Жасұлан Иса: ҚАЗАҚ ТІЛІ - НӨЛ! Мемлекеттік қызмет үшін МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚҰНЫ ЖОҚ ПА??!
2018 ж. 07 қыркүйек
11115
4
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ КЕРЕГІ ЖОҚ БОЛСА, ҚАЗАҚ ТІЛІН КІМ, НЕ ҮШІН ҮЙРЕНЕДІ!?.
Белгілі заңгер Жасұлан Иса Мемлекеттік Қызмет істері агенттігіндегі Мемлекеттік тілге қатысты күрделі мәселені көтерді. Оның айтуынша, агенттікте тапсыратын тестілеулерде қазақ тілі "формальді" түрде ғана қолданылады. Оған ешқандай баға қойылмайды. Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.
- ҚР Мемлекеттік Қызмет Істері және Сыбайлас Жемқорлыққа Қарсы іс-қимыл Агентігінде тапсыратын тестілеулерінен, Мемлекеттік қызметкерлердің көбісі (80, 85 пайыз екен) өте алмай жатыр деген шу шыққан болатын. Дәл сол кезде, мен де аталған Агентікке барып, өз-өзімді сынақтан өткізіп, орыс тіліндегі тесті бір кіргеннен тапсырып, сертификат алған едім. «Неге орыс тілінде?» дейсіздер ғой. ТЕСТІ ОРЫС ТІЛІНДЕ ТАПСЫРАТЫНДАРДЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН ҚАЛАЙ ӨТЕТІНДІГІН БІЛГІМ КЕЛІП ЕДІ... Тестілеу ішінде, Мемлекеттік тілді білуге арналған сұрақтар болғанымен, өтпелі, дұрыс болатын жауаптардың қанша болуы керектігі көрсетілмеген. Дәлірек айтқанда, Қазақ тілінен 20 сұрақ көрсетіліп, "өтпелі дұрыс жауаптар" деген балл қойылатын жерде, аңырайып НӨЛ тұр. Демек, қазақ тілінен бір де бір сұраққа жауап бермей-ақ, сертификатқа ие бола береді екенсіз. Өз басым 20 сұрақтын 14-не дұрыс жауап берген едім. Бірақ, сертификаттың атауы, «на знание государственного языка и законодательства...» деп басталғаннан кейін, міндетті тұрде Қазақ тілінің болуы керек еді. Былайша айтқанда, бұл тестілеуге Қазақ тілі көз бояушылық үшін қосылған. Сонда, Мемлекеттік жұмысқа алынатындарға Мемлекеттік тілдің керегі жоқ болғаны. Егер, Қазақ тілінің, Мемлекеттік тілдің, Мемлекеттік органға керегі жоқ болса, қалайша Қазақстан Республикасының азаматтары, жастар да, Қазақ тілін үйренуге талпынады? - деп жазды заңгер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Аталмыш тестілеулердің қашан енгізілгені, қай басшының тұсында қолданысқа түскенін біз нақты білмейміз. Алайда, соңғы кездері Агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың тарапынан Мемлекеттік тілді қолдау бойынша келелі жұмыстар атқарылып жатқанын мойындау керек. Мәселен, биылдың өзінде бірнеше рет агенттік өкілдері зиялы қауыммен жолығып, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге қадам жасап жүргенін аңғартты.
Алдағы уақытта осы тестілеу мәселесіндегі тілдік дискриминация ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданады деп үміттенеміз.
Qazaquni.kz