ШӘМШІГЕ АЛМАТЫДА НЕГЕ ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛМАЙДЫ?
2018 ж. 15 тамыз
3561
0
Бүгін, 15 тамыз «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың туған күні, тірі болса 88 жасқа келер еді. Ол шын мәнінде аты аңызға айналған қазақ сазгері, Қазақстанның қазіргі әнұранының авторы. Атыраудан Алтайға дейінгі Ұлы дала кеңстігінде Шәмші әндерін білмейтін қазақ жоқ шығар.
Зерттеушілер композитордың 350-ге жуық әні бар дейді. Осындай ән әлемінің алып тұлғасына Алматыда әлі күнге бір ескерткіш бұйырмай келеді. Оншақты жыл бұрын зиялы қауым бастамасымен ескерткіш орнату мәселесі қолға алынған. Сол кездегі Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетов «Қазақстан» қонақүйінің күншығыс бетіндегі парктен орын да дайындатқызған (суретте). Сол жерден Шәмші Қалдаяқов көшесі де өтіп жатыр. Бірақ әкім ауысып кетті де мәселе сол күйінше жабулы қалды.
Шәкеңе ескерткіш әлі күнге орнатылған жоқ.
Бүгінгі туған күнінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке, оның бірінші орынбасары Арман Қырықбаевқа зиялы қауым атынан өтініш жасағым келеді. Әйгілі композитордың енді екі жылдан кейін аталып өтілетін 90 жылдығы қарсаңында Шәмшіге арнап кешенді іс-шаралар ұйымдастырылғаны жөн. Ол Мемлекеттік Әнұранымыздың авторы ғой. Республика Сарайына аты берілсе де көптік етпейді. "Қазақстан" қонақүйінің артындағы шағын паркке Шәмші аты қоса беріліп, сол жерге Шәмші ескерткіші бой көтерсе ұлттық мәдениетіміздің асқақтауы болмай ма? Ұлтқа қызмет ету ұлт жұлдыздарын ардақтаумен жалғасқаны жарасымды.
Кім Алматыда Шәмші Қалдаяқов ескерткішін ашу туралы идеяны қолдаса постқа пікір қалдыруын сұраймын. Сонда бұл қалалық әкімшілікке бәріміздің ортақ өтінішіміз болып табылады.
Марат Байділдәұлы, Қазақ үні