Мемлекеттік тілді менсінбеген аурухана басшылығының кешірім сұраған видеосы жарияланды
2018 ж. 29 тамыз
10348
1
Кешелі бері әлеуметтік желіде Астана қаласындағы №2 ауруханада болған жағдай қызу талқыланып, қоғамда үлкен резонанс туған болатын. Бұл туралы алғаш болып мәселе көтерген «Қазақ үні» ақпарат агенттігі «СҰМДЫҚ!!! Ресей тілін білмеген адам Астана ауруханасында өлуі керек пе? (ВИДЕО)» атты мақала жариялаған болатын. Аталмыш мақаланы аз уақытта 15 мыңнан астам оқырман оқып үлгерген.
Бүгін заңгер Жасұлан Иса, Марат Ақанов, Айдын Сағи, Дәурен Дсүйсенбиевтер бастаған Астананың бір топ белсенді жастары №2 ауруханаға арнайы барып Мұқағалидің жағдайымен танысып қайтты.
Заңгердің сөзінше, аурухананың бас дәрігері Иван Лиден бастап, екі орынбасары, аталмыш дауға тікелей қатысы бар дәрігер Асхат Николаевич пен санитар қызметкер бәрі жиналып, болған жағдайда өздерінің кінәлі екендіктерін толық мойындады. Сонымен қатар, олар аурухана атынан Мұқағали мен халықтан ресми түрде кешірім сұрады. Бұның алдында "Қазақ үні " сайтында Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Нәдіров те жазбаша кешірім сұрағаны белгілі. Жағдай дұрыс шешілгесін жазушы Жұма-Назар Сомжүрек бастаған бір топ ұлт жанашырлары жолддан қайтты.
Өз кезегінде Мұқағали Балқыбаев та «Қазақ үні» редакциясына алғыс білдіріп, өз құқығының сақталуына септескен жандарға шексіз ризашылығын жеткізді.
«Қазақ үні» ақпарат агенттігі аурухана басшылығының кешірім сұраған видеосын жариялай отырып, редакцияның әрдайым ана тіліміздің үстемдік құруын қадағалап, Мұқағали секілді елдің намысты ұл-қыздарына көмек қолын созатынын жеткізеді.
Мақала мен видеоны көшіру үшін "Қазақ үні" ақпарат агенттігіне сілтеме жасауыңыз керек!
qazaquni.kz