ДОЛЛАР ДҮРБЕЛЕҢІ
2018 ж. 30 тамыз
6185
0
Миллиондаған мұсылмандардың ұлы мерекесі – қасиетті Құрбан айт қарсаңында қазақ еліне күтпеген жерден «суыт хабар» жетіп, қарапайым тұрғындар дүниежүзін жаулап алған доллардың кезекті шабуылынан келген тағы бір дүрбелеңге тап болды. Жұрт ұлы мерекеге дайындалып, Аллаға бір табан жақындағысы келгендер қажылыққа сапар шеккелі жүргенде бұл төбемізден жай түскендей әсер етті. Ұлтымыздың ұлы мейрамына «тосын сыйды» басқа емес, басына бақ, қоржынына құт қонбаған өзіміздің Ұлттық банк жасап берді. Алпауыт Американың долларын бірнеше пайызға бірден көтеріп, теңгемізді құрбандыққа шалды да жіберді...
Үстіміздегі жылдың наурыз айында ғана бір доллардың бағамы 320 теңгенің айналысында болса, мысықтабандап жоғары өрмелеген АҚШ ақшасы міне соңында бірден 366 теңгеге бағаланып шыға келді. Былайша айтқанда, үкімет кезекті девальвацияны алдын ала еш ескертусіз-ақ жасай салды. Әрине, Ұлттық банктің бұл шұғыл шешімінен бейхабар, кезекті қаржылық «ойынына» мүлдем дайын болмаған көпшілік абдырап қалды. Әдеттегідей доллардың бағамының өсуі еліміздегі барлық сауда орындарында тұтынатын тауарлар бағасын көтеріп, онсыз да тиын санап отырған қарапайым адамдардың сатып алу қабілетін әлсіретіп тастады. Шеттен келетін тауарларды айтпай-ақ, енді өзіміздің отандық кәсіпкерлер мен өндірушілер де өз өнімдерінің бағасын көтеруге мәжбүр. Оларға да кінә арта алмайсыз, өйтпесе шыққан шығынын жаба алмасы белгілі. Күзгі маусымда жаз бойғы еңбегінің оң нәтижесін көремін деп отырған ауыл шаруашылығы саласындағы өндірушілер де есеңгіреп қалды. Бензиннен де қымбаттап кеткен дизель отынын әупірімдеп қарызға сатып алып, күзгі жиын-терімге иек артқан үміттері ақталмай қалатын түрі бар. Көпшіліктің сатып алу мүмкіндігі болмаса олардың өнімі кімге керек? Қор болған есіл еңбек-ай десеңізші.
Осының алдында ғана зейнетақының көлемін сәл де болса көтерген үкімет енді сол ақшаны қалай да қайтарып алғысы келгендей, қарымта қимылға көшкенге ұқсайды. Айта кетелік, қазір зейнетақы көтеріледі десе зейнеткерлер қуанудың орнына қайғыратын болды. Өйткені, тиын-тебен қосқан сол зейнетақысын қолына алмай жатып сауда орындарында баға бірден өсіп шыға келетінін көріп жүрміз. Бағаның не себепті көтерілгенін тексеріп, бақылау жасап жатқан тірі пенде жоқ. Жергілікті әкімдік пен монополияға қарсы күресуге тиісті құзырлы органдар тарапынан ешқандай қимыл байқалмайды. Тіпті солардың бар екені белгісіз, не бітіріп отырғанын да түсіну қиын. Соған қарағанда халықтың есебінен айлық алып, қызметтерін пайдаланып қосымша ақша жасап жүргендеріне мәз секілді. «Осы зейнетақыны өсірмей-ақ қойсыншы. Одан да бұғаусыз кеткен бағаны көтертпей ұстап отырса болғаны, сол үшін оларға мың алғыс айтар едік. Беретін 60 мың зейнетақыға ештеңе сатып ала алмайсың. Коммуналдық төлемдерден соң тиын санап қаламыз. Қартайған шақта дәрі-дәрмексіз күнің жоқ. Оның да бағасы арзан емес...» – деген күйзелісін кез-келген қарияның аузынан естуге болады.
