БІЗДЕГІ ЖОЛДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ
2018 ж. 14 қыркүйек
6949
2
НҰРТАЙ САБИЛЬЯНОВ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫН САПАСЫЗ ЖҮРГІЗГЕНДЕРДІ ҚАТАҢ ЖАЗАЛАУДЫ ҰСЫНДЫ
Қандай алпауыт мемлекет болса да оның экономикасы мен әлеуметтік-тұрмыстық деңгейі алдымен елді мекендерді байланыстыратын жолдарға тікелей қатысты екені белгілі. Өйткені, тұрмысымызға қажет барлық заттар осы жолдар арқылы тасымалданады. Онсыз қарым-қатынас қиынға түседі. Осы тұрғыдан алғанда біздің елімізде де жол құрылысына және оларды жөндеуге жыл сайын қыруар қаржы бөлініп келеді. Өкінішке орай, одан біздің жолдардың жағдайы жақсарып кете қойған жоқ... Шындығына келсек, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарын сапасыз атқарып, оның тапсыру мерзімін созбаққа салатын компаниялар тым көбейіп барады. Кейбір нақты деректерге қарасақ, елімізде 10 жылда құрылысы аяқталмаған автокөлік жолдары баршылық екен. Бірақ, жұмыс аяқталмаса да жобаға бөлінген ақшадан бір тиын да қалмаған, қаржыны ұқыпсыз пайдалану, тіпті жымқыру фактілері де жиі орын алып жатады. Ал кейбір кәсіпорындар тендер деген іріктеуден табаны жерге тимей шауып өтсе де, бөлінген қаржыны өз мерзімінде игере алмай отыр. Сонда олар күрделі құрылысты жүргізуге мүмкіндік беретін тендерді қалай ұтып алып жүр? Өздеріне жүктелген жұмысты атқара алмайтын компанияларға кім қолдау көрсетіп келеді? Оларға миллиардтаған қаржыны игеруге кім рұқсат берген? Ал, құрылысты дұрыс жүргізе алмайтын қауқарсыз кәсіпорынды билік басындағылардың тегін қолдамайтыны айтпаса түсінікті. Осы бір маңызды мәселені көтерген халық қалаулылары өз міндеттерін дұрыс атқармаған мердігер компанияларға жазаны қатаңдату қажет деп отыр. Яғни, олардың мемлекет алдындағы жауапкершілігін арттыратын заң қабылдау керек. Өте дұрыс шешім, бұндай заңды осыдан ондаған жылдар бұрын қабылдау қажет еді. Ширек ғасырлық тәжірибеге сүйенсек, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары бізде үнемі сапасыз жүргізіледі. Оған жүздеген мысалдар келтіруге болады. Ал осыған жауапты министрліктің берген есебіне қарасақ ешқандай кінарат, кемшіліктер байқалмайды. «Қазір біз Теміртау және Қапшағай бағытындағы екі учаскені бітірдік. Осы жылы Қарағандының айналма жолы, Қүртіден Боралдайға баратын жол бар. Келер жылы Боралдайдан Балқашқа және Балқаштан Қарағандыға баратын жол басталады» – деді депутаттарға ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек. Енді осы министр айтқан жұмыстардың қалай атқарылғанына назар аударып көрелік. Бір бөлігі күні кеше ғана пайдалануға берілген «Қарағанды – Теміртау» автобанында жарық пайда болып, осыған байланысты дау-дамай басталды. «ҚазАвтоЖол» мамандары «Қарағанды-Теміртау» тас жолының не себепті жарылып кеткенін 5 айдан бері анықтай алмай бастары қатып отыр. Көлік даңғылын бірнеше рет арнайы комиссия тексергенмен, еш нәтиже шығара алмаған. Ал магистральді салуға республикалық бюджеттен 11 млрд. теңге бөлінген. Мамандар енді жол салынған жер қабатын арнайы техникамен тексермекші. «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Игорь Гафтонның айтуынша, жолдың негізгі және қосалқы қабаттары мен жатқан жердің топырағы да жіті тексерілген. Барлығы қалыпты деңгейде деп бағаланған. Сонда жік қайдан шықты? Бұл сұраққа нақты жауап алу үшін енді жерді сканерлейтін «Георадар» деп аталатын арнайы апаратпен тексермекші. Аталған техника жер қабатын 1 жарым метр тереңдікке дейін сканерлей алады. Осы тексеруді жобалауға енгізіп, жұмысты бастамас бұрын атқаруға болмады ма? Кез-келген құрылыс салынатын жер алдымен жан-жақты тексерілу керектігі жөніндегі баяғыдан белгілі қарапайым қағиданы біздің мамандардың білмегені ме? Ал жарылған жолдың ұзындығы 5 жарым шақырым аумақты құрайды. Барлығы 15 шақырым тас жолдың басқа аумақтары әзірге бүлінбеген. Бетон 2017 жылы маусым айының ортасынан қазан айына дейін төселген. Яғни жұмыс ауа-райының қолайлы кезінде атқарылған. Кінәрат биыл мамыр айында көрінген. Жолды тексеру мен қайта жөндеу жұмыстары мердігер компанияның өз мойнында болғанымен қаншама шығын, қаншама уақыт кетеді. Бұл жай ғана қатардағы жол емес, аузымызды керіп тұрып мақтанышпен айтатын – автобанның сиқы осындай болса қалғанынан не күтуге болады? Негізі біздегі қолданыстағы заңдарға сәйкес мердігерлер жолдың болсын немесе басқа да құрылыстың сапасына 3 жылға кепілдік береді. Яғни жіберілген кем-кетіктерді тегін жөндеуге міндеттелген. Одан не пайда? Бұл заң да құрылыс атаулының сапасын арттыруға ықпал ете алмағанын ашық айтуға тиістіміз. Бір ай өтпей жатып құрылысшылар жаңа жолды қайта жөндеп жатады. Сонда осы құрылысты құзырлы органдар қалай ғана қабылдап алған деген сұрақ тұрақты түрде қойылып келеді. Бірақ оған нақты жауап бергендерді көрмеппіз. Демек, тапсырыс беріп, атқарылған жұмысты қабылдап алушылар көзді жұмып қарайды деген сөз. Мысалы, Алматыдағы Бауыржан Момышұлы мен Ақын Сара көшелеріндегі жаңадан салынған жол пайдалануға берілген күннен бастап үнемі жөндеуден көз ашпай келеді. Ал шұрқ-тесіктерді жамаған ағымдағы жөндеуден өткен жолдар бір-екі айдан аспай қайтадан сол баяғы «қотыр» күйіне түсетінін күнделікті көріп жүрміз. Ол аз болса, «Нұрлы жол» бойынша да құрылысы «сағызша созылып» кеткен жобалардың тағы бірқатарын атап өтейік. Мысалы, Алматы-Қапшағай арасындағы тас жол жоба бойынша 2015 жылы аяқталуы тиісті еді. Содан бері үш жыл өтсе де мердігерлердің асығатын түрі жоқ. Сол сияқты жалпы ұзындығы 441 шақырымды құрайтын Астана – Павлодар тас жолының да құрылысы тасбақаның жүрісіндей бір өнбей-ақ қойды. Оның үстіне мердігерлер жұмысшылардың айлығын уақытында бермей, жүргізушілер жұмыстан бас тартып ереуілдеткені де ұмытыла қойған жоқ. – Астана – Павлодар тас жолын пайдалануға беру мерзімі бірнеше мәрте бұзылғандықтан, бүгінгі күні 200 шақырымдық қана жол қозғалысы ашылған, алғашқыда жобаланып қыруар қаржы жұмсалған жұмыстың жартысы да атқарылмаған. Жалпы алғанда бұл жол 5 жылдан астам уақыт салынып жатыр. Былтырдан бері жол салу бойынша 6 бірдей қылмыстық іс қозғалғанының өзі заңды өрескел бұзуды көрсетеді, – деді бұл мәселені бірінші болып көтерген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов. Сондықтан да депутат мемлекеттік бағдарламаның мерзімін бұзғандардың, жұмыс сапасын төмендеткердің жауапкершілігін қатаңдатуды ұсынды. Әйтпесе, жол салуды «майшелпекке» айналдырып алғандар көбейе бермекші. Мәжілістегі Үкіметтің осы сағатында депутат Нұртай Сабильянов еліміздегі жолдардың сапасыз салынуына әсер ететін бірнеше факторларды атап берді. «Тағы бір мәселе салынған автомобиль жолдарының сапасына қатысты. Көлік инфрақұрылымын дамытуға бюджет қаражатын қомақты түрде құйылып жатқанына қарамастан, бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық рейтингісінің «Жол сапасы» индексі бойынша 2017 жылы Қазақстан 115-орын алып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 8 сатыға төмендеді», – деді ол. Жаһандық рейтингте Қазақстанның не себепті төменге түскенін түсіндірді. «Тендер өткізу рәсімінің ашық еместігі, мердігерлердің адал болмауы, делдалдардың – қосалқы мердігерлердің көптігі, сапасыз құрылыс материалдарының қолданылуы, автомобиль жолдарының сапасыз салынуына бірден-бір себеп болып отыр», – деді Нұртай Сабильянов. Осы пікіріне орай нақты мысалдар да келтірді. «Мысалы, 2016 жылы «Боғас – Қарағанды» республикалық маңызы бар жолының «Тарбағатай – Аягөз» учаскісіне орташа жөндеу жүргізу кезінде бірнеше мердігер тартылған. Олардың әрқайсысы асфальтты әртүрлі тәсілмен төсеген. Салдарынан жол сапасыз салынған және қазірдің өзінде ол бұзылып жатыр», – деді депутат. Ал, Омархан Өксікбаев тас жол тарту кезінде көлік жүктемесі жете ескерілуі қажет екендігін алға тартты. «Бір кезде министр болған Нұғыманов, ойбай, бізде әлі 30 мың көлік жүретін машина жоқ, 15 жылдан соң қайта саламыз деп, үш жыл өтпей жатып, сол жолды бұзып қайта салдық. Қаншама қаржы босқа шашылды? Ешкім жауап берген жоқ, біреуінің басынан бір тал шаш түскен жоқ. Енді сондай жағдайға тағы да ұрынбауды ескерейік» – деді әріптесінің ойын жалғастырған мәжілісмен Омархан Өксікбаев. Халық қалаулылары мәселені дұрыс көтеріп отыр. Жол құрылысында неге сапа жоқ? Жобалық-сметалық құжаттар бойынша бөлінген қыруар қаржы қайда кетіп жатыр? Әлде жол құрылысына қаржы қажет деңгейде бөлінбей жатыр ма? Жоқ, кез-келген нысан құрылысына ақша қажетті мөлшерде, тіпті артығымен бөлінеді. Онсыз ешқандай мердігер жұмысын бастамас еді. Өйткені, қыруар қаржыны ешқандай кәсіпкер өз қалтасынан өлсе де шығармайды. Ал бөлінген ақшаны қымқырып қалуға олар қашан да дайын. Бюджет ақшасын жымқырып жатса құрылыста қандай сапа болсын? Бұл сұрақтың жауабын біздегі жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтан да іздегеніміз жөн. Алысқа бармай-ақ, осы жақында ғана орын алған мына бір жәйтті айтсақ та жеткілікті шығар. Қызылжарда жол құрылысымен айналысқан мердігерлер мемлекеттік бюджетке 100 миллион теңге шығын келтіргенін аймақтық мемлекеттік кіріс департаменті хабарлады. Тендерді ұтқан компаниялар жолды салу кезінде біздегі заң бойынша көрсетілген ортақ талаптарға мән бермей, асфальтті сапасыз төсеген. Ізінше тындырған жұмыс актісіне жалған ақпараттарды енгізіп, бюджет қаражатын көбірек өндіріп алмақ болған. Осылайша, шілденің 17 күні мердігер компания өкілі сапасыз жұмысты тапсырыс берушілерге кедергісіз өткізу үшін құзырлы мекеме қызметкеріне 500 мың теңге пара беріп жатқан жерінен ұсталды. Жалпы, өңірдің жол құрылысы саласында барлығы 7 қылмыс анықталған. Бұл қысқа мерзімде бір ғана солтүстік өңірдегі қаржылық қылмыс. Ал бүкіл еліміз бойынша есептесек, бұл көрсеткіш қайда кетпекші? Балық басынан шіриді демекші, қылмыстың бәрі жоғарыдан басталатыны белгілі. Республикалық жолдарды қыста қардан тазартып, жазда жөндеу жұмыстарын жүргізуге деп бюджеттен бөлінген қыруар қаржыны талан-таражға салғанын жасырып қалмақ болған «Қазавтожолдың» бұрынғы басшысы, Мәжілістің экс-депутаты Серікжан Мұқашев үш жылға бас бостандығынан айырылып, 2 млрд. теңге қазынаға қайтару міндеттелгенін білесіздер. Өзі қылмыс жасап қана қоймай Есеп комитетінен тексеруге келгендерге 16 млн. теңге пара беріп оларды да түрмеге отыруға мәжбүр етті емес пе? Құрылысқа кім тапсырыс беріп, аяқталған соң оны кім қабылдап алады? Олар неге жұмыс сапасына назар аудармайды? Қаржыға жауапты құзырлы органдар мемлекет ақшасының қайда кетіп жатқанына неге бақылау жасамайды? Әлде олар да өз «үлестерін» алып, көрсе де көрмеген болып отыр ма? Дәп осы сұрақтардың жауабын табу қажет. Бізде не көп, тексеруші органдар көп. Прокуратура, сот, полиция, жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі, министрлік, әкімдік болып жалғасып кете береді. Санасаңыз құрылыс жүргізетін компаниялардан тексерушілердің саны асып кетеді. Ал, нәтиже қайда? Жоқ. Анда-санда есеп беру үшін, көрсеткіш үшін бірді-екілі жемқорларды ұстап, жұмыс істеп жатқан секілді көрінеді. Шын мәнінде олай емес. Осы аталған органдар құрылысқа бөлінген қаржының барлық жерде талан-таражға түсіп жатқанын білмейді дейсіз бе? Білгенде қандай. Жоғарыдан төменге дейін жең ұшынан жалғасқан жемқорлық тиылмай, біздің құрылыстарда сапа болады деп армандаудың өзі артық. Алматы мен Талдықорғанда жаңадан салынған тұрғын үйлердің қисайып, Қарағандыда құлап жатқаны соның айғағы емес пе? Алдымыздағы қараша айынан бастап елімізде 3 бірдей автожол ақылы болмақшы. Ол Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай және Алматы – Қорғас жолдары. 1 шақырымы 1 теңгеге бағаланбақшы. Сапасы төмен жолдар үшін жүргізушілерден қалайша ақша талап етпекші? Ол жолдарды кім басқармақшы? Ақшаны жинайтынына күмән жоқ, ал оны күтіп ұстау қолынан келе ме? Ол жағын әлі ешкім ойына алмаған секілді. Бүгінгі қаржылық дағдарысты ұмытпаған министр Жеңіс Қасымбек теңгенің құлдырауы жол жөндеуге және оның сапасына кері әсер етпейді, құрылысқа 95 пайыз отандық өнім қолданылады дейді. Бұл да сол баяғы естіп келе жатқан ертегі, әдеттегідей халықты жұбату жыры...Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz