МИНИСТРЛЕР ТАҒЫ ДА МҮЛТ КЕТТІ
2018 ж. 07 қыркүйек
6127
2
Төл теңгеміз жыл сайын ғана емес, апта аралатпай-ақ құлдырап, құнсызданып барады. Инфляция деңгейі экономика мен қаржы саласына жауапты, білікті деп сенім артқан министрлеріміздің алдынала есептеп, белгілеген межесінен асып кетері бүгіннің өзінде белгілі болып отыр, ол үшін балгерге барып бал ашқызудың да қажеті жоқ. Үкіметтің кезекті отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа қазіргі орын алған жағдайды баяндап, әкім-қаралар нарықты қымбатшылықтан құтқару үшін алдын ала қамдану қажет деп «пайдалы кеңес» берді. Бұнысы жау келіп ордамызды талқандап кеткен соң «Аттан!» деп ұрандағанмен бірдей болып шықты.
Бір қазықтың маңын шиырлаған арақандаулы ат сияқты, бір мәселені қайта-қайта қаузай беру журналистика тәжірибесінде абырой әкелмесін біле тұра өткен санда ғана («Қазақ үні» №34, «Доллар дүрбелеңі») жариялаған жағдайға қайта оралуға тура келіп отыр. Ресейге салынған санкцияның бізге әсері болмайды, американдықтар қазақстандықтардың қылшығы да қисаймайды деп кепілдің бергенін айтып даурыққан министрлер мен бас банкирдің бүгін жалт беріп, енді дағдарысқа қамдануымыз керек деген «тың мәлімдемесі» қолға қайта қалам алдырды. Жалпы біздің лауазымдылардың сөзіне жіп байлай алмай-ақ қойдық. Олардың сөздері де, өздері де тура доллардың бағамы сияқты «ауытқып» тұрады. Бүгінгісін түсініп, ертең не дейтінін ешқашан дөп баса алмайсыз. Оларға қарағанда бір жасар баланың былдыры әлдеқайда түсінікті.
Теңгенің әлсіреуіне айтар уәждері қашан да дайын тұратын, «Бізді жау алмайды!» деп жалаулатқан министрлер бұл жолы да әдеттегідей мүлт кетті. Кейбір сарапшылардың айтуынша доллар дауылы осы екпінімен жүре берсе, жылдық инфляция Үкімет болжағандай 6 пайыз емес, одан көш ілгері кетері айдан анық. Осыған дейін, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын реттейтін экономика мен қаржы саласының тізгінін ұстаған министрлер теңгеге де, басқасына да санкциялар маса шаққан құрлы әсер етпейді деп бой бермей келгенін білесіздер. Олардың сондағы кімге арқа сүйеп, қандай құдіретті күшке сенім артып отырғанын біле алмадық. Доллардың шарықтап өсіп жатқанын, теңгенің тамтығы қалмай құлдырап бара жатқанын өз көздерімен көре-біле тұра көлгірсулерін қоймайды. Болымсыз болжамдар мен іске аспайтын жоспарларын жылдар бойы жағы талмастан жырлаумен келеді. Кемшіліктерін жасыру үшін жалған есеп беру тұрақты әдетке айналған. Сөзіміз жалаң болмас үшін бұған да бір мысал келтіре кетейік.
Жақында ғана жазғы демалыстан күш жинап оралған мәжілісмендер өз жұмыстарын бастап кетті. Алғашқы отырыстан-ақ халық қалаулылары Ұлттық экономика министрлігінің азық-түлік құнына қатысты ұсынған есеп-қисабына күмән келтірді. Депутаттардың айтуынша, үкіметтің статистикасы нарықтағы бағамен мүлдем сәйкес келмейді, тіпті маңайламайды да. Жұрт шенеуніктер жариялаған жалған бағаға тауар сатып ала алмайды. Әдетте, азық-түліктің құны үкімет жария еткеннен әлдеқайда қымбат болады. «Қарапайым азамат сіздер жариялаған бағаны естіп, дүкен, дәріханаға барады. Шындығында жағдай мүлдем басқа болып шығады. Өйткені, сіздер көрсеткен баға мен нарықтағы бағаның айырмашылығы тым алшақ. Міне, осы жерден мемлекеттік мәліметтерге деген негізді күмән туады» – деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин министрге қарата.
Ел экономикасының тізгінін ұстап отырған Сүлейменовты спикердің бұл сауал да селк еткізбеді. Жалпы, азық-түлік құнына қатысты мемлекеттік статистикада базар, ірі сауда орталықтары мен қала ішіндегі барлық дүкен сөрелерінде тұрған мыңдаған тауардың ортақ бағасы есепке алынады деді министр. Депутаттар мұндай әдіс пен есеп-қисапқа келіспеді. Олар бұдан былай жұрт жиі тұтынатын, күнделікті аса қажетті тауарды бөлек санауды талап етті. Өйткені, қарапайым адамдар бағасы қымбат, көпшілікке қолжетімсіз супермаркеттердің маңайына жолай алмайды, қалтасы көтермейді. Қатардағы тұтынушылар уылдырық пен қызыл балық, жал-жая, қазы-қартаны түсінде ғана көреді. Бірақ, бұл жағын ескеріп жатқан министрлік жоқ. Олардың өз өлшемі бар. Соған қарағанда біздің қазақтардың қалтасын қалың деп ойлайтын болуы керек. Өкінішке орай олай емес.
– Олар ең өзекті, ең қажетті тауарларды бөлек көрсетпейді. Статистиканың есебі бойынша, 6-5 пайыз көрсетсе, базарға барғанда дәл сол тауарлар 20-30 пайызға дейін қымбаттап кетеді, – деді бұл мәселеге баса назар аудару керектігін шегелеген «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев. Бұл үкімет беретін өтірік мәліметтердің бір ғана мысалы. Айта берсек, басқа да салаларға қатысты жалғаса береді. Ал жылдар бойы онсыз да жалған статистикаға алданып келген жұртты тағы бір қыспақ күтіп тұр, қатардағы тұтынушылар кезекті қымбатшылыққа төтеп беруі керек.
Жоғары жақтан жалған мәліметтер неге жиі беріледі? Бәлкім, халықты дүрліктірмейік деген ішкі есептері бар шығар. Бірақ, халыққа шынымен жаны ашыса бүкпесіз, бар шындықты ашық айту керек еді ғой. Жалпы бұл тұрғыдан алғанда министрлер мен банкирлер бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, жаттанды ертегілерін айтудан жалыққан емес. Сонда кімді алдап, кімді ақымақ санап отыр? Өтірікті құйрығы бір-ақ тұтам, ақыры міне үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев санкция салқыны бізді де айналып өтпейтінін мойындап, оған шұғыл қамдану керек деуіне тура келді.
Құлдыраудан көз ашпаған теңгемізді қайткен күнде табанды етеміз? Бұл сұрақтың жауабын ширек ғасыр бойы іздеп келеміз. Шешуі жоқ не қылған жұмбақ десеңізші. Жаңадан Америка құрлығын ашқандай болған Бас банкир теңгенің әлсіреуіне әсер еткен инфлияциялық факторларды жіпке тізіп берді.
–Біріншіден, бұл Ресейге қарсы санкция салдарынан, екіншіден, ұлттық валютаның құнсыздануы. Үшіншіден, мұнай бағасының құлдырауы да себеп. Төртіншіден, әлеуметтік шығындар мен несие көлемі өсіп кетті, – деді саусақпен санап берген бас банкир. Сондықтан, оның айтуынша үкімет пен жергілікті атқарушы билік Ресейге салған санкция салдарынан әлсіреуі ықтимал нарықтағы әлжуаз тұстарды анықтап, алдын алу жұмыстарын жүргізуге тиісті екенбіз. Қаржылық дағдарыстың себептерін жұрт онсыз да жақсы біледі. Оны болдырмаудың, дағдарыстан шығудың жолдарын неге қарастырмайды? Бұл бағытта істелген нақты іс-қимылдары қайда? Бар білетіндері тұралап қалған банктерге Ұлттық қордан немесе БЖЗҚ қорынан қаржы алу ғана. Қазіргі лауазымдылардың басым бөлігі атышулы шетел жоғары оқу орындарын бітіріп келгендер емес пе? Кем дегенде озық елдерге барып біліктіліктерін арттырып қайтқандар. Қайда сол білімдері мен біліктіліктері? Оларға миллиондап ақша шашып не үшін оқыттық, жұмсалған шығынды өз қызметімен қашан ақтайды?
Tengrinews.kz тілшісі жазғандай АҚШ пен Қазақстан арасында өзара келісім бар дегенді алға тартып: «Мен америкалық әріптесіммен жасалып жатқан санкциялар еліміздің экономикалық мүддесіне кері әсері тимеуі керектігі жайлы әңгіме қозғаған болатынмын. Олардың бұл мәселе жайлы түсінігі өте жақсы. АҚШ әкімшілігі санкция салған күннің өзінде де олар Қазақстанның мүддесіне тиіспеуі туралы кепіл берді», – деп жұртты жұбатқан Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың да түйсігіне ақыры бірдеңе жетіп, инфляцияның белгілеген межеден артық болатынын түсіне бастаған сыңайлы. Біздегі біліктілердің болжамы бойынша биыл 6 пайыз, келесі жылы 5 пайыз, 2020 жылы инфляцияны 4-ке дейін түсіреміз деген әп-әдемі жоспары болған-ды. Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады демекші, мұхиттың ар жағындағы алпауыттың Ресейге бағытталған санкциясы күтпеген жерден бізге де соққы болып тиеді деп ешқайсысы ойламапты. Көрші мемлекетпен орнаған экономикалық тығыз байланысты, мұнай сияқты бірқатар өнімдерімізді шетелге Ресей арқылы шығаратынымызды қаперіне алмаған көрінеді.
«Қазіргі теңге бағамына сәйкес инфляция деңгейі 1 пайыздық тармаққа ұлғаюы мүмкін. Теңгенің біршама әлсіреуін және инфляцияның маусымдылығын ескере отырып, 2018 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 6,6%-6,8% болады» – деген болжамға көшті тағы да көріпкелдікке салынған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов үкіметтің осы отырысында. Қаржылық дағдарысты мойындай тұра, министр былтырғы жылмен салыстырғанда биыл қымбатшылық аса байқалмайды» – деді қайтадан үйреншікті ескі әуеніне басып. Мәселен, оның айтуынша азық-түлік тауарлары 2,3% -ға, (2017 жылғы 8 айда – 3,6%). Азық-түлік емес тауарлар – 3,6% (2017 жылғы 8 айда – 4,2%), Ақылы қызметтерге бағалар мен тарифтер 3,0%-ға (2017 жылғы 8 айда – 4,0%) ғана өскен екен. Бұл салыстырмалы көрсеткіштерді «Біз жұмыс істеп жатырмыз» дегенді білдіру үшін келтіргені белгілі. Министрлер мен әкімдер дұрыс жұмыс істесе дағдарыс атаулы біздің елде болмас еді ғой. Жетістіктерін жеткізіп болған соң, сақтықта қорлық жоқ деді ме, Тимур Сүлейменов азық-түлік бағасын бақылауда ұстау үшін, әкімдерді бұрынғы тұрақтандыру қорларын уақытында толтыруға шақырды. Сол сияқты көмір мен дизель отынын үздіксіз жеткізу жұмыстарын жеделдету қажет екенін де еске салды. Оны осындай қысылтаяң кезде еске салу аз, бұл іспен тұрақты түрде айналысуға міндетті жергілікті әкімдер. Оған қоса сауда орындарындағы бетімен кеткен бағаны бақылау да солардың құзырында. Өкініштісі, онымен айналысып жатқан әкімдер жоқ. Соған қарағанда қарапайым халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдай оларды бәлендей алаңдата қоймайтын секілді.
Әрине, экономика мен қаржы мәселесі жеңіл шаруа емес. Министрлер мен әкімдерге бізге бірден коммунизм орнатып бермедіңдер деуіміз тым артықтау шығар. Бірақ, тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асып кетті емес пе? Естеріңізде болса өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары басында көрші Қытай мемлекетінің экономикасы әлемдегі ең соңғы орында болған-ды. Қазір бірінші орынға шықты деуге болады. Көптеген елдердің зауыт-фабрикаларын өз еліне көшіріп алып, түрлі тауар шығарудан бүкіл дүниежүзін басып озды. Миллиардтаған халқының әлеуметтік жағдайын түзеген елден тәжірибе алатындай жөніміз бар еді ғой. Ал біз болсақ олардан қарызға ақша алуды ғана білеміз. Кекілімізден сипайтын Қытай мен арқамыздан қағатын Америка қарызды қазаққа жаны ашығандықтан бермейді. Оны да ертең еселеп қайтаруға міндеттіміз. Біздің басшылардың атақты Америка мен Қытайда болмағаны кемде-кем шығар. Бізге қатысы жоқ, қолданысқа тиімсіз реформаларды (әсіресе білім саласы бойынша) әкеліп тықпалауды білгенмен, өндірісті өркендететін озық тәжірибелерін игере алмай-ақ қойдық. Әлі де шикізат сатумен ғана күн көріп келеміз. Оның өзін шетелдік компанияларға бердік. Мысалы, мұнай немесе жер қазба байлығын өндіру өзіміздің қолдан келмей ме? Есесіне шетелдіктер сол өнімнің кем дегенде тең жартысын өздері пайлалануда. Бұл туралы ғалымдар, белгілі мамандар мен сарапшылар тұрақты айтып келеді. Оған құлақ түріп жатқан билікті көрмедік. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген ауыр қарғысқа ұшырағандай біздің басшылар. Отандық өндірісті дамытып, халық тұтынатын тауарларды өзіміз шығарсақ долларға табынбас едік. Қытайдың сапасы төмен заттарын қып-қызыл ақшаға сатып алмас та едік.
Тимур Сүлейменов теңге бағамының қазіргі жағдайына байланысты үкіметте арнайы бюджеттік бағдарламалар жасауға ешқандай қауіп көріп тұрмағанын да айтқан болатын. Бірақ доллардың мына дүрбелеңі үкіметке бәрібір бюджетті қайта қарауға мәжбүр етті. Жақында ғана үкімет келесі жылдың шығынын тағы бір саралап, АҚШ ақшасының теңгеге шаққандағы бағамын бұрынғы 340-тан өсіріп, енді 350 теңге деп бекітті. Бірақ, бұл жолғы болжамдары да айдалада қалуы әбден мүмкін, өйткені, доллар бағамы қазір 365 теңгеден төмен түспей тұр. Кейбір айырбастау орындарында бір доллар 373 теңгеден сатылып жатыр. Шетел ақшасына тәуелді болудың машақаты міне осындай. Отандық өндірісті өркендетіп, өзгелерге деген экономикалық тәуелділіктен құтылар күн қашан туады екен. Ондай шынайы ниет пен нақты істі әзірге көре алмай отырмыз...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz