БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗДЫ НЕГЕ БАҒАЛАМАЙМЫЗ?
2018 ж. 28 тамыз
6334
0
ҚУАТТЫ МЕМЛЕКЕТТІ ДЕНІ САУ ХАЛЫҚ ҚАНА ҚҰРА АЛАДЫ
Егеменді еліміздің Атазаңының бірінші бабында мемлекетіміздің басты құндылығы – адам, оның өмірі, құқығы мен еркіндігі екендігі алдымен атап айтылған. Осы заңның 29-бабында Қазақстан азаматтары денсаулығын сақтауға, тегін кепілдендірілген медициналық көмек алуға құқылы екендігі де тайға таңба басқандай көрсетілген. Одан қалды үкіметіміздің қаулы-қарарларында да тұрғындарымыздың денсаулығын сақтауға қатысты бірқатар қамқорлыққа толы құжаттар қабылданғанын білеміз. Заңдарымыз бен қабылданған құжаттарға айтар қарсылығымыз жоқ. Қағаз бетінде бәрі дұрыс, бәрі әдемі жазылған. Ал іс жүзінде сол заңдарымыз бен қағидалар қалай іске асырылып жатыр? Бұл дау тудыратын үлкен мәселе... Бәріміз бас иетін Атазаңымызда көрсетілгендей мемлекеттің басты байлығы – адам болса, адамның бірінші байлығы оның – денсаулығы. Бұған ешкімнің таласы жоқ шығар. Олай болса біз неге басты байлығымызды бағаламаймыз, неге адамдарымыздың денсаулығына немқұрайлы қараймыз? Мемлекет тарапынан медицина саласына жылына қыруар қаржы бөлініп жатса да сырқаттарға неге сапалы қызмет көрсетілмейді? (Мысалы, 2016 жылы ұлт саулығын сақтауға бөлінген қаржы көлемі 1,6 трлн. теңгені құраған екен.) Әлеуметтік маңызы жағынан бірінші орында тұрған сала жұмысын лайықты деңгейге көтеріп, неге жылдар бойы жөндей алмай келеміз? Осы саланың қызметін оңалтуға не кедергі болып отыр? Ол үшін не істеуіміз қажет? Алдында «үлкен мәселе» деп отырғанымыз да сондықтан. Өйткені ширек ғасырдан бері осы мәселенің түйінін тарқата алмай келе жатқанымыз жасырын емес. Алдымен денсаулық саласының «сырқатына» тоқталып, «жарасы» жайлы айта кетелік. Жанды ауыртар жара жеткілікті, оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Соның кейбір тұстарын атасақ та жеткілікті. Кең-байтақ жеріміз бар деп мақтанып жатамыз. Халқымыздың саны аз деп те өкініш айтар кездеріміз бар. Халық саны ұрпақ арқылы өсетіні ежелден белгілі. Айтайын дегеніміз, биылғы жарты жылдың өзінде өмірге ұрпақ әкелер кезде отыздан астам әйел перзентханада көз жұмған екен. Бұл ресми дерек қана және халқының саны аз ұлт үшін тым жоғары көрсеткіш. Оның төртеуі басқа емес, Астанада тіркелген. Ал медициналық мүмкіндіктері жоқ ауылдық жерлерде қанша ана көз жұмып, қанша нәресте өмір табалдырғын аттамай жатып шетінегенін бір Құдай ғана біледі. Соңғы кезде жиілеп кеткен ана өліміне қатысты үкіметтің кезекті отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа Елжан Біртанов пен Әсет Исекешов есеп берді. Министр маман тапшылығына шағымданып, қазіргі таңда 8 облыста босану орталықтарында жауапты басқарма басшысының орны бос тұрғанын айтып ақталды. Елде күнделікті 400 нәресте дүниеге келеді екен. Ал оларды босандыратын 340 акушер-гинеколог жетіспейтін көрінеді. Қала әкімі Исекешов болса Израильден тәжірибелі мамандар шақырып, астаналық дәрігерлерді оқытамыз деп тың жол тартқандай болды. Осының алдында ғана қаза болған астаналық келіншек небары 34 жаста екен. Марқұм үшінші баласына босанған соң күрт нашарлаған. Әйтеуір нәресте аман қалыпты. Елжан Біртанов Астана қаласы бойынша амбулаториялық деңгейде қандай қызмет көрсетілді соның бәрін тексеріп жатырмыз деп жұбату айтты. Астанадағы №1-ші перинаталдық орталықта босануға келген әйелдің сәбиі құрсағында шетінеп, қоғамда алаңдаушылық тудырғаны туралы бірқатар басылымдар жазғанын білесіздер. Көз жасына ерік берген әйелдің айтуынша, дәрігерлер өзіне көмек көрсетудің орнына басқаларды ақшаға босандырудың қамымен жүріпті. Бұл жәйтке 32 жастағы Наталья Ярцева дәрігерлерді айыптап отыр. Үшінші ультрадыбыстық зерттеу кезінде бала кіндігінде 2 артерияның орнына біреуі ғана болғаны анықталған. Бірақ дәрігерлер бұған бола уайымдамауға кеңес беріпті. Келіншек баласының іште қозғалуы баяулап қалғанын айтып қанша жалынса да, ешкім елең етпеген. Содан Натальяның нәрестесі құрсақ ішінде шетінеп, жатырындағы өлі сәбиімен перзентханада