Қазақтар ұйғырлардың бір тармағы емес
2018 ж. 25 шілде
20437
0
Күні кеше «zhasalash.kz» сайтында «Күрес Атахан: қазақтар – ұйғырлардың бір тармағы» атты материал жарияланды. Түпнұсқасы «hoylam.net» сайтында жарық көрген аталмыш материал «Ұйғыр-Қазақ бауырларға хат» деп аталған екен. Қытайдағы қалың ұйғырдың талайлы тағдырын сөз ете келе президент Нұрсұлтан Назарбаевтан араша сұраған тарихшы сөз арасында қазақтарды ұйғырлардан тараған, ұйғырлардың бір тармағы дегенді де қыстыра кетеді. Езуімізге күлкі үйірген бұл деректің шындыққа жанаспайтынын белгілі тарихшы Қали Ибрайымжанов айтты.
Сонымен жауап:
Күрес бауырым, арғы-бергі тарихты бір шыбықпен сыпырып, қазақты ұйғырдан таратқан «сенсацияңа» жол болсын! Түбі бір Түркі екеніміз рас, бірақ ол қазақты ұйғырдан тарату дегенге саймайды. Себебі, ежелгі грек, қытай, парсы, бертін келе орыс шежірелерінде жоқ деректі қайдан ойлап таптың? Кеңестік қызыл империя отаршылдықтың сұрқия саясатының арқасында Түркі текті МОҒОЛДЫҢ тарихын, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «моңғолға» теліп әлемдік дау тудырып, әлі күнге осы бір келеңсіз жайттан арыла алмай жатқанда, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықтының» кері келіп, сол бір «алтын жіптің» жалғасы өзіңіз болып, бүкіл қазақтың тарихын енді телімеген ұйғыр қалды ма? Не сонда қазақ ұлты, Қазақ мемлекеті және оның тарихы кім көрінгеннің ойыншығы болғаны ма? Жоқ әлде «күлшелі бала сүйменді» дегендей, көздерінің құрты болған байтақ даламыз бен ерекшелігімен әлемді таңқалдырып жүрген салт – дәстүр, әдет – ғұрыптарымыз ба? Сол үшін де біздің жомарттығымыз бен қонақжайлылығымызды пайдаланып, өздерін зор, бізді қор санағаны ма? Неге осы кім көрінген бізге «аға» болғысы келе береді? Ал, енді тыңда Күрес бауырым, мен білетін ұйғыр тарихы былай, өзің айтқандай Оғыздан бастайық:
Күрес Атахан
Сонымен, хикаямыздың басын сонау орта ғасырларда Селенга, Орхон, Тола өзендерінің бойында құрылып 745 – 840 жылдар аралығында өмір сүрген Ұйғыр қағанатынан бастайық. Ол Көктүріктер құрған Екінші Түрік қағанатының орнында пайда болды, астанасы Орхон өзені бойындағы Қарабаласағұн қаласы еді. Алғашқы қағаны Пейло (745 ж.), кейін мұрагерлікпен оның баласы Мойыншорға беріліп, ол 746 – 759 жылдар аралығында билік құрды. Аталмыш қағанат билігін тоғыз оғыздар (кейде сегіз оғыз) тайпалар бірлестігінің шонжарлары жүргізіп отырған. Сол бір тарихи кезең аясында Орталық Азия мен Монғол үстіртінде тіршілік етіп, саяси билікке иелік еткен, бір – біріне қарама – қарсы түркі текті екі тайпалық одақ өмір сүрген болатын:
1) Түрік атауын иеленген түрік – қыпшақтар.
2) Тоғыз оғыз бірлестігі.
Өз атауы айтып тұрғандай «тоғыз оғыз» - сөзі этникалық есім емес, саяси атау. Бұндағы қыпшақтар (Ашина) аталық билеуші әулетті құрайды, себебі, олар ежелгі түркілер түсінігінде «Тәңір текті», «Тәңірден жаратылған әулет», ал тоғыз оғыздар аналық әулетке (Ашидэ) жатқызылып, арғы тегі «Ғұндардың қыздарынан таралған» деп танылған. Және де көне тарихи мәліметтерге жүгінсек, Түркі қағанатындағы Бумын, Елтеріс, Күлтегін, Тоныкөктің қарамағындағы ұлыстардың бірі осы қыпшақтар болған. Түркі қағанатын сатқындықпен қан қақсатқан ұйғыр ханы - Мойыншордың моласындағы құлпытаста «Түркі қыпшақтар бізді елу жыл биледі» - деп жазылған дерек те бар. Сонымен қатар біршама тарихи мәліметтерді бізге жеткізуші қытай жылнамашылары, оған қоса «Түркілер ғұндардың тікелей ұрпағы еді» дегенді де жазып қалдырған. Және де 732 жылы Қытайдан қуылған манихейлік дін иелері ұйғырлар ортасынан жақтастар тауып, билік үшін таластағы ішкі соғыста Моянчур идықұтты қолдап, оның билікке келе салысымен манихейліктің ықпалындағы ұйғыр қоғамы, аталмыш дін қожалық еткен теократиялық мемлекетке айналады. Бас – аяғы бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен Ұйғыр қағанаты 840 жылы жарты ғасырға созылған Енисей қырғыздарымен болған соғыста күл – талқан болып жеңілді.
Тәуелсіздіктен айырылған тоғыз оғыздардың (ұйғырлардың) бір бөлігі (15 аймақ) Алтай мен Тарбағатайға ауып қарлұқтардың құрамына қосылса, қалған жартысы Шығыс Түркістан мен Ганьсу өңіріне қоныс аударуға мәжбүр болды. Ұйғырлардың қаңырап, құлазып қалған жұртына біртіндеп, монғол тілді тайпалар көшіп келіп қоныстанып, шаруашылығын тіктеп тұрақтап қалды. Әлгі орыс тарихшылары айтқан «бір-ақ түнде жер жұтқандай ғайып болған Жетісу мен жоңғарияның жауынгер ұйғырларының» тарихы мүмкін осы болар....
Алайда уақыт өте келе есі кіріп, етегін жиған ұйғырлар өздерінің жаңа Отандарына тез бейімделіп, Тұрфан, Қарашар мен Құша сияқты шұрайлы да берекелі, отты да сулы тіршілікке қолайлы аймақтардың жергілікті халқымен қоян-қолтық араласып кетті. ІХ ғасырдың соңғы ширегінде Тянь – Шань тауының теріскейінен бастап орасан зор аймақтағы отырықшы жұрттар, көшпенді жауынгер түркі тектес тоғыз оғыздардың даңқты атын иеленіп, бұдан былайғы тірліктерінде «Ұйғыр» сөзі басымдыққа ие болып, жиі қолданысқа ене бастағандығы байқалады.
Бұндағы бізді таңдандыратын жағдай, осынша аймақты қамтып жатқан тұрғындардың әлеуметтік құрылымы, олар: көпестерден, қолөнершілерден және диқаншы – бағбандардан тұратын мүлдем басқа ел – жұрт еді. Бұл дегеніңіз - өздері айшықтап есімін иеленген жаужүрек көшпенділерге еш ұқсастығы жоқ, жаңа халықтың қалыптасуымен ерекшеленеді. Тегі жағынан әртүрлі этностардың бір-бірімен етене араласқаны сонша, Тұрфан өлкесінде мәдениеттің өзгеше бір, басқаға ұқсамайтын будан түрі қалыптасты.
...Неліктен? Қалай ойлайсыз, неге бұлай болды? Ежелгі демекші, бұл сұраққа көне шежірелерден жауап іздеп көрелік. Ендігі әңгіме арнасы өзгеріп ежелгі дүние, яғни, біздің заманымыздан бұрынғы уақыт, әлем туралы болмақ. Ол үшін біз әңгімемізді Сақтар тарихынан бастаймыз. Енді, Ұлы Сақ ұлысының патшайымы Тұмар (Томирис) мен Парсы патшасы Кир (Құрыш) арасында болған қанды шайқасты есімізге түсірейік. Алапат қантөгіс басқыншы, ашкөз, қанқұмар Кирдің Сақ ұлысының аймағындағы Талас даласында ажал құшуымен аяқталады. Оның кесілген басын жиіркене ұстаған сақ патшайымы Тұмардың «Іздегенің қан еді! Іш ендеше...» деп, қан толы торсыққа батырып тұрып айтқан сөзі, мыңдаған жылдарды артқа тастап, олардың тікелей ұрпағы қазақтарға, яғни, бізге де сол қалпында жетті. Міне, өзіңіз көріп отырғандай асқақ рух пен өшпес ерліктің халық жадында мәңгі сақталып ұрпақтан – ұрпаққа беріліп, ешқашан өшпейтініне ата тарихтың куә екендігі дәлел.
Ақыры ел-жұртымен ақылдасқан үлкен талқылаудан соң Тұмар патшайым Гуштасп деген қызметші құлдың баласы Дарьяушты (Дарий) қуыршақ патша етіп тағайындайды. Оған қоса болашақта қантөгісті болдырмаудың алдын алу үшін, көшпенді халықтарда бағзы заманнан келе жатқан жосық «Аманат алу» тәсілін пайдаланады. Бұл дәстүр бойынша қатар орналасқан мемлекеттердің билеуші әулеттері өзара бір-бір адам немесе тұтастай бір руды «аманатқа» беретін, осы «Аманат» адам немесе ру сол - екі ел арасындағы бейбітшіліктің нақты кепілі қызметін атқарған.
Сөйтіп, ата-баба заңын ұстанған Патшайым ойсырай жеңілген Парсы елінің адамы ең көп «Пасарғады» аталатын руының жартысын «аманатқа алып» көшіріп әкеліп, мемлекеттің шеткі екі аймағына бөліп қоныстандырады. Ал, осы аманат жұрттың сол кезеңдегі айналысатын шаруасының негізгі екі түрі де Сақтар тарапынан нақты белгіленіп берілген екен:
1) Саяси салада құрбандыққа ілінгендер (екі ел арасындағы саяси, даулы мәселелерді шешуде пайдаланылған)
2) Егіншілікті меңгерген диқан болуы, яғни, патшайымның елін астықпен, жеміспен, т.б. керек – жарақпен қамтамасыз етуші қызметшілер.
Енді, шаруа жағдайы айқындалған соң олардың орналасқан жеріне келсек, осынау аманат жұрттың бір бөлігін қазіргі Тәжікстан мемлекеті жеріне, екінші жартысын Қашқар өңіріне бөліп орналастырған екен. Міне, бұдан шығар жаңалықты өзіңіз де түсініп отырған боларсыз – демек, Тәжікстандағы тәжіктер мен Қашқардағы ұйғырлардың арғы аталарының бір туғандығын және олардың осы бір аласапыран заманда атажұртынан ауып келген «аманат елдің» үрім – бұтағы екендігін. Тәжіктер өз жері мен руластарынан айрылса да, Иран әлемінің бір бір қиыр шетінде жатқандықтан, рухани байланыс үзілмей өздерінің тілін сақтап қалды, ал Қашқардағы руластары кейіннен: қашқарлық, тараншы, сарт т.б. аталып бұрындары түркі текті «яғлакардың» есімін иеленсе, кейіннен ана тілдерін ұмытып, біржола түріктеніп кеткендіктен Совет заманында ұйғыр атанған еді.
Тағы бір көңіл аударарлық келелі мәселенің бірі «аманат халықтың» түркілену үрдісінің өту барысы жайында болмақ. Демек, пасарғады жұртының түркіленуі тым ұзаққа созылып, ғасырларға ұласқан. Түсінікті болу үшін толығырақ баяндар болсақ: б.з.б. І мыңжылдықтағы Қазақ жерін, Орталық Азияны, Ауғанстан мен Солтүстік Үндістанды мекендеген Сақтар дәуірі, Соғды мемлекетінде, ежелгі Тұранда билік құрған Алып Ер Тоңға заманы (Афрасиаб), Ұлы Қытай қорғанын салдыртқан – Тынық мұхит пен Каспий теңізі аралығында, Үндістан, Иран, Ауғанстанға дейінгі ұлан байтақ аймаққа қожалық еткен – Ғұндар, Қазақ жері мен Орталық Азияда, Арал теңізіне дейінгі және Иранмен одақтаса жүріп Эфталиттерді (Ақ ғұндар) бағындырған – Түркі қағанаты, одан бергі Түркеш, Қарлұқ, Қарахан қағанаттары дәуірлері мен Қыпшақ хандығы, Шыңғысхан замандары, тағы сол сияқты аталмыш уақыттың барлық кезеңіндегі билік басында тек қана Түркі – қыпшақ (Ашина) әулеттерінің үстемдік етуі. Міне, осыншама ғасырлар аясындағы түркілену үрдісі үнемі өзінің жалғасын тауып, күнделік өмірдің ажырамас бір саласына айналған еді. Сонымен Сақ заманында аманатқа келген жұрт, яғни, кейінгі «жаңа ұйғыр халқы» б.з. VІІ ғасырында Сулэ ескі атауымен бірге жаңа аты Каша, яғни, Қашқар болып Тан империясының картасына түскен Батыс өлкені мұра етіп алып, Х ғасыр басында Тұрфан, Қарашар, Қашқар және Ярқанд аймағы толық түркіленіп ақыр аяғы - Шығыс Түркістанға айналып шыға келді.
Одан бергі Ұйғырлардың тарихы, әрине, әлемдегі барлық елдер шежіресінде жазылғандай көптеген діни сенім жікшілдігінен, ішкі алауыздықтан, тектік айырмашылық пен ішкі – сыртқы саяси, экономикалық, әлеуметтік қарым – қатынастардың әсерінен ірі қақтығыстарға тап болып, одан әрі үлкен қантөгістерді де туындатып отырған. Мәселен, мына бір фактіге көңіл аудара кетейік. Әкесі Қашқарда туып өскен, Қарахан дәуірі тұсындағы әміршілердің бірі Ибн Әлидің ұрпағы, түркі халқының аса дарынды перзенттерінің бірі, әйгілі «Диуани лұғат ат - Түрк» шығармасының авторы Махмұд Қашқари Қарахандықтардың ұйғырларды шабуын былай деп суреттейді:
Кеме ішіне отырып,
Іле суын кештік біз.
Ұйғыр жаққа бет қойып,
Мұңлық жұртқа астық біз.
Байрақ байлап аттарға
Ұйғыр жаққа тартарға.
Ұры – жауыз жаттарға,
Құс сияқты ұштық біз.
Селдетіп бір ақтық біз,
Кент үстінен шықтық біз.
Бұрхан үйін жықтық біз,
Бұрхан үстіне шықтық біз!
(Шу батыр\\ Екі мың жылдық дала жыры. Алматы. 2000. 93 бет.)
Бұдан кейінгі ұйғырлардың тарихы жарты әлемді тітіреткен Шыңғыс хан заманымен астасып жатыр. Оған қоса мұсылман көпестерінің бітіспес қарсыластары – несториан дініндегі ұйғыр көпестері Шыңғыс ханды ислам мемлекеттерімен соғысқа итермелеп отырғандығын қосыңыз. Одан бергі шежіре ХІV ғасырдың ортасына қарай құрылған Моғолстан мемлекеті тарихымен етене байланысқан. Оның себебі Моғолстанның оңтүстігі - Ферғана уәлаяты мен Қашғар, Ақсу, Шалыш және Тұрфанмен шектескен еді. Шағатай ұлысы ыдырағаннан кейін, Тоғылық Темір ұрпағының билікке келуі, одан бері Моғолстан ханы Есен Бұғаның, бабалар дәстүрін жаңғыртып Батыс Түрік қағанатының қара шаңырағына ту тіккен - қазақ сұлтандары Керей мен Жәнібекті құшақ жайып қарсы алуына ұласады.
Жаулаушылық саясат арқылы әлеуеті асқан, ХVІІІ ғасырда біршама саяси және экономикалық өрлеуге ие болған Жоңғар хандығы Тибетті, Шығыс Түркістанды және қырғыздардың біраз бөлігін өзінің қоластына бағындырған еді. Сол ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында (1758 ж.) Қазақ сарбаздары мен Цин империясының қыспағында қалып, қырғынға ұшыраған жоңғарлар енді қайтіп бас көтерместей болып тарих сахнасынан мәңгіге жойылды. Иә, қазақ атамыздың «Неге құмар болсаң, ажалың содан» деген сөзі тегін айтылмаған – ау, сірә! Осы сәтті тиімді пайдаланған Қытай үкіметі Жоңғар хандығының жер аумағы мен Шығыс Түркістан өңірін өз иеліктері деп жариялайды. Содан, иесіз қалған жоңғарлар мекеніне тараншыларды, яғни, Тұрфан, Ақсу және Қашғар, Хотан тағы басқа өлкелердегі ұйғырларды күштеп әкеп орналастырады. «Тараншы» - егінші, диқан деген, мағынаны береді, ондағы бірінші міндет – қытайларды астықпен қамтамасыз етіп тұру болатын. Сөйтіп, Маньчжур Цинь әулетінің қоластына қараған ұйғырлар ХІХ ғасырда отарлық езгінің өктемдігіне шыдамай, отаршыл биліктің озбырлығына қарсы 1862 жылы дүнген халқымен бірігіп, азаттық күресіне шығады. Қарулы күрес барысында Қоқан хандығынан келген әскери көсем Якуб бек жеңіске жетіп 1864 жылы Қытайдан бөлініп, Қашқар мен Үрімші қалаларында дүнгендік одақ басшылық еткен Ұйғыр (Жетішар) мемлекетін құрады. Жылға жетпес мерзім ішінде енді билік үшін ауызбіршіліктен айырылған дүнгендер мен ұйғырлар алауыздыққа ұрынып өзара қырқысады. Сонымен ақырында ұйғырлар 1865 жылы Құлжада жеке тараншы сұлтандығын құрады. Әрине, Қытай да өз тарапынан тыныш жатпай біршама жылдарға созылған жазалау шараларын бастайды, бірақ, күш тең емес еді, көп ұзамай көтеріліс аяусыз басып жаншылды. Көтеріліс белең алған Жоңғария жері мен Шығыс Түркістан аймағы бұл қанды оқиғадан кейін, Цинь империясының жаңадан құрылған провинциясы - Шыңжаң (ШҰАР) яғни, қытайша Синьцзянь (жаңа шекара) деп аталды.
Петербургтағы 1881 жылғы Қытаймен болған келісім бойынша, Құлжа аймағындағы елдердің талап-тілектері ескеріліп Ресей аумағына көшіп қоныстануына рұқсат берілді. Нәтижесінде, Қытай үкіметінің қуғынынан, жазалауынан қауіптенген ұйғырлар (45 373 адам) мен дүнгедердің (4682 адам) біраз шаңырағы 1881 – 1884 жылдар аралығында біздің Жетісуға келіп қоныстанды. Олар көбінесе қазіргі Алматы облысына қарасы - Жаркент, Ақкент, Ақсу – Шарын, Малыбай, Қорамса және Қарасу жерлеріне орналасты. Қазіргі ұйғыр жұртының сол шақта Қытайда қалай аталғанын білмеймін, бірақ, Ресей империясы тұсындағы мына бір құжаттарда «ұйғыр» атауы кездеспейді. Сондай-ақ, империялық Ресей қоластындағы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Түркістан аймағында тұратын халықтардың ұлттық құрамы жайында зерттеуші М.Бейсенов «1897 жылғы Бүкілресейлік санаққа» сүйене отырып Түркістан өлкесін мекендеген халықтардың этностық ерекшеліктерін кесте бойынша мынадай етіп сипаттайды:
Кесте. Түркістан өңірі халықтарының этностық ерекшеліктері:
Этностар саны (пайыз) %
Қазақтар 952 061(64% )
Түркімендер 158 675
Сарттар 144 275
Қарақалпақтар 93 215
Өзбектер 64 235
Орыстар 44 834
украиндар 12 853
Одан кейінгі 1910 – 1912 жылдары жасалынған жерұйық Жетісудың жергілікті тұрғындарының халықтық есебі жайлы мәліметтерден ұйғырлар туралы деректі П.Румянцевтің екі бөлімнен тұратын «Тараншылар» деп аталатын бесінші кітабының бірінші бөлімінен табамыз. Онда Верный, Жаркент өңіріндегі тараншылардың (ұйғырлардың) – айналысқан шаруашылығы мен мәдениеті жайында баяндалады. Өздеріңіз көріп отырған кестеден де, П. Румянцевтің жазбаларынан да байқайтынымыз, нақты «ұйғыр» атауының ресми түрде бекітілуі патшалық Ресей құлағаннан кейінгі Кеңес билігі кезінде жүзеге асқан болуы керек.
Енді «сарт» - атауының мағынасын қарастырып көрелік. Алайда, белгілі ғалым Т.Жұртбайдың мәліметтеріне жүгінсек, ағамыз былай деп, тарқатады: «...Сарттар, яғни түркі тұқымына жатпайтын, сауда жасай келіп қоныстанып қалған көпестер тек қалада тұрған. Олар мемлекеттік бекзадалыққа көтерілмеген, тек мешіт арқылы ықпал жасауға тырысқан. «Сарт» деген сөздің шамданатын ештеңесі жоқ. Бұл тарихи жағдайға байланысты шыққан әлеуметтік топтың аты» деп, түйіндейді. («Дулыға» 1 том. Т. Жұртбаев, 338 бет). Бұған біздің алып – қосарымыз жоқ. Келесі кезекте Кеңес өкіметі тұсында болған мына жағдайға назар аударыңыздар, аталған тақырыпқа жанама мәлімет: «1962 жылдың жазында Қытайдан Қазақстанға мыңдаған қазақ пен ұйғыр отбасыларының көшіп келгені есімде. Ол кезде баламыз. Алғашқы жылы әр үй бір-бір отбасыны паналатты. Көшіп келгендердің балаларымен танысып, дос болып кеттік. Келер жазда совхоздың бүкіл халқы құрылысқа шығып оралмандарға шама-шарқынша үй салып берген. Қытайдың фонаригі, қытайдың алюминийден жасалған тиын ақшаларын сол кезде көріп едік. Сонда бір ұйғыр ақсақалдың, біздің үйден шәй ішіп отырып, «Біз өзіміздің ұйғыр екенмізді осы жаққа келгеннен кейін білдік. Арғы бетте, Қытайда біз тараншы едік, сарт едік» дегені есімде қалыпты. (Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы...2 бөлімі, Таласбек Әсемқұлов).
Иә, тарих дегеніміз түпсіз шыңырау түбінен бұрқылдап шығып жатқан қайнар секілді, оның құпиясы, қасиеті де тереңде. Содан бергі уақытта ұйғырлар кеңпейіл, жаны жомарт қазақ еліне тұрақтап, өсіп – өніп, қоян – қолтық өмір кешуде. Қазіргі тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатқан ұйғырлардың аталары сол бір ел басына күн туған ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде шекара асып келгендер еді... «Бізді жырақтатқан – сан мың жылдан бері жалғасып келе жатқан қалаласу процесі» деп мәймөңкелетпей-ақ қой. Сонау Сақ, Үйсін заманынан бері сіздер жансауғалап келген ХІХ ғасырдың соңғы ширегіне дейін де біздің атамекенде қалалар болған. Себебі Сыр бойы мен Жетісудағы біздің бабаларымыз жартылай көшпенді, жартылай отырықшы мәдениетте ғұмыр кешкен. Біздің дұшпандарымыздың көптеген сыңаржақ пікірлер айтып, кейбір шаласауатты кертартпалар қаншама кейін тартса да оның бәрін біздің Ата Тарих дәлелдеп берді. 2-3 мың жылдық тарихы бар көне Тараз, Түркістан, Сайрам, Алмату, Газгирд (Қазығұрт), Қазатлық, Отырар, Шауғар, Шойтөбе, Ақбешім, Қызылөзен, Шитөбе, Іле-Балық, Шу-Талас аңғарындағы 36 қала, одан бөлек батысымыздағы ондаған ірі қалаларды қайда қоясыз? Иә, тарихтың аты – тарих, оны өзгерту мүмкін емес. Өткенге салауат дегеннен басқа шараңыз жоқ!...
Міне, мен білетін ұйғыр халқының қысқаша тарихы осылай, «қандас» Күрес Атахан. Сізге бір ұсыныс – қиын-қыстау кезеңде ұйғыр халқына араша сұрауыңыз орынды. Оны теріс дей алмаймыз. Азаматтық, перзенттік парызыңыз болар. Бірақ та мынандай шала сауатыңызбен қазақ тарихына қол сұқпаңыз. Киесі атады. Бауыр, қандас, мұсылман болсаң – Жоңғармен болған Отан соғысында, Орыс пен Қытайдың отаршылдығына қарсы шығып біздің ата – бабаларымыздың қаны судай аққанда, басқаны қойып кешегі Желтоқсан оқиғасында қазақ жастары қыршыннан қиылып, қақаған қыста қызыл қанға боялғанда қайда болдың?! Жетісу мен Шелек жері үшін қашан, қай ата – бабаң қару алып жауға шауып еді? «Қазақ» сен айтқандай «жерден өніп шыққан жоқ» және ол сөз ешқандай да «кемсіту» мағынасын білдірмейді. «ҚАЗАҚ» - Хас Сақ, яғни «Нағыз Сақ» – деген мағынаны білдіреді. Бұл дегеніңіз «Азия патшасы» атанған А.Македонскийдің тісі батпаған, басқыншы парсы патшасы Кирдің басын кесіп алып қан толы торсыққа бөктірген, кешегі ХХ ғасырда фашизммен соғыста КСРО-дағы қаншама ұлт пен ұлыстың ішінен суырылып шығып алғаш Рейхстагқа ту тіккен жаужүрек, өз заманында әлемді тітіреткен Сақ ұлысының ұрпағы деген сөз.
Сөз соңын өзің айтқан «Ассалаумағалейкум, ғазиз бауырлар, қандастарым, Алланың атымен болса да бір – бірімізге әділ, шынайы, адал болайық» деген лебізіңнің жәй ғана жел сөз емес, іс жүзінде де шынайы тілек болар деген ниетпен аяқтаймын.
Қали Ибрайымжанов,
тарихшы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Дереккөзі: Мезгіл сайты