Әлімхан Әбжанов: Қылмыстық кодекстегі гуманизм қылмыскерлер үшін жасалғандай...
2018 ж. 24 шілде
4442
0
Қазақстанның танымал спортшысы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің өлімінен кейін Ішкі істер қызметі саласындағы бірқатар кемшіліктер туралы қоғамда көп айталы бастады.
Осыған дейін наразы халық пен қоғам белсенділерінің Ішкі істер министрі, генерал Қасымовтың отставкаға кетуін талап еткендері туралы жазған болатынбыз.
Ішкі істер саласындағы тоқырау туралы әлеуметтік желіде ғана емес, отандық БАҚта да аз жазылып жатқан жоқ. Осыған орай "Қазақ үні" тілшісі "Ақ жол" партиясы Түркістан облысы филиалының төрағасы, полковник Әлімхан Әбжановқа хабарласып, полиция қызметіне қатысты пікірін білген едік.
- Кеңес одағы кезінде 50 сом ұрлаған үшін де қылмыстық жауапкершілікке тартылатын. Біздің заманымызда ұрлық деген ұғымның өзі бізге жат болатын. Ауылда өстік бәріміз. Есікке құлып ілмей-ақ шығып кете беретінбіз. Ал, бүгін жағдай неге күрт өзгеріп кетті? Ол, әрине заңның осалдығы. 1998 жылы Қазақстанның алғашқы Қылмыстық кодексі мен Қылмыстық-процесуалды кодексі қабылданды. Сол кезде көптеген гуманизацияға жол берілді. Жоғарыда отырған азаматтар қамалып жатқандардың санын азайтсақ, қылмыс азайып, халық өзінен-өзі тәрбиеленіп кетеді деп ойлады. Қылмыстық кодекстегі гуманизм қылмыскерлер үшін жасалғандай. Мысалы, үй тонаушы қарақшылар қылмысы қазір өте ауыр қылмысқа жатпайды да, қылмыс үстінде кісі өлтіруге бейім қанішерлер қамауға алынбай қала береді, - деді Әбжанов.
Оның айтуынша, қылмыстық кодекске шұғыл өзгерістер енгізбесе жағдай одан сайын қиындай береді.
- Заңды қатаңдату керек. Полицияға алып келген адамды үш сағаттың ішінде қылмысын анықтап, егер дәлел болмаса босату керек бізде. Үш сағатта не үлгереді анықтап полицей?.. Бұл жағына да мән беру керек, - дейді экс-полицей.
Әбжановтың айтуынша, үлкен қылмыстың барлығы көшедегі ұрлық пен ұсақ заң бұзушылықтардан басталады. Тіпті, мектеп ауласында да төбелесті азайту үшін де бұзақылыққа қатысты заңды күшейту керек. Он төрт жаста болса да, жауапкершілікке тарту керек. Жастайынан тәрбиеге оңай көнбейтін балалар болады. Олармен жұмыс істеу керек, - деп санайды полковник.
Еске сала кетейік, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды.
25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын.
2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.
Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Кейін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдіктінің бірі ұсталып, ол қылмысын мойындады. Күдікті Нұралы Қиясов күзетпен Алмалы аудандық сотына жеткізілген. Ал Денис Теннің өлімі бойынша күдікті екінші адам Арман Құдайбергенов те көп ұзамай ұсталды.
Марқұммен қоштасу Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында шілденің 21 күні өткен болатын. Денис Тен Дружба ауылындағы зиратқа жерленді. qazaquni.kz