ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Қарашевты пара алу кезінде тінту барысында 1,5 млн АҚШ доллары тәркіленген. Бұл жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов аталған сыртқы саясат ведомствосының қызметкерлерімен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысынан 1,5 млн АҚШ доллары тәркіленді
2018 ж. 24 тамыз
4602
0
«Халыққа қызмет көрсету сапасына өткен жылдың қорытындысы бойынша жүргізілген бағалау министрліктегі бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігі төмен екенін көрсетті. Бұл келесі себептерге байланысты орын алып отыр: біріншіден, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын ішкі бақылау жүйесі жеткілікті деңгейде құрылмаған, екіншіден, бір өтініш негізінде электронды түрде көрсетілетін қызмет түрлері тізіміне жаңа қызмет түрлері енгізілмеген; үшіншіден, министрлік өз ішінде мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру жүргізу бойынша жұмыстардың жеткіліксіздігі. Бұл жұмыстарды тез арада қолға алу керек», - деді төраға орынбасары.
Ол мемлекеттік қызметкердің этиканы сақтауы, ең алдымен, жемқорлықтың жолын кесу болып табылатынын атап өтті.
«Себебі, адам қызметте болсын, тұрмыста болсын, қандай да бір ұсақ құқық бұзушылықтарға жол берсе, ол оның ірі қылмыстар жасауға да баратынын білдіреді. Бізде мұны нақты растай алатын зерттеулер де бар. Бірнеше мысал келтіретін болсам, агенттікке Сүлейменов деген азаматтан министрлік қызметкерінің дене жарақатын келтіргені туралы шағымы келіп түсті. Қазір қылмыстық іс қозғалып, ішкі тергеу жүргізу үшін министрлікке сәйкес нұсқаулар жолданды. Сол сияқты, қазіргі уақытта Сингапурдағы консулдықтың екінші хатшысы Алдамжаровтың іс-әрекетінен зардап шеккен Хабиденовадан шағым келіп түсті. Ол 1,5 жыл бойы аталған азаматшаның алдындағы жол-көлік оқиғасы салдарынан туындаған қаржылай міндеттемені орындаудан қашып жүр. Мұндай әрекеттер мемлекеттік қызметкерге, соның ішінде, сыртқы саясат ведомствосының қызметкеріне тән емес әрекет», - деді агенттік өкілі.
Бектенов кездесу барысында осы жылы пара алу кезінде ұсталған министрліктің бұрынғы жауапты хатшысы Қарашев ісі жайында да сөз қозғады.
«Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен тергеліп жатқан министрліктің бұрынғы жауапты хатшысы Қарашевқа, министрліктің шаруашылық басқармасының директоры Сәкеноваға, «Дипломатиялық қалашық құрылысы дирекциясы» ЖШС директоры Нұрекеновқа, ресми іс-шаралар бөлімінің жетекшісі Жұмасановаға қатысты аса ірі көлемде пара алу және пара беру ісі қоғамда резонанс тудырды. Бұл күні кеше ғана сіздермен жұмыс істеген азаматтар, олардың бірі басшы қызметінде болған. Жемқорлыққа қарсы заңды сақтамауы салдарынан олар бүгінгі күні тергеуде жатыр. Тінту барысында Қарашевтан 1,5 млн АҚШ доллары, Нұрекеновтан 200 мың АҚШ доллары тәркіленді. Қарашев жүйелі түрде жоғарыда аталған азаматтардан пара алғаны үшін жауапқа тартылып отыр», - деді Бектенов.
Ол Сәкенова, Нұрекенов пен Жұмасанов халықаралық іс-шаралар ұйымдастырумен айналысатын кәсіпкерлерден 28 млн теңге заңсыз сыйақы алғаны үшін жауапқа тартылғанын мәлімдеді.