«Астана - Өскемен» бағытындағы "Тальго" пойыздарының қатынауы неге тоқтатылды?
2018 ж. 16 тамыз
3516
0
Редакциямызға көптеген тұрғындар хабарласып, жолаушылар тасымалы саласындағы түйткілді мәселелерді көтеруді өтінген еді. Сондағы мәселе, Астана мен Өскемен арасында қатынаған "Тальго" пойыздарының тоқтап қалуының себебін анықтап беру.
Естеріңізге салсақ, «Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушылардың сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында 2014 жылдың 14 желтоқсанынан бастап «Тұлпар-Тальго» вагондарынан жасақталған «Астана-Защита» (Өскемен) бағытындағы №68/67 жолаушылар пойызын жіберген болатын.
Құрам аптасына үш рет қатынаған. Пойыз 23 вагоннан тұратын, оның ішінде 19 «Турист», 1 вагон ресторан, 1 вагон-бар және 2 техникалық вагон.
Құрам Ерментау, Екібастұз-1, Павлодар, Ақсу-2, Дегелең, Семей, Шар станцияларына аялдап, осы өңірдегі халыққа тиімді тасымалдаушы көлікке айналған еді. Өскеменге дейінгі жол небары 16 сағат 50 минутты, қайтар жол 16 сағат 45 минутты құрайтын.
Енді белгісіз себептермен «Астана-Защита» (Өскемен) бағытындағы жүрдек пойыз қатынуын мүлдем тоқтатты.
Қазір Астанадан Өскеменге, Өскеменнен Астанаға пойыз арқылы қатынағысы келген жұрт бұрыңғыдай 25 сағат жол жүреді.
Тәуелсіздік алған ширек ғасырда еліміз әлі күнге дейін өз темір жолын жөнге келтіре алмағаны, әрине, көңілге мұң ұялатады.
Ал, "Тальго" пойыздары үшін Астанадан Өскеменге дейін тартылған шойын жолға қанша қаражат жұмсалды? Сонда бұл қаражат желге ұшқаны ма?
Біз осы сауалдарға жауап іздеп "Жолаушылар тасымалы" АҚ қоғамының баспасөз қызметіне хабарласпақшы едік, алайда мекеме сайтында баспасөз қызметінің телефоны көрсетілмеген. Бұл мекемемен хабарласудың өзі мұң екен. Дегенмен, сайттағы кері байланыс құралы арқылы сауалымызды жолдадық.
Сауалды алған-алмағаны да беймәлім, осымен бір аптаға жуық уақыт өтті, мекемеден ресми жауап әлі келмеді.
Тіпті, сайтта осы мәселені көтерген халықтың сауалына да жауап бермейді (скриншот). Халықпен байланысы жоқ мекеме халыққа қалай қызмет көрсетеді сонда?
Біз Астана мен Өскемен арасында "Тальго" пойыздарының қатынауы үшін бюджеттен қанша қаржы бөлінгенін ресми түрде жариялауды талап етеміз!..
qazaquni.kz