тағы бір күн жатып қалған. Тек ертесіне есін жиған дәрігерлер операция жасаған. Баласын жер қойнына тапсырған Наталья Ярцева енді өз ісіне салғырт қараған дәрігерлерді заңмен жазаламақшы. Жарық дүниені көрмей кеткен ұлы үшін істі соңына дейін жеткізуге бекініп отыр. Қалай десек те, жиырма бірінші ғасырда өмір сүріп жатып ананы босандыра алмау ұятты жағдай. Ғылым мен техниканың дамымаған кезінде, бағзы заманнан бері біздің әжелеріміз келіндерін өз қолымен үйінде аман-есен босандырып немере сүйген. Ал біз болсақ жоғары білімді, қалтасында табақтай дипломы бар дәрігер мамандарымыз бола тұра дәрменсіз күй кешудеміз. Жоғары білімді мамандарымыз ауылдың қарапайым кемпірлері құрлы болмағаны ма? Исекешов айтқандай енді Израильден тәжірибелі дәрігерлерді шақыртпақ екенбіз. Сонда еврейлердің әйелдері ғана бала туып жүр ме екен? Әлде сонау Адам ата мен Хауа анадан бері жалғасып келе жатқан өмірлік тәжірибе – әйел босандыру осы күнге дейін белгісіз болып келген ғылымның жаңа түріне айналғаны ма? Бұл әдеттегідей халықтың ақшасын шашу. Шетелдік мамандар әрі-бері жолы, жатын орны мен еңбегіне қомақты ақша бермесең Қазақстан жаққа көз қырын да салмайтыны белгілі. Қит етсе шетел дейтін шенеуніктердің осы бір «тапқырлығы» қашан тоқтайды екен? Өз мамандарымыздың әлеуметтік жағдайын дұрыстап, олардың сапалы қызмет етуіне қашан жағдай жасаймыз? Тағы бір «жараның» аузын ашып көрелік. Ол тікелей дәрі-дәрмекке байланысты, онсыз ем-дом жасау мүмкін емес. Медицинаның бұл саласында қаншама дау-дамай болғанын білесіздер. Елбасының өзі «Самұрық-Қазына Фармацияның» кәсіпорнын тексеріп, қатаң шара қолдануды тапсырғаны белгілі. Жаппай тексерулер барысында көптеген былықтардың беті ашылып, қаншама қаржылық заң бұзушылықтар анықталды. Дәрі-дәрмекке жауапты компания мемлекеттен бөлінген қаржы есебінен 6 жылда 27 миллиард теңгеден аса заңсыз пайда көргені белгілі болды. 2017 жылдың екі айында ғана пара алмақ болып немесе сол сияқты қылмыс жасағаны үшін 16 лауазымды тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бұдан бөлек 97 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Ал, 2016 жылы 80 лауазымды тұлғаға қатысты 200 астам жемқорлық қылмыс тіркеліп, 22 адам сотталды. Міне, біздегі медицина саласының сиқы осындай. Осыншама қатаң шаралар қолданғанмен бұл салада бүгінгі күні тәртіп орнады деп ешкім айта алмайды. Есепте тұрған сырқаттар өзіне аса қажетті дәрілерді ала алмай жүргені туралы арыздар толастар емес. Қымбат препараттың орнына арзан, пайдасы мен әсері аз дәрілерді жазып беру фактілері тоқтаған жоқ. Ал қымбат дәрілер қолды болып жатыр. «Балық басынан шіриді» демекші Фармация комитетінің басшысының міндетін атқарушы Лариса Пак пен осы комитетке қарасты департамент жетекшілері 10 миллион теңгеден аса пара алды деген күдікпен ұсталып, бірнеше ай бойы тергеуде отыр. Миллиондарды шенеуніктер фармацевтикалық компанияларға көз жұмып лицензия бергені үшін алған. Пак бастаған топ сондай-ақ халыққа тегін үлестірілетін дәрі-дәрмекті көпе-көрнеу қымбатқа алып, арасынан пайда тапқан. Лариса Пак ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау министрлігінің фармация саласында болған. Тәжірибелі басшы маман жемқорлықпен айналысса қол астындағылар не істемейді? Жақында ғана Астанадағы жеті бірдей дәріханада рұқсат етілмеген дәрі сатылып келгені анықталды. Бұл туралы Фармация департаментінің басшысы журналистерге берген сұқбатында өзі айтты. Бұл препарат жүкті әйелдерге шаранасын сақтап қалу үшін беріледі. «Утрожестан» дәрісінің қаптамасы-ақ күдік тудырған. Мұқабадағы жазба орыс тілінде. Ал елдегі заңнамаға сай ол міндетті түрде мемлекеттік тілде де жазылуы тиіс. Дәрі түпнұсқадан мың теңгеге арзан сатылыпты. Бұдан да басқа дәрілердің заңсыз сатылып жатпағанына кім кепілдік бере алады? Әзірге рұқсат етілмеген дәріні сатты деп айыпталған 7 дәріханаға байланысты іс сотқа жолданды. Ал ол дәрінің жүкті әйелдердің денсаулығына қанша зиян келтіргенін ойлаудың өзі қорқынышты. Біздегі жиі орын алатын ана мен нәресте өліміне