Астананың жаңа әкімі жаңбыр суымен күреске қыруар қаржы сұрап отыр
2018 ж. 18 қыркүйек
2541
1
Елорда әкімдігі нөсер жауын суымен күреске миллиардтаған қаржы сұрап отыр. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық отырысында елорданың 2019-2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспарына орай баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астана қаласының 2019 - 2023 жылдарға арналған кешенді құрылыс жоспары аясында министрлік құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту салаларында 9 іс-шара бойынша қосымша орындаушы болып табылады. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бойынша, Астана қаласының әкімдігі 295,8 млрд теңгеге өтініш берді. Оның ішінде: магистралды жылу желілері 10,0 млрд теңге және қаланы абаттандыру бойынша 19,2 млрд теңге. Министрлік бұл бағыттағы жобаларды әкімдік тиісті бюджеттік өтінім ұсынған жағдайда қарауға дайын», - деп атап өтті министр.
Оның сөзіне қарағанда, сумен жабдықтау, су тарту және нөсер жауын кәріз жүйесі бойынша әкімдік 154,5 млрд теңгенің 39 жобасын қосуға ұсыныс берген.
«Министрлік жалпы алғанда аталған жобалардың жүзеге асырылуын қолдайды. Сонымен қатар, әкімдік 7 жоба бойынша 6,35 млрд теңгені 2020 жылдан 2019 жылға ауыстыру туралы ұсыныс берді. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау 2018 жылғы қараша мен 2019 жылдың ақпан айына жоспарланған. Министрлік көрсетілген жобаларды қаржыландыру мәселесін жобалық-сметалық құжаттаманы алғаннан кейін 2019 жылы республикалық бюджетті нақтылау кезінде қарауға болады деп есептейді»,- деді Жеңіс Қасымбек.
Министрдің айтуынша, тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік- коммуникациялық инфрақұрылым салу және тұрғын үй құрылысы нысандары бойынша әкімдік қосымша 112,1 млрд теңге қосуды ұсынды. Ол сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй құрылысын, несиелік тұрғын үй салу үшін бағалы қағаздар шығару мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға бағытталмақ.
«Министрлік аталған соманы концептуалды түрде қолдайды», - деді ол.