Мас болған қазақстандық спортшы Азиадада қатысушы қыздарға тиісті – Around the Rings
2018 ж. 25 тамыз
3094
0
Индонезияда өтіп жатқан Азия ойындарының қатысушы қыздарына тиіскен мас қазақстандық спортшы туралы шетелдік БАҚта даулы ақпарат жарияланды. Бұл туралы newsasia.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Around the Rings (ART) интернет басылымының жазуынша, Қазақстан намысын қорғау үшін Джакартаға аттанған спортшылардың бірі асханада қыздарға "қырындап", оларға тиіскен.
Осыған орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру комитеті шетелдік БАҚ-та қазақстандық спортшының Джакартадағы Азия ойындарында жарысқа қатысушыларға «тиіскені» туралы ақпаратты нақты емес екендігін мәлімдеді.
«Мен спорт комитетінің өкілі ретінде Индонезиядағы қазақстандық спортшыға қатысты ақпаратты жоққа шығарамын. Бұл шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат. Қазір халық дүрлігіп, телефонға маза бермеуде. Олар неліктен біздің спортшылар мас болып елге тиісіп жүр деп сұрақ жаудыруда. Бірақ мен бұл оқиғаны жоққа шығарамын. Біздің спортшылар әрдайым барлық жарыстарда өздерін лайықты ұстады», – деді комитеттің ресми өкілі Раухан Тоғымбаева.
Бұған дейін шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында қазақстандық спортшы мас күйінде жарысқа қатысушыларға тиісіп, «сүйіп алуға тырысқаны» туралы ақпарат жарияланды. Айтуларынша, оқиға 22 тамызда Азия ойындарының спортшылары тамақтанатын асханада болған.