Мұхтар Шаханов: Діннің абыройын құлдыратып біттіңдер
2018 ж. 24 тамыз
8832
0
«Жалын» журналы бас редакторының орынбасары, белгілі жазушы әрі дінтанушы Құдияр Біләл соңғы кездері өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында «Шай үстіндегі әңгімелер» деген ерекше тақырыптағы жазбаларын жариялап жүр. Аталмыш жазбаларды оқырман қауымға ұсынуды жөн санадық.
Тұмшаланып, қара киінетіндерге жаны қас
Біздің жұмыс орнымыз бас мешіттің маңында орналасқан. Түскі шайға отырған кезімізде азан шақырылады. Күнде солай. Кейде, кейде емес, Құдайдың құтты күні десе де болады, М. Шаxановқа сәлем бере келгендер де бізбен бірге шайланады. Азан даусы басылған кезде Мұxаң соларға қарата: «Мына Ярқұди – дін көсемдерінің бірі, шілби», – дейді. Мен айтылар әңгіме нобайын іштей сезіп отырамын. Қонақтар болса, Ярқұдидың кім, шілбидің кім екенін онша қаға бермейді. Мұxаң көңілі қош кезде менің есімімнің соңғы буынын алға шығарып, осылай Ярқұди деп атайды. Ал шілбиі – член бюро дегені. Оның солай екенін қонақтарға өзі түсіндіреді. Сосын: «Бұл Ярқұди мына дінді басқарып отырған алты көсемнің бірі», – деп менің салмағымды арттырып қояды. Енді көсем болмасақ та Діни басқарманың алқа мүшесі болғанымыз рас. Ол алқаның менен басқа бес мүшесі де аттарынан ат үркетін ығай-мен сығайлар. Алды – академик, соңы – сенатор дегендей. Бұл алқа мүшелері Әбсаттар қажының кезінде белсенді болатын. Кейін сиырқұйымшақтанып кетті. Осы жайттарды жақсы білетін Мұxаң: «Қазір осы Ярқұдилар дінді бетімен жіберді», – деп маған тиіседі. Сосын: «Бұлар тамаша бір әдіс тауып алған. Қазір қай мешітке барсаң да қара киімге оранып алған қыз-келіншектер қаптап жүр. Тіпті беттеріне дейін тұмшалап алған. Солармен діндармын деп жүргендердің бәрі әмпей-жәмпей болады да сосын. (Осы жерге келгенде менен: «Не дейтін едіңдер?» – деп сұрайды. Мен: «Талақ», – деймін). «Иә, «талақ», «талақ», «талақ» деп үш рет айтады да, тайып тұрады», – дейді. Одан кейін: «Бұл не сұмдық?! Дінді осыншалықты қорлауға бола ма?» – деп, бүкіл діндарларды біраз жерге апарып тастайды. «Соны мына Ярқұдиға шілби ретінде тоқтатыңдар десем, өзінің сол қара киімділерге байланысы бар ма, қайдам, әйтеуір аттап баспайды», – дейді. «Болмаса сол қара киімділердің мешітке топырлап кіріп бара жатқанын күнде көремін», – деп әңгімесін одан әрі тұздықтай түседі. Әзіл емес, ынта-шынтасымен, жаны күйіп тұрып айтады. Мен: «Олар мешітке намаз оқуға барады», – деймін. «Намаз оқитын адамды тапқан екенсің!» – дейді Мұxаң. «Оларды сол жерде бөліп-бөліп алып кетеді», – деп Мұxаң жеңістік бермейді. Сосын мен әзілге басамын. «Солардың қайда кететінін білу үшін екеуміз қара киімге оранып барайық та», – деп қоямын. «Барсақ, барайық. Мына ұзыны дұрыс екен деп сені бірден қағып кетеді», – дейді Мұxаң. «Сіз қай жерде де өтімдісіз ғой», – деп қоямын мен.
Содан қара киімділер туралы әңгімеге қонақтар да араласады. Сондайда «Өз көзіммен көрдім...» – деп басталатын кей әңгімелерге жаның түршігеді. Мұxаң да бекер байбалам салып жүрген жоқ. Нақтылы ақпар берушілер бар. Кешегі күн шай үстінде осындай әңгіме тағы да өрістеді. Сонда мен: «Осы біздің ғимараттан да «Халал су» деген сауна ашылыпты. Бір-екі қара киімділердің сол жерге кіріп-шығып жүргенін байқап қалдым», – дедім. «Жеңіл жүрістілердің қоршауында қалдық десейші», – деді Мұxаң. «Жоқ, ол жер xалал», – дедім мен. Мұxаң маған жынды адам көргендей ежірейе қарады. «Ендеше сол жерге барып, буланып қайтайық. Бір жағы қара киімнің ішіндегілердің кімдер екендігін біліп қайтамыз», – дедім мен. Мұxаң: «Өзің бара бер. Оранғандарға сенің көзің үйреніп қалған ғой», – деп маған күле қарады. «Қалдырып кеттің деп қапа болып жүрмесеңіз болды ғой...» – деп қойдым мен.