себептердің бірі осы дәріде болуы мүмкін ғой. Оны бақылап, реттеп отыратын сала басшылары қайда қараған? Тіпті еліміз бойынша осы саланы жаппай тексерулер мен қатаң жаза қолдану да оларға маса шаққан құрлы әсер етпегені таңғалдырады. Мына бір жағдай да тұрғындарымызды алаңдатып келеді. Еліміз бойынша көптеген қалалардағы балабақшалар мен мектептердің қызметшілерінен түрлі аурулар табылып, бүлдіршіндер мен оқушыларды денсаулығына қауіп төндіргені белгілі. Басқасын былай қойғанда жұқпалы да қатерлі туберкулез ауруы бар қызметкерлер балалар мекемесінде еш алаңсыз жұмыс істеген. Сонда олар медициналық бақылаудан қалай өтіп жүрген? Жақында осыған байланысты анықтаманы заңсыз сататындар ұсталды. Сөйтсе Астананың емханалары жыл сайын жалған анықтамалардың сатылуы салдарынан 25 миллион теңгеден қағылған. «Азаматтардың медициналық тексеруден өтпестен-ақ мұндай құжаттарды пайдалануы аталған азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірумен қатар білім беру, қоғамдық тамақтану ұйымдары сияқты әлеуметтік маңызы бар салалардың қауіпсіз қызмет көрсетуіне де кері әсерін тигізеді», – деді «Астана – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Жазира Жылқышиева. Жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізген жұмыстардың нәтижесінде жалған медициналық құжаттарды дайындаумен айналысатын топтың қылмыстық әрекетінің жолы кесілді. Ал мұндай қылмыс бір ғана Астанада орын алып жатпағаны жасырын емес. Мына бір мәселе де санаға сыйымсыз. Науқастарға ота жасау медицинада жиі қолданылады. Бір қызығы, хирург ақша бермесеңіз қолына пышағын алмайды. Құдды бір мемлекеттік ауруханаларда ақылы отау жасау заңдастырылып қойғандай. Сонда хирургтер қызметі үшін мемлекеттен айлық алмайтын болғаны ма? Алады, оған қоса науқастардан параны да талап етеді. Бұл қылмыс емес пе? Ол да ештеңе емес. Тіріден қолақы алуды түсінуге болатын шығар. Ал мәйіттен ақша алуды естуіңіз бар ма? Өлген адамға сараптама мен зерттеу жасағаны үшін туысқандарынан ақша талап ету де бізде кең етек алған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Қарағанды облысы бойынша сот сараптамасы институты» РМКК-нің директоры Ибатов және оның орынбасары Нармағамбетов параны жүйелі түрде алып келгенін анықтады. Мұндай жағдай Алматыдағы мәйітханада да жиі кездеседі. Онсыз да қара жамылған адамдарды қинау ешқандай адамгершілік шеңберіне сиымсыз екенін біздің дәрігерлер білмегені ме? Бұл адам жанына араша тұруға тисті ақ халаттылардың араны ашылып кеткенін көрсетеді емес пе? Үкімет тарапынан осы жемқорлыққа қарсы не істеліп жатыр? Жақында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл меморандумның да нәтижелі боларына сенім аз. Денсаулық сақтау саласы басшылары өз жүйесіне бақылау жасай алмаса құзырлы орын не істей алады? Олардың медицинадан басқа да тексеретін салалары толып жатыр. Сонымен денсаулық сақтау саласында жемқорлық неге өршіп кетті деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Біріншіден, дәрігерлердің жалақысы төмен, әлеуметтік жағынан қорғалмаған. Екіншіден, барлық деңгейдегі басшылар тарапынан бақылау нашар жүргізіледі. Өйткені, олардың өздерінің де қолы таза емес. Ең бастысы – бүкіл қоғамда жемқорлық жайлап алған. Қазақ атамыздан қалған «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» деген нақыл сөз бар. Демек, аталарымыз бірінші денсаулықты, екінші адами қарым-қатынасты, ең соңына материалдық игілікті қойғанын байқаймыз. Бүгінгі біз өмір сүріп отырған капиталистік жүйеде осының бәрі керісінше саналады. Материалдық құндылық, капитал бірінші орында тұр. Олай болса жемқорлықты түбімен жоямыз деп ұрандату бос әурешілік. Алдымен идеологияны, адамдардың өмірге деген көзқарасын өзгертуіміз керек. Ал ол оңай дүние емес. Оған бірнеше ондаған жылдар қажет. Ақша деп алашапқында жүргенде адами құндылықтарды жоғалтып алғанымызды мойындағанымыз жөн. Алдымен осы мәселені мықтап қолға алу керек, сонда қоғамдағы көптеген келеңсіз көріністерді көрмейтін боламыз. Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz