«Адамзатқа бүгін біз тіл қатайық...»
2018 ж. 14 тамыз
3589
0
«Есіл ағады» кітабын оқығаннан кейінгі үзік ойлар
Үміт жырын үкілеп таланты ердің,
Бата тілеп балаңа қанат бердің.
Боз даланың жусаны қуат берген,
Бозторғайы сен едің Арап белдің.
Ғалым ақынның жырларына бала кезімізден қанығып өстік. Балалық ұғымымызда ақындардың бәрі Алматыда тұрады деп ойлайтынбыз. Ал мына ақын Жаңаарқада, ауданның басында тұрады. Аудандық газеттің сенбілік нөмірі апта сайын поэзия бетін беретін. Онда Ғалым ақынның өлеңдері жүреді:
Арқаның ауа көшті аңызағы,
тамылжып жеткен кезде тамыз әні.
Мезгілсіз жел ұшырған жапырақтай,
Бір жазы өмірімнің тағы ұзады...
Ғалым Жайлыбай шығармашылығымен таныстығым осылай басталған... Ғалекең жырларының майда қоңыр үні, күмбір-күмбір кісінеген арда күреңнің жусанды даладағы дүбірі, тым-тым алыстарда қалған сағыныштың таусылмас сазы адам жанына ерекше қуат береді. Сол бір қоңыр әуен, құмбыл сырға толы ақ уыз жырлардың астарында жүрекпен ғана сезінер сақи даланың бекзада болмысы, сол даланы мекендеген көшпенді елдің көшелі, көрегенді ойы санаңызға өшпес сәуле ұялатады...
«Шөлейттеу жердің шөбі едім,
Шөліркеп әлі келемін,
Ақ жаңбыр мінез өлеңім,
кезертпей еріндерімді,
Құйып бір өтсе деп едім.
Сүмбіле соңы – сары тамыз,
Сары тамыз, тілден бал тамыз.
Сарғайған шығар алқаңыз,
Сарғайтып мені сәуірде,
Сағым боп кеткен қалқа қыз...
...Ботадай жырым боздап жүр,
Боталы зарын қозғап жүр,
Мазала мені, Мағжан-жыр,
Айнамкөз армандарымдай,
Арқаға жауған ақ жаңбыр... »
Ғалым ақынның туған жері, біздің ауылдан салт атпен жүрсе, бір күндік жер. Екі ауылдың жайлауы жалғасып жатыр. Жатаған құба белдері мен ақ селеулі абыз даланың реңкі бір келкі.
Бетегесі мен жусаны, баялышы мен кермегі, тарлауыты, ащылы-тұщылы жайылымы, қызғалдағы мен сарғалдығы, тобылғы, қарағанына дейін ұқсас тұтасып жатқан Арқаның айбоз даласы... Маған, бәлкім мен сияқты Арқа қазағына Ғалым ақынның жырлары сондай ыстық, таныс болуы табиғат ананың осындай қасиетін сезініп өскендіктен болар...
***
Біз көрмеген көп екен наза-қайғы,
ҚарЛАГ жайлы жырладың, Аза жайлы.
Кең даланың кекілді перезентін,
Адамзаттың тағдыры мазалайды.
Содан бері ұзақ жылдар өтті. Ғалым ақын Жаңаарқадан Жезқазғанға кетті. Одан әрі Алматыға қоныс аударыпты. Қуандық. Нағыз ақын Алматыда тұруы керек дедік. Ақыны көп Алматыда Ғалекең шын мәнінде көсілді. Көптің бірі емес, көштің алдында жүрген айтулы ақынға айналды. Арманымызға алау болған Ғалекеңнің аңызақ жырлары бірте-бірте адамзаттық кеңістікке қанат қағып бара жатты...
Ол туралы ақынның өзі былай дейді:
«Қалса да өлең ауылға,
Бауырға ұнап,
Сан шағылды тірлікте тауым бірақ...
Көк зеңгірдің айналып ақ бұлтына,
Туған жерге нөсер боп жауу мұрат.
Зымырап күн зуласа,
Жалғасып таң,
Армандарым ақберен алға асыққан.
Сарыарқаның мен де бір ойлы өзені,
Жетісудан арна іздеп жолға шыққан.
Аққуы арлы жігітпін,
Бесік көрген.
Өміріме өлеңді несіп көргем.
Жырларымның жұлдызын жандырам деп,
Алматыға Арқадан көшіп келгем.
Жүк түсірер жүрекке,
Шаттық аса,
Жеті өзенім жарады жатсымаса,
Тай бәйгеде танылып қалған жүйрік,
Аламанда айып па бақ сынаса?!
Өліараның алдында жел тұрған-ды,
Отың болса үрлет те,
Серпіл мәңгі.
Бойға сіңген ақ сүтпен Адалдықтан,
Өтем деген айнымай сертім бар-ды».
Ақынның бойына ақ сүтпен дарыған қасиет өз қуатын жоғалтпақ емес. Ана сүті – адамгершілік ізгі қасиеттердің қайнар бұлағы. Ғалым ақынның жырларын оқыған сайын осы бір ой санаға жиі оралады. Бұл туралы Мағжан ағасының рухымен сырласқанда ақынның азаматтық ұстанымы барынша ашыла түседі.
«Өзің де өр толқынсың, Мағжан-аға,
Соғылған екпініңмен жар-жағаға.
Заманның адал жүгі ақындарда –
Адамның адамдығы арда ғана.
...Ертеңдерді кешеге жалғай өтем,
Жалғай өтсем қалайша жанбай өтем.
...Сізді қуған толқындар тынып ақтық,
Бізді қуған толқындар қандай екен?!»
Өз мұңын – халық, адамзат мұңынан жоғары қою ақындыққа тән қасиет емес. Ғалым ақын алаңдаған кейінгі толқын қандай екен?! Баз біреулер айтып жүрген жылауық жырлар, дүниеден баз кешу, жалғыздық, сары уайымға берілу сияқты сипаттарға жас толқынның үйір болуы неліктен.
Адамзаттың өксігі – ақынның мұңы. Бұл әлімсақтан келе жатқан хас ақынға тән қасиет. «Мен ішпеген у бар ма?» (Абай), «Қара қазан, сары баланың қамы үшін» (Махамбет), «Қызыл тіл, қолым емес кісендеулі» (Мағжан) деп Алаштың ұлы ақындары бекер күңіренген жоқ. Ғалым ақынның «Қашқан теңіз», «Жетім құлын», «Қара орамал» жыр-хамсалары тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ қасіретін әйгілейтін қуаты биік туындылар. Ақынның өзекке от салған өршіл жырлары «Есіл ағады» жыр кітабында былайша өріліп жатады:
«Мен білмедім,
Білмеске намыстандым,
Азуынан сақтай көр Арыстанның.
Қайғы-мұңнан байланып қалған тілім,
Айдынымнан айналып бақ ұшқан күн.
Мұнаралар мұнартса мұңға асылып,
Мына дәурен басына тұрмасын ұқ.
Теңіз қашқан...
Тағыда неміз қашқан,
Теңіз қашса бітеді құмға сіңіп.
Темекі деп шеккенім наша ма екен,
Ой айтпайды бұл ақын аса бөтен.
... Баласынан анасы қашқан кезде,
Жағасынан теңіз де қашады екен».
Жер бетінен Арал теңізінің жоғалуы, бұл қазақтың ғана емес, әлемнің қасіреті екенін эколог ғалымдар әлдеқашан айтқан. Аралынан айырылған Алаш анасына тағдырдың берер сыбағасы әлі таусылмапты...
«Айдарынан жел еспей кекілдінің,
Еңку шалды еңіске екінді күн.
«Протонның» уынан енесі өлген –
Көлеңкеде жылайды жетім құлын.
... Еңку шалса еңіске екінді күн,
Шемен күйін шертеді шетін мұңым.
Күн-керуен соңында соры қайнаған –
Жесір әйел, жегі жел, жетім құлын.»
Ақын – Алаш анасының перезенті. «Егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып» Махамбеттер де өз заманының зобалаңымен күресіп өткен. Дәл қазіргі қазақ қоғамында сыздауықтай ушығып тұрған осындай кеселдер ақын санасында шиыршық атып, қараша халықтың арман-мұңын жалғанның жарығына отты жырлары арқылы әйгілейді...
***
Жанарыңды талдырып сағым қырға,
Жүрегіңді орадың жалын-нұрға.
Көкжиекті бетке алып, көш түзедің,
Мағжан жырдан айналып, Ғалым жырға.
Мағжан жыр... Бұл Ғалым ақынның қазақ поэзиясы лексиконына әкелген сөзі.
«Мазала мені, Мағжан-жыр», - деп жүрген ақынның өзі қазақтың Ғалым жырына айналып бара жатқанын сезе ме екен?! «Есіл ағады, Есіл ағады, Мағжанның жүйрік жырындай», - деп қазақ поэзиясының маңғазы Мағжан ақынды өзіне пір тұтып жүрген Ғалым Жайлыбайдың өзі бұл күнде
көкжиекті бетке алып, көш түзеген, қазақ поэзиясының ардакүрең ақынына айналды.
«Толқынды толқын қуады»,- демекші кешегі Сәкен, Мағжан, Ілиястар салған көш-керуен Мұқағали, Қадыр, Тұманбай болып жалғасты.
Сол тегеурінді толқынның ізін басқан талантты шайырлардың ішінде ақын Ғалым Жайлыбайдың да өзіндік үні, өзіндік әлемі жыр сүйер қауымның өрелі өрісіне айналды. Әсіресе, кейінгі жылдары дүниеге келген «Ақ сиса», «Қара орамал», «Тама көшкен» поэмалары ұлтымыздың талайлы тағдырынан сыр шертіп, бүгінгі ұрпақ танымына әсер ететін тағылымы терең тарихи шығармалар дер едік. ҚарЛАГ қасіреті жайында жазылған «Қара орамал» поэмасында өзінің рухани досы, қазақтың біртуар азаматы Нұрлан Дулатбековке былай деп тіл қатқаны бар:
«Досым, Нұрлан!
Екеумізді бұл қайғы шошындырған.
Үрей, үміт сол маңда қосын құрған.
Адамзатқа бүгін біз тіл қатайық,
«Болмасын» деп әлемде тосын құрбан».
Арқаның аңызақ даласынан қанаттанып ұшқан ақын Ғалым Жайлыбай бүгінде мерейлі белеске көтерілді. Кемеліне келіп, көкжиегі кеңейген ақынды Адамзаттың беймаза мұңы мазалауы табиғи заңдылық. Өйткені нағыз ақынның азаматтық мұраты да Ізгілік атты мейірім бұлағынан бастау алары сөзсіз!
Қойлыбай Асанұлы,
Филология ғылымдарының докторы,
профессор
ҚР Мәдениет қайраткері
Қазақ үні