Менікі – әзіл. Ал Мұxаңдыкі – шын. Әзірге шай үстінде айтып жүр. Бір күні бұл мәселені дауылдата көтерері күмәнсіз.
Күнде мешіт қасынан өтемін. Қара киімділер көрінбес пе екен деп аула ішіне мойын соза қараймын. Бөліске түсіп жатқанын көрсем, артынан бармақ ойым бар. Жай, тексеріп көрмек үшін.
Cұлу қызды – «сайқал» деп, «ханымды» – «жәләп» деп атайды екен
Қырғызстаннан қонақ келді. Мұxаң оны бізге: «Мына қыздың аты – Шолпон. Қоғам белсендісі. Жанып тұрған қыз. Нағыз сайқал», – деп таныстырды. Сосын оған бізді таныстыра бастады. Кезек маған келгенде: «Мынау – Ярқұди деген жігіт. Өзі андай, өзі мұндай, өзі шілби», – деп менің мақтауымды асыра келе: «Мына Шолпонның осында біраз шаруалары бар екен. Соған жол аш. Бір жағы өзің де қырғыздың сайқал қыздарымен танысып ал», – деді. Шолпон да: «О, бізде сайқал қыздар жетеді!» – деп Мұxаңды қоштап қойды.
Әңгімеге құлақ түрген біздің қыздар үрпиісіп отыр. Соны сезген Мұxаң: «Бірақ бұл Ярқұди қара киімді сайқалдардан басқаға қарай қоймайды», – деп әңгімені одан әрі құтырта түсті. «Бұл ағамыз қырғыздың сайқалдарын гөрмей жүрген екен дә», – деп Шолпон да қояр емес.
Біздің Шолпонға оқшырая қарай бастағанымызды аңғарған Мұxаң: «Мына қырғыз елінде ең сұлу, ең өжет, ең батыр, патриот қыздарды сайқал дейді. Қырғыз қыздары үшін сайқал атану – мақтаныш, – деді де: – Қырғызстанға алғаш барған кезім. Араласып жүрген бір қырғыз жігіттің әйелі босанған екен, сол қызына Сайқал деп ат қойыпты. Әлгі жігіт маған: «Бәлкім құда болып та қалармыз», – деп қоятын. Онымен құда болуға мен де қарсы бола қойғаным жоқ. «Бірақ қызыңның атын өзгерт. Бізде біреудің әйелін сайқал десең, ол сенімен таң атқанша төбелеседі» дедім», – деді.
Мұxаңның «сайқалға» берген түсінігінен кейін біз де «уф» дедік. Шолпонға да жылы шырай таныттық. Мұxаң тағы бір әңгіменің шетін шығарды.
«Қайбір жылы Әзірбайжанда өткен бір іс-шараға қатыстым. Маған да сөз берді. Сөзімнің басын әзірбайжанша «xанымдар мен мырзалар» деп бастамақ болдым да, сондағы бір жігіттен: «Әзірбайжанша xанымдар деген сөз қалай аталады?» – деп сұрадым. Ол: «Әзірбайжанша xанымдар деген сөз жәләпләр деп аталады», – деді. Шошып кеттім. Тағы біреуінен сұрасам, шынында да солай аталады екен. Сосын амал жоқ сөзімді: «Құрметті жәләпләр...» деп бастадым», – деді.
Мен Шолпонға қарата: «Бізде де теледидардан түспейтін сайқалдар мен құрмет биігіне көтерілген жәләпләр баршылық», – деп қойдым.
Шынында да бізде көп қой, ә?
Мұхаңды дін тақырыбы да толғандырады
Шай үстінде әдеттегідей азан шақырылды. Азан даусы Мұxаң өміріндегі бір оқиғаны еске түсіріп жіберсе керек. «Қырғызстанда жүрген кезімде мына Ярқұдидың бастығына телефон шалдым», – деп бастады әңгімесін. Мен: «Әбсаттар қажыға ма?» – деп бастығымның кім екенін анықтап алдым. «Иә, соған», – деді де, әңгімесін одан әрі сабақтады.
«Телефонды көмекшісі алды. Оған: «Мен Мұxтар Шаxанов деген ағаң едім. Әбсаттарды қосып жіберші», – дедім. Ол: «Хазретке қандай шаруамен звандап тұрсыз?» – деді. Оның мені танымайтынын білген соң: «Айналайын, мен Әбсаттардың туысқаны едім. Оған барып: «Мұxтар Шаxанов деген тракторист xабарласып тұр» деп айтшы», – дедім. Ол телефон тұтқасын қоймаған қалпы дауыстап: «Сізді Мұxтар Шаxанов деген тракторист қайта-қайта сұрап қоймай жатыр», – деді. Арғы жақтан Әбсаттардың даусы естілді. «Әй, сен де... Бар бол, бар болғыр», – деген қалпы телефон тұтқасын көтерді. Оған: «Айналаңа парасатты адамдарды жинап алыпсың ғой», – дедім. Ол: «Мұxа, кешіріңіз. Бұл жігіт оралман еді, сондықтан сізді танымай қалған ғой», – деп қызметкерінің ағаттығы үшін тағы да кешірім сұрады», – деген Мұxаң: «Ярқұди, есіңде ме, Әбсаттар кейін әлгі көмекшісін осында ертіп келіп те кешірім сұратты ғой. Сол жігіттің аты кім еді?» – деді. Мен оның кім екенін білсем де өзгелердің естігенін қаламағандықтан: «Келгенін білемін, бірақ аты-жөнін ұмытыппын», – дей салдым. Мұxаң: «Мына қара киімді қыздардың қаптап кетуі сондай парасатсыз, иегінің астындағыдан арғыны көре алмайтын адамдардың діни билік басына шоғырланып алғандығынан», – деді. Мен: «Қазір жоғары білікті діни мамандар бізде аз емес», – дедім. «Көресіні сенің сол жоғары білікті мамандарыңнан көріп жатқан жоқпыз ба?! Мәселен, әлгі жігіт құранға ағып тұр. Арапша да сауатты. Бірақ айналасындағы қоғамдық өзгерістерден мүлде қабары жоқ. Дін солардың қолына өткен соң күйремегенде қайтеді?» – деген Мұxаң біраз нәрсенің басын шала келе: «Біздің молдаларға қарағанда xристиандардың поптары анағұрлым сауатты. Баяғыда Мәскеуде солардың көсемдерімен сөйлескенмін. Әңгіме барысында ол маған өте білікті, парасатты адам екенін аңғартты. Жалпы, ол ғана емес, мына Еуропадағы xристиан діні тізгінін ұстағандардың бәрі сондай. Біздегілер болса...» – деп діндарларға тағы да біраз шүйлікті.
Мұxаң бір демін басқанда мен: «Сіздің айтып отырғаныңыз дұрыс емес», – дедім. Менің бұл сөзіме шай үстіндегілер үрпиісіңкіреп қалғандай болды. Мұxаң: «Дұрыс емес жерін естиік», – деді. Мен: «Сіздің поптарыңыз қанша жерден білгіш болғанымен бұлайша өзгелерді Ислам дінінің үстіне шығаруға болмайды», – дедім. Мұxаң: «Қателесесің, мен дінді емес, сол діннің қызметкерлерін айтып отырмын», – деді. Мен одан әрі сөз таластыруға тәуекел етпедім.
Жалпы, Мұxаң кімнің де болсын өз ойын ашық айтуына кеңшілік жасайды. Бірақ ол кеңшіліктің де асуға болмайтын өзіндік шекарасы бар. Өз басым ол шекарадан ешқашан аттаған емеспін. Алайда реті келгенде сөзімді жұтпай, әзілге де ерік беріп қоямын. Мұxаң да егер жаңсақ кеткенін білсе, кімнен де болсын кешірім сұрай алады. Бірақ өзінің өзгермейтін ұстанымдары тұрғысында айтысып ешқашан жеңе алмайсың. Ондай айтыс үстінде Мұxаңның алдындағы үстелді бір ұрып қақ бөлген кезіне де куә болғанбыз.
Мұxаң менің қателескенімді өзіме мойындатып алғаннан кейін: «Мен бұл ойымды олардың өздеріне де айтқанмын, – деді. – Қайбір жылы Астанаға іргелес бір жерде өңшең діндарлар бас қосқан жиын болды. Сол жиынға мені де шақырды. Бардым. Аппақ болып киініп алған діндарлар қаз-қатар тізіліп, шіреніп отыр. Барлығы да бір-бір мешіттің көсемдері. Маған сөз берген кезде: «Діннің абыройын құлдыратып біттіңдер. Бұл күнде бір таза молда жоқ. Барлықтарың да көздерің сүзіліп, кім не берер екен деп қалтаға қарап отырасыңдар», – дедім. Бәрі үнсіз қалды. Кейін біреуі қасыма келіп: «Мұxа, дұрыс айтасыз. Біз ит болып кеттік», – деп мойындады», – деген Мұxаңа бұл жолы қарсы уәж айта алмадым.
Есіме екеуміздің Қадір түнін қарсы алу үшін орталық мешітке барғанымыз түсті. Әбсаттар қажы және өзге де бір топ ұлт зиялыларымен бірге шай іштік. Дастархан сіресіп тұр.
Ол кезде Мұxаң екеуміз мешітке жиі баратынбыз. Әбсаттар қажы қонақтары бізді онша ұната қойған жоқ. Ұнатпайтын да жөні бар. Көбісі Мұxаң ұдайы тілге тиек етіп жүретін «туфли жалағыштар».
Әбсаттар қажы Қадір түні туралы уағыз айта келе: «Бұл түні барлық періштелер жерге түседі. Олар жер бетінде таң рауандап атқанға дейін болады. Таң атып келе жатқан кезде ұлық періште Жебірейіл барлығына қарата: «Қайтыңдар, қайтыңдар!» дейді екен», – деді де, қонақтарының ыңайын байқаған соң: «Мұxа, сіздер қашан қайтасыздар?» – деді. Мұxаң: «Біз сол Жебекең қайтқан кезде табанымызды жалтыратамыз», – деді.
Содан бері қаншама су ақты. Діни басқарма басшылары алмасты. Бірақ... Ол енді бөлек әңгіме.