«ҚАЗАҚ ҮНІ» - БАР ҚАЗАҚ ҮНІ!
2018 ж. 11 тамыз
5861
0
«Қазақ үні» газеті алғаш «Жас қазақ үні» деген атпен 2000 жылы 11-тамызда жарық көрді. Кейін ұлт зиялыларының ұсынысымен 2013 жылы 1 қаңтардан бастап, "Қазақ үні" деген атпен оқырманға жол тартты.
«Қазақ үні» газеті республикаға белгілі қоғамдық-саяси ұлттық басылым. Біржақты басылымдар арасында өзінің өткірлігімен, әділдігімен рухани-мәдени терең сараптауларымен ерекшеленеді. Ұлт мүддесінің ұпайын түгендеп, Мемлекет мүддесін қорғау.
Парламент депутаттары Мемлекеттік тілге қарсы шыққанда, оның стенограммасын жариялап жіберген газеттің сең қозғаған сенсациялық мақаласы елімізді дүр сілкіндіріп, зиялы қауымның Сенат пен Мәжіліске Ашық хат жолдауына себепші болды. Оны көптеген баспасөз құралдары қатты қолдап кеткені белгілі. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақтанда» біртуар қайраткер Шерхан Мұртаза: «Кімнің кім екенін білгің келсе, тек «Жас қазақ үні» газетін ғана оқып, біле аласыздар» десе, «Қазақ әдебиеті» газеті: «Жас қазақ үні» бір мақаласымен-ақ ұйқыдағы жұртты оятты» деп жазды.
«Қазақ үні» газеті пен QAZAQUNI.KZ ұлттық порталы мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің шын мәніндегі азат тілге айналуы жолында күресіп келе жатқан еліміздегі бірден бір басылым екені көпке мәлім. Мақсатымыз – мемлекет мүдесін қолдай отырып, елге қажетті, әрі сапалы мақалалар ұсыну. Оқырмандарымыздың рухани тұрғыдан баюы жолында еселі еңбек ету.
Қазір «Қазақ үні» – бар қазақ үніне айналды. Сондықтан да электрондық порталымыз www.qazaquni.kz деп аталып отыр. Порталымыз бүгінде еліміздегі қазақтілді инернет басылымдары арасында рейтинг бойынша көш бастап тұр. Сондай-ақ, QAZAQUNI.KZ ұлттық порталы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай өткізген үздік қазақтілді интернет-сайт байқауының жеңімпазы.
"Қазақ үні" газеті мен QAZAQUNI.KZ порталы "Фейсбук", "Твиттер" сынды әлеуметтік желілерде де айрықша белсенділік танытып келеді. Мәселен, "Фейсбук" желісінде "Қазақ үні" газетінің екі парақшасы тәулік бойы ақпарат таратып, халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Басылымның президентінен бастап, барлық қызметкерлері әлеуметтік желіге тіркеліп, ақпараттарды шұғыл түрде таратуға атсалысып келеді. Әрбір газет қызметкерінің "Фейсбук" желісі бойынша кем дегенде 3000-5000-ға жуық жазылушысы бар. Егемен елдің дамуы жолындағы елеулі мақалалардың барлығы әрбір қызметкердің жеке парақшасында жарияланып, ел арасында кеңінен насихатталуына мұрындық болуда. Сондай-ақ, біздің басылымның әлеуметтік желідегі "Азаттықты қорғау", "Ел не дейді?" атты топтары да ел өміріндегі маңызды мәселелерді қаузаған дүниелерді халыққа жеткізу жолында тынбай жұмыс істеуде.
11 тамыз – «Қазақ үні» газетінің туған күні! Осынау атаулы күнге орайосыдан 19 жыл бұрын алғаш рет оқырманға жол тартқан тұста Халық қаһарманы Қасым Қайсенов бастаған алдыңғы буын ағалардың жүрекжарды лебізін оқырмандардың назарына ұсынғанды жөн санадық.
qazaquni.kz