Қазақтың үлкен ақыны Жұматай Жақыпбаев «Мұхит жаққа асығады әр өзен, Сол бір ойы және қымбат, және жөн» - деп жырлап еді. Біздің Азамат батыр да сол ұлы атырауға қарай арна сызған мөлдір сызашық. «...Толқындарын шайқалтып, теңіз етсе тәңір етті» - дейтін кезеңге шығып сөйлей алатын суреткер. Алтайдың перзенті. Алтай десе, есіңе не түспейді. Алтайдың жыры түркінің түп-тұқиян, зау-затының үніндей боп естіледі. Азаматтың даусында да осынау Алтайдай асқақ, Алтындай таза кәусар дем бар. Ұлт поэзиясының уызына қанып өскен ұл нені айту керек екенін және қалай айту керек екенін жақсы біледі.
Құлын жастан еру болып көшке мен,
Құтпан айғыр үйірінде өскен ем.
Ұшып бара жатқандағы тырнаға,
Әкем анау, ат үстінен «Қош» деген.
Бұзау тісін қорғасынмен жалатқан,
Қабағынан қырма боран жаратқан.
Тазқарадан тайлық жүнді айырып,
Бие сауым шешетайға сабатқан.
Ақ шетеннен жасатпаған құрығын,
Ат пен қамшы құдай оған,
Бір ұғым!
Жануардың жалын үнсіз құшады ол,
Баппен ғана шешіп өмілдірігін.
Бұл жырда тек түркінің баласы ғана сезіне алатын аңсар, тек ұлы даланың сауырында ғана ғұмыр кешуге лайық салтанатты мұң бар. Осындай жырларды оқығанда, осынау терең болмысқа бойлай алатыныңа, қазақ боп туғаныңа шын қуанасың. Мұндайда қазақ сөзінің құдіретін соншалықты меңгерген жас жүректің лүпіліне, сұңғылалығына тәнті боласың. Азамат – ұлт поэзиясын болашаққа жеткізер алаугер.
Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ,
Ақын, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері
Белгілі ақын, "Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, ҚР Жазушылар одағының Басқарма мүшесі Азамат Тасқараұлының бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынамыз:
ШЫНДЫҚ
Далдалап кемер тауларды,
Даладай көңілі иен моладай қарайып,
Аруана көзінен ақса тек қан ағып,
Көрсоқыр тобырға таланып,
Шындық келеді...
Қазанаспа аузында күн ысып,
Шиыршық атқан қыл арқан екі қолын күйдіріп,
Сонда да аспандай асқақ қарауға тырысып,
Шындық келеді...
Шындық келеді...
Қараңғы қоғамның ұлыған ажалын көп көрген,
Залалын көп көрген,
Басынан мың дәуір өткерген
Шындық келеді...
О, бәлкім, ол ерте түсінген -
Асыл да қардың алдымен,
Алтайдай тауға қонатынын,
Тіпті, Тәңір жұпарлы жусанның арасында да
бір тұтам қара шұбар жылан болатынын,
Тапса егер сорлы адамның Арынан пана табатынын,
Арынан пана таппаса,
Сүйекті де ерітер аңызақ соғатынын...
Шындық келеді!
Бір кездері ол дағы өксіп аққан тұма-тын,
Өксіп аққан тұмаға қаншама адам қанатын.
Бір кездері ол дағы - құла тартқан өзен-ді,
Бұл күндері өзінің еріндері кезерді...
Көшкен күннің қияғына ұзақ қарап, қадалып,
Шындық келеді...
Надан жаққан тезектің түтініне қақалып
Шындық келеді...
Шындық келеді...
Әр адымын аңдыған жұрт
әзәзіл ойларынан суырысып зор қылышты,
бір күні оны да өлтіріп тынатынын ойлаудың өзі
................?
ТАУДА ӨСКЕН ГҮЛ
Тау кезгенге шалқыс та, тартыс та мың,
Кертанаудың тізгінін тарта ұстадым.
Ұясына батты, әне, қызарып Күн,
көрігіне түскендей қарт ұстаның.
Батқан күнмен тау басы көп құбыла,
Тауға қарап күндерім өтті бұла.
Іздейді енді патшасын Жарқанат - Түн,
Түн дегенің - жарықтың жоқтығы да.
Іздейді енді патшасын Жарқанат - Түн,
Қан ізіндей баурайда жол қалатын.
Тауды айналып ұшады ол,
Ұшарына
Қараңғыдан қиғаштап қар жауатын.
Қар жауатын Алтайдың қырқасына,
Сұлулықтың әуелден ілкі осы да...
Тауда өсетін гүлдердің жұпарынан,
Жан бітеді құзар шың ұлпасына.
Кертанаудың тер сүзіп сауырынан,
Тауға апарар тар жолға тағы ұрынам.
Кез түседі есіме кезек-кезек,
Қанат өсіп шығатын бауырынан.
Жартыкеш ай бозарып жайған сағым,
Көз алдымда көлбейді бейғам шағым.
...Тауда ғана өсетін гүл болушы ед,
Сол гүлдерге ауады кейде аңсарым.
ИІС
Қай жаққа ақтың, менің қасқа бұлағым,
Сәлем саған, бетегелі боз далам.
Айналайын, атам жатқан Ұланым,
Іздеп келген өз балаң.
Бұлт боп неге түнердің,
Бар ма алдыңда әлдеқандай жазығым?
Мен бір тапқан күреңмін,
Қайта айналып қазығын.
Ізі қалған қаймалдың,
Ызбан оты қаулаған.
Қасиетті топырағыңнан айналдым,
Менің мынау реңімнен аумаған.
Боз ағашы бөрте қалған күздерде,
Шоқ боп ұшқам томардан.
Бөрі жортқан түздерде,
Бір тағамыз (талтүсте ме?) жоғалған.
Қара өлеңдей – шөптей болсам деп едім,
Қасқа құлын емін-еркін аунаған.
Құс самғаған көктей болсам деп едім,
Қара нөсері жерді оярдай саулаған.
Тайынты-Тарғын... Тау жайлаған бұ жұртта,
Кім, кім өткен, кім өткен?!.
Күннің өзін тегін сөзбен қызарта,
Билер орта гулеткен.
Тауды көрсем қасқайған,
Көргендеймін қарыс маңдай әкемді.
Ат тағалап жастайдан,
Сүйген мынау селеу басқан мекенді.
Қосын тігіп құлан ауған далаға,
Сыры бардай өзі ғана білетін.
Аттың терін алабажақ жағама,
Жаға салып жүретін.
Шыбынды су, шұбар сайым – сағымым,
Сауыр желі кеулеген.
Аттың иісі – арқыраймын – әлі күн,
Бұрқырап кеп кеудеден.
Жүрекке ыстық туған жердің иісі ол,
және мынау мекеннің.
Туған жердің иісі ол,
Иісі ол – менің асқақ әкемнің.
«Аға, аққулар ұшты!»...
Боз қанатын жел қайырған құстай-ды,
Жүрегімнен қайтпай қойды-ау жүз қайғы.
Қарындасым тана көзі жәудіреп,
Түсімде ылғи ескі үйімді нұсқайды.
Ымырт көшіп...
Елестейді там жалғыз,
Сағыныштың әнін салып сан жалбыз.
Жон арқадан қара жаңбыр сорғалап,
Жанжолменен қайда кетіп қалғанбыз?!.
Буырыл талға қаздың үні тамшылап,
Бұлттай басты сеңгірімді сан сұрақ.
Айға қарап ұлиды ұзақ көкбөрім,
Көкірегі тұрса да ылғи қансырап.
Қарындасым, қан жақыным, қарғашым,
Қу басыма сен жыласаң ол да - сын.
Жолсыз күнде терезеге көп қарап,
Көңіліңе қаяу түсіп қалмасын.
Сені сонша сағындыртсам кеш, гүлім,
Бұлқынудан босатпады-ау бес күнім.
Қар жауғанда «Аға, аққулар ұшты!» деп,
Әлі күнге айтады деп естідім.
Кірпігімді ауырлатып күз-ойым,
Күз-ойымды ақ параққа тізейін.
Сәлем жолдап жұлдыз ақсын сен жаққа,
Кеудешемнің бір түймесін үзейін.
ЖАЙЫЛЫМ
Аяңы аққұла аттың кекілқақпай,
Шаршатпай жылдамдайды, не құлатпай.
Ойнақты белден-белге ойыстырсам,
Қариды аңызақ жел бетімді оттай.
Біз жақта әуір, өкпек, ызғырық бар,
Жел сөзге және емеспіз біз кіріптар.
Сай құлдап "Дүния-ай"-ға салған сайын,
Жөңкиді аласұрып күзгі бұлттар.
"Дүния-ай, қудым сені жалықпастан,
Кездерім көп те шығар шалыс басқан.
Ұлардай ұлы Алтайда көп шулаған,
Бұл дәурен барады аттап ғаріп бастан...", -
дегенше азынатып көк қасқасын,
Сәурік сап, үйірінің топтап басын.
Иіскеп насыбайын әпенді қарт,
"Әкеңді бар ғой сенің...", - деп бастасын.
Кербұғы мүйізінен тақысы бар,
Бес-алты тайлы бие ақысы бар,
Атамның ақ шақшасы осы шалда,
Ақсақал не десе де һақысы бар.
Сөз бастап құнан жайлы, құлын жайлы,
Уақытын ұрпағына шығындайды.
Байғыздың үні жетіп, сам жамырап,
Жон-арқам аракідік шымырлайды.
Даламдай дарқан қайдан табам құшақ,
Мен де шат, мал жайғаған бабам да шат.
Отырам ойраншөптен мұрным қышып,
Біртүрлі көпті көрген адам құсап.
ЖОЛБАРЫС
Сүлдерімді сүйретіп кеп жолға айырық,
Тағдыр тоз-тоз еткен кезде бордай қып.
Алтай ауған қызыл жирен жолбарыс,
Ақ сапарға бастайды ылғи алты айлық.
Сондай кезде дұға тілеп дала сан,
Сол қолыма Ай қонады, Сана - шам.
Көкірегімнің түп иісін танытып,
Сөз бүрлейді көзіне оның қарасам.
Қапы кетсем азуыма қаяу түс,
Жау дегенде білген бе еді аяуды іш?!.
Кеудем ішін қан-қан қылып тырнайды ол,
Тұрпаты най, сойдақ тырнақ, сояу тіс.
Мен бақсының қос иығына шөк, тұман,
Жолбарысым салғысы бар көкке лаң.
Жеті түнде жұлдыз түсін жамылып,
Жон терісін қанжыға етсем - кеш Ұлан.
Бұл дәуірде мендей ғаріп жоқ, мейлі,
Бір хайуанның жыртқыштығы-ай... жетпейді.
Ақырғанда айдай жерге от шарпып,
Өзегімнен өкпек шағым өтпейді.
Жолбарысым, пысқырмаған мұң-даққа,
Мен де ақыры таусылам бір ырғақта.
Сол кезде, аң-ау, атыларсың кеудемнен,
Сәулесімен арбап жатқан Күн жаққа.
АЛТАЙ
Алтай таудың бөктері,
Кімдер келіп кетпеді.
Жарау тартып жылқыдай
Жер көксеуім өтпеді.
Өткен күннен орасақ,
Саған болып алашақ -
Шаңырағын иді әкем,
Күнгей жерден ағаш ап.
Алтай таудың ұшары,
Қобыз күйім құсалы.
Жусан түбін босатып,
Созаң торғай ұшады.
Шеше иіскеп маңдайдан,
Әкем қағып арқамнан.
Теріс біткен бұтаққа
Қан жиренді қаңтарғам.
Алтай Алтай болғалы,
Алып құстар қонғалы.
Тәңір тұттық біз де оны,
Тамыр тартты ол дағы.
Табан тілген тас-құмы,
Кіл қара жал қасқыры.
Қаһарынан айналдым,
Қара Ертістің тасқыны.
Сусап қалған серегің,
Борт-борт саған келемін.
Орман болып тәу етер,
Оман дариям сен едің.
Алтай тауым - өрлігім,
Тау көрмесем шерлімін.
Мүйіз төсеп толқынға,
Күн жайлатқан кербұғың.
Ескі жарам қанап бір,
Алыс кетсем тағат қыл.
Ақ селеуің үкісін
Жүрегіме қадап тұр.