Елбасы Қытайдағы қазақтардың мәселесін реттеуді тапсырды
2018 ж. 07 тамыз
15472
1
ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытайдағы қазақтар мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сыртқы істер министрі Сайрагүл Сауытбайдың бостандыққа шығуы Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасына ешқандай салқынын тигізбейтінін атап өтті.
"Барлық мәселе құқықтық негізде шешіледі. Екі елдің қарым-қатынасына ешқандай салқынын тигізбейді", — деді Әбдірахманов.
Оның айтуынша, Шыңжаң ұйғыр автономиялық билігі 625 этникалық қазаққа Қазақстанға баруға тыйым салған.
"Қазір Қазақстан үкіметі Шыңжаң ұйғыр автномиялық билігі 625 этникалық қазақ үшін Қазақстанға шығуға қойған шектеуді жою мәселесін қарастыруда. 2018 жылғы 7 тамыздағы мәліметке сәйкес, Қазақстанның шетелдік мекемелері мен сыртқы істер министрлігіне жүгінген, Қазақстанға уақытша шығуға шектеу қойылған 19 азаматтың 15-і босатылды. Сондай-ақ қос азаматтық үшін ұсталған барлық 12 адам босатылды", — деді ол.
Министр ведомствоға Қытайдан көшіп келген және үнемі Қазақстанда тұратын этникалық қазақтардан бірнеше мәселе бойынша өтінімдер түсіп жатқанын айтты.
"Біріншіден, Қазақстан азаматтарының қос азаматтық үшін ұсталуы. Екіншіден, Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар Қытай азаматтарының ұсталуы. Үшіншіден, Қазақстан азаматтығын қабылдаған және Қазақстанда үнемі тұратын этникалық қазақтарға Қытайдағы зейнетақы жинақтарын беруін тоқтату туралы мәселе. Қазіргі таңда қос тарап осы мәселені шешу үшін тығыз жұмыс істеуде", — деді ол.
Сонымен қатар министр Мемлекет басшысының қытайдағы қазақтардың мәселесіне қатысты нақты тапсырма бергенін де тілге тиек етті.