтар тарихи әділеттілік жағында болса, онда олар орыс империясының отарындағы ел-жұртты орыстандыруды мақсат еткен шараларын айыптауы тиіс. Өздерінің сондай солақай, жымысқы, озбыр саясат құрбаны екендіктерін мойындап, опынуы ләзім, тиісінше, ұлттық тамырына оралуға, ұлт тілінің мемлекеттік мәртебесін бекемдеуге шын мәнінде ұмтылуы керек. Әзірге ондай талпыныс олардан да, солар секілді ел құрметтейтін биікке басқа жолмен жеткендерден де аса байқалмай отыр.
Тәуелсіздікке ширек ғасырдан астам уақыт өткенде ғана жоғары биліктен ел аңсаған сөз шыққаны мәлім. Үкімет пен парламенттің мемлекеттік тілде сөйлеуі жайында тапсырма беріліп, нақты іс басталды. Осы шақта парламентте «ешкімнен сескенбейтін» біреудің, биік тілекке қасақана, «өзіне қолайлы тілде» сөйлегенін, өйткені «орыс тіліне тыйым салынбағанын, ондайдың ешқашан болмайтынына» сенетінін айтып, маңызды бастаманы іс жүзінде қарабайырландырып, жайбарақат жария еткенін ренішпен еске алуға тура келеді. Белгілі себептермен өзін тым еркін ұстайтын ерке жанның ұстанымы мұндай болуы өте өкінішті. Тамырдан безген аянышты жағдайды мақтаныш ету, мүмкін, тобыр өкіліне заманауи өркениетке жеткендік болып көрінер, бірақ мемлекет қайраткеріне жараспайды, оған мұндай жағдайдың шын себебін біліп, ұлт мүддесін парықтай білу шарт. Шынтуайтында, этникалық бет-пішінінен басқасының бәрі, тілі, ділі отаршылдар ұсынған стандартқа сай өзгергенін қош көретін, сондықтан да өз ана тілінің емес, өзге тілдің туын көтеруші болып жүргендермен қазақтың ұлттық мемлекетін құрамын деу орындалмас қиял ғана болмақ. Сондықтан да жас ұрпақты, еліміздің болашағын ұлттық дәстүрлермен, ұлт тарихымен тәрбиелеу күн тәртібінен түспеуге тиіс. Олар – мемлекетіміздің тірегі. Мемлекет дегеніміз – белгілі бір аумақта қоғамның біртұтастығын сақтап, қорғауды басты мүддесі деп білетін, басқару және мәжбүрлеу жүйесі, құқықтық тәртібі бар өкіметтік ұйым. Осы өкіметтік ұйым қазақ халқының тарихи ғұмырын жанданта береді деп сенеміз. Ұлы Далада жаңғырып, орнаған, мәңгілікке беттеген қазақ мемлекетінің болашағын баянды етуге баршамыз мүдделіміз. Ол үшін «журналистика ақсақалының»: ұлт патриоттары «Ресейге ерегіскенде, орыс тілінен бас тартуды, білім алмауды, надан болуды, бірақ өр болуды ұсынуда» деп шошына, шошындыра айтқан дөрекі бұрмалауының жетегінде кетпей, мемлекетімізде бірінші кезекте мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне сай жұмыс істеуіне күш салуымыз керек. Ат арбаның артына тіркелмей, алдына жегілуге тиіс. Сонда ғана бар мәселеде оң сипатты ілгерілеу жүзеге асады.
Бейбіт Қойшыбаев
Abai.kz