Мәжіліс депутаты Қырғызстанда өткен көкпар айналысындағы дау туралы сөз қозғап, отандық спортшыларды сынаған әлеуметтік желі қолданушыларына қатысты пікір білдірді. «Facebook – ешқандай жазықсыз алаң. Әркім ойына келгенін айта береді және ол үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Жалпы сондай кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Бұл жолы бізден ересектер құрамасы барған жоқ. Былтыр ересектер құрамасы барған кезде біздің көкпаршылар екінші орын алды. Үнемі алда болды. Бір шетінен бұл Азия чемпионаты немесе үлкен дода емес. Бұлардың жанында қарапайым фестиваль ғой. Сондықтан біз додаға жастар командасын салдық. Олар да барып, сыннан өтулері керек. Бәрінен бұрын Қазақстан жастар командасы тәжірибе жинап қайтты. Олардың пісіп, осы спортты көріп, тәжірибелерін жетілдіргендерін қаладық. Мақсатымыз орындалды. Барды, ойнады. Өз басым өте жақсы дәрежеде өнер көрсетті деп ойлаймын», – деді мәжіліс депутаты. Әрі қарай Бекболат Тілеухан бұл жолы сайысқа жастар командасының барғанына тоқталды. Яғни олардың орнына ересектер командасы барғанда, міндетті түрде жеңіске жететінін айтып өтті.
«Facebook-те жазып отырып адам қоңырайып қалады. Жасыратыны жоқ. «Ойбай, Азияның алдында масқара болдық. Өлім болды. Құдай сақтасын! Әлем алдында қазақ қарабет болды!» деген сияқты. Бұл спорт емес пе? Спорт болған соң біреу жеңеді, енді екіншісі жеңіледі. Үнемі жеңіс сенің қалтаңда бола бермейді. Ересектерді жіберсек, жеңіп тұрғанымыз анық. Көрдіңіздер ғой. Жалпы жетекшілердің алдына қойып жатқан негізгі мақсат бар. Ол — әділдік. Қазақстанның жеріне келіп ойнадық. Жамбышыңыз болсын, аударыспағыңыз бен көкпаршыңыз болсын, әділдіктен бір сантиметр, бір миллиметр тайған жері жоқ», – деді ұлттық спорт федерациясы президенті.