Алматыдағы «Барахолка» деген атаққа ие болған сауда орны қасындағы автобус аялдамасында қоғамдық көлікті күтіп отырған екі әйелдің мына бір әңгімесін естуімізге тура келді. Қазір жұрттың бәрі балаларын мектепке дайындап, керек-жарақтарын сатып алып жатқаны белгілі. Сондықтан, өзге тауарларға қарағанда оқушылардың киім-кешегі мен оқуға қажет құралдардың саудасы жүріп тұрған кез. Онсыз да удай қымбат мектеп формасы мен қалам-дәптердің де бағасы долларды сылтауратып тағы да шарықтай түскендігіне шағымданған әйелдердің мына заманда қиналып жүргендері көрініп тұр. «Үш баламды мектепке дайындау үшін кем дегенде 300 мың теңге керек. Күйеуіміз екеуіміздің табысымыз айына небары 160 мың теңге, қай жағына жеткізерімді білмеймін. Пәтерақыны уақытында төлемесек, үй иесі мазамызды алып бітеді...» –дейді бірі екіншісіне мұңын шағып.
Әрине, бұл бір ғана ананың мұңы емес, ондайлар біздің елде он мыңдап саналады. Қалай десек те теңгенің құлдырауы қарапайым тұрғындарды алдымен қинайтыны анық.
Бұл жолғы доллардың дауылын билік басындағылар Американың Ресейге салған экономикалық санкциясына жаба салған сыңайлары бар. Ресейге салынған санкция салқыны импортқа тәуелді Қазақстан экономикасына кері әсер етуде деп түсіндіреді кейбір мамандар. Ал Tengrinews.kz тілшісінің хабарлауынша ел экономикасына тікелей жауапты Қазақстанның ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов АҚШ-тың антиресейлік санкциясы еліміздің мүддесіне кедергі келтірмейтінін мәлімдеген. «Мен америкалық әріптесіммен жасалып жатқан санкциялар еліміздің экономикалық мүддесіне кері әсері тимеуі керектігі жайлы әңгіме қозғаған болатынмын. Олардың бұл мәселе жайлы түсінігі өте жақсы. АҚШ әкімшілігі санкция салған күннің өзінде де олар Қазақстанның мүддесіне тиіспеуі туралы кепіл берді», – деп жұбатыпты министр. Бұл да әдеттегідей жылда естіп жалыққан әләулай әні. Өзге елдердің экономикасы әлсіреген сайын американдықтардың түсінігі жақсарып, жағдайы түзеле түсетінін бәріміз білеміз. Өйткені, олардың басты мақсаты – жеке-дара әлемнің әміршісі болу. Бұл жерде шенеунік көрші Ресей елінің біздің экономикаға әсерінің мол екенін, өзара тығыз байланыста екенін мүлдем ұмытқан секілді. Тіпті еш нәрсе болмағандай Тимур Сүлейменов теңге бағамының мына жағдайына байланысты үкіметте арнайы бюджеттік бағдарламалар жасауға ешқандай қауіп көріп тұрмағанын да айтыпты. Мұндай ертегіні теңге құлдыраған сайын Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың да аузынан талай рет естігенбіз. Өткенде Тимур Сүлейменов: «Қазақстанда осы жылдың наурыз айында орташа айлық еңбекақы нақты көріністе 2,4 пайызға өсіп, 153,2 мың теңгені құрады» деп айды аспанға бір-ақ шығарғанын білесіздер. Бесінші сыныптың оқушысы сенбейтін бұл мәлімдемесі туралы кезінде жазған болатынбыз. («Қазақ үні» газеті. «Министр мектепте оқымаған ба?» 20.04.2018ж.). Бұл жолы да министр қаржылық дағдарыс салдарынан тұрмысы күрт төмендеген халықты алдап-сулап жұбатып немесе оларды ақымақ санап отыр. Әрине, көпшілік біле бермейтін «бонустарын» есептемегенде айына миллионнан аса айлық алатын министрлер мен қаржы қазанының қақпағын қолдарында ұстаған банкирлерге дағдарыс атаулы әсер ете қоймасы белгілі. Қарапайым көпшілік тұрғындарымыз сияқты 50-60 мың теңге айлыққа өмір сүріп көрсе бұлайша сайрамаған болар еді. Осыдан-ақ қатардағы халық пен билік арасының алшақтағанын, бірі-бірін түсінуден қалғанын байқауға болатын шығар.
ҚР Парламентінің Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, экономика ғылымдарының докторы Аманжан Жамалов қазіргі теңге бағамына қатысты өз пікірін білдіргенін dalanews.kz сайтына сілтеме жасап «Қазақ үні» порталы да жазған болатын. Аманжан Мәкәрімұлының осы бір пікірінен біраз мән-жайды аңғаруға болатын сияқты.
Оның айтуынша, теңгені еркін бағамға жіберу Қазақстан экономикасын девальвациядан құтқара алған жоқ. Биыл наурызда доллар бағамы 320 теңге болса, бес айдың ішінде теңге 14 пайызға арзандаған. Бұл баяғы бірнеше рет жасалған девальвациялардан кем түспегенін алдымен атап өтіпті депутат. 2009 жылдың ақпанында теңге 18 пайызға девалвацияланған (122 теңгеден 144 теңгеге), ал 2014 жылдың ақпанында — 19 пайызға (155 теңгеден 185 теңгеге). Ұлттық банк бүгінгі жағдайды бағам «ауытқып» тұр деп түсіндіргісі келеді. Шын мәнінде мұндай «ауытқуды» тура девальвация деп өз атауымен атау керек дейді Аманжан Жамалов.
Сол сияқты депутат долларсыздандыру саясатын да сынға алыпты. «Ұлттық банк депозиттерді долларсыздандырып, долларлық депозиттерді 2016 жылдың қаңтар айындағы 70 пайыздан биыл жазда 45 пайызға дейін төмендетті. Нәтижесінде Ұлттық банкке сенген салымшылар алданып қалып отыр. Олардың теңгелері ай өткен сайын құнсызданып барады.
Бұрындар үкімет, оның ішінде банкирлер теңге бағамы мұнайға тікелей байланысты деп сендіріп келді. Наурызда мұнайдың бір баррелі 65-70 доллар тұрғанда доллардың бағамы 320 теңге болатын, қазір мұнай 72 доллар тұрады, ал теңгенің бағамы – 360 теңге. Қисын қайда? Демек доллар бағамы керек болған жағдайда мұнайға да қарамай көтеріле береді деген сөз. «Бізге енді федералдық жүйенің саясаты мен антиресейлік санкциялар кінәлі деп «құлақтан теуіп» отыр. Сыртта біреу түшкіріп қалса да девальвацияны содан көруді қашан доғарамыз» – деді Мәжіліс депутаты. Оның ойынша, қазіргі жағдайда халық пен кәсіпкерлер қыспақта тұр. «Валюта бағамының ертең қандай болатынын ешкім білмейтін кезде бизнес қалай келісімшарттар жасаспақ? Халық та әне-міне болады деген девальвациялар мен инфляцияны күтіп отыр. Импортқа тәуелді елміз. Әрбір девальвация бізде инфляцияны күшейте түседі. Біз бәрін өзі өндіретін Түркия да емеспіз, Ресей де емеспіз. Олар ғой, импорттың орнын өз өндірісімен алмастыра алады», – деді Аманжан Жамалов.
«Әлсіз бағам елдің бәсекеге қабілетін арттырады дейді. Бірақ Қазақстан сыртқа шикізат сатқаннан басқа несімен бәсекелес? Енді бюджеттік бағдарламалар тоқтап қалуы мүмкін. Бюджетті бір доллар 340 теңге деп есептеп қойғанбыз. Ұлттық банк өз міндетін орындай алмады, алмайды да. Қазір бизнестен бастап барлығымыз девальвация болады деп күтіп отырмыз, алып-сатарлық сипат өршіп тұр. Мұндай жағдайда шұғыл да нақты бір шешімдер керек», – дейді депутат. Экономист депутаттың мына пікіріне қарасақ жағдаймыз шынында оңып тұрған жоқ.
Сарапшылар теңгенің құлдырауы үш жыл бұрынғы антирекордқа жетуі ықтималдығын айтады. Ұлттық Банктің интервенция жасауы ақшаны далаға шашуымен бірдей дейді экономист Әлібек Аллияров. Оның айтуынша интервенция жасауға қыруар ақша кетеді, оның әсері белгісіз. Одан кейін не болатынын айту өте қиын. Құтылудың бір ғана жолы – өзіміздің ішкі өндірісті дамыту. Сонда ғана теңге бағамының төмендеуінен өзімізді сақтай аламыз дейді белгілі маман.
Танымал кәсіпкер, экономист Айдан Кәрібжанов та өзінің парақшасында санкциялардың елімізге әсері туралы жазыпты. (kaz.365info.kz)
– Рубльдің теңгені өзімен бірге төменге тартып, «санкциялық» құлдырауы әрине, жаман да жайсыз нәрсе. Бірақ одан өле қоймаймыз. Қазақстанды өлтіретін басқа қауіп бар. Ол – Ресейдің энергетикалық секторына қарсы терең санкциялар. Ең жаманы, Ресейден мұнай тасуға шектеу енгізгені. Біздің шикізаттың шетелге шығар жолы жабылады деген сөз. Сол табыстан айырылсақ, оның орнын ештеңемен толтыра алмаймыз, – дейді кәсіпкер Кәріпжанов.
Бүгінгі күні доллардың бір теңгеге қымбаттағанына қазір ешкім назар аудармайтын болды. Қазақтың оған әбден еті өліп, үйреншікті жағдайға санайтын күйге жеттік. Енді есептеп көріңізші, банкирлер өздері айтатындай осы бір «ауытқудан» қандай пайда көретінін. Қалтасында қаржы, қолында билігі барлар осыдан-ақ милиондап пайда көре алады. Теңгенің бір «аунап тұрғаны» оларға қыруар қаржы әкеледі. Мысалы, «ауытқудың» алдында қаржы саласының қасқалары мен қалталылар 10 миллион доллар сатып алып, оны қайтадан теңгеге айналдырғанда ақшаның астында қалмай ма?
«Еліміздегі банктер дағдарыстан бас көтермей келе жатқанына он жылдан асты. Бұл не деген бітпес драмалы сериал? Арасында қарап отырса, сол банк басшылары не акционерлері шетінен шіріген байлар. Ендеше өз банктерін құтқару үшін қаптаған яхта, сарай, аралдарын неге сатпайды? Шетелде тыққан-пыққанын осындайда неге шығармайды? Ал ең бастысы – ылғи әлгі байлардың проблемасы неліктен онсыз да мұқтаж халық есебінен шешілу керек?» – дейді саясаттанушы Расул Жұмалы. Бұдан артық қандай ақиқат керек?
Біздің банк атаулының қызметінің бұлыңғырлығы депутаттардың да күдігін тудырып отыр.
– Халықтың ақшасы жеке меншік қаржы институттарын дамыту үшін жұмсалмау керек. Неге олар ақшаны ұрлап байып жатыр? Одан қалды шетелге алып кетіп жатыр. Ал мына жақтағы банктің салушылары зиян шегіп отыр. Ашығын айтсақ, сол банктердің кейбір иелері билікте де жүр. Неге соны сұрамасқа, неге жауапқа тартпасқа оларды? – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев өткенде. Депутат дұрыс айтады. Екіншіден, банк иелері билікте болған соң оларға Данияр Ақышевтің да әмірі жүрмейтін ескеруіміз керек.
Қоғамның белсенді өкілдері мен мамандардың бұл пікірлерінен қандай қорытынды шығаруға болады? Мұнай бағасы мен санкция атаулы сыныққа айтар сылтау ғана. Ширек ғасыр бойы өндірісін өрістете алмаған мемлекеттің ақшасы құнсызданбағанда қайтеді? Ал өндірісті дамытуға біліктілік пен күш-жігер керек. Қазіргі пысықайларға осы жағы жетіспейді. Олар ақша табудың жеңіл жолын таңдап алған. Ең маңызды деген экономика мен қаржы саласы тойымсыздардың үлесіне тиген соң бұл түйінді тарқату қиынға соғады. Олар теңгені ғана емес, өз Отаны мен қазағын да ойланбастан ақша үшін құрбандыққа шалып жібереді...